• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 08:03

Ғылым мен инновация – стратегиялық басымдық

30 рет
көрсетілді

Ел дамуының жаңа кезеңінде ғылым мен инновацияның маңызы бұрынғыдан да арта түсері анық. Бұл бағыт­ты жүйелі түрде дамыту – мемлекеттің басты стратегиялық басымдық­тарының біріне айналды. Олжас Бектенов төрағалық ет­кен Үкімет отырысында жаңа Конституцияда айқын­дал­ған елдің ұзақмер­зім­ді даму бағдарымен сабақтас ин­но­ва­цияларды ілгерілету мә­се­лесі жан-жақты қаралды.

«Ғылым мен инновацияны дамыту жаңа Конституцияда мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп танылды. Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында инновациялар еліміздің теңдессіз басымдықтары ретінде айқындалғанын айтты. Экономика салаларындағы жетістіктер мен табыстардың дені инновациялық дамудың ауқымы мен қарқынына тікелей байланысты. Инновациялар еңбек өнімділігін арттыруға әрі жоғары технологиялық жұмыс орындарын құруға негіз болады»,  деді О.Бектенов.

Мәселен, Президент тапсырмасымен кейінгі алты жылда республикалық бюджеттен ғылымға бөлінетін қаржы алты есе өсті. Мемлекет ғылым мен инновацияны дамытуға қолайлы жағдай жасап жатыр.  Бүгінде ғылымды қолдау тек қаржыландырумен шектелмей, жүйелі ынталандыру шараларымен жалғасып келеді. Мысалы, осы жылдың 1 қаңтарынан ба­­­­­­стап ғылыми әзірлемелерге жеке инвес­тиция тартуды күшейту үшін ерекше салық жеңілдіктері енгізілді. Енді компаниялар ғылымға жұмсаған шығындарының 300%-ына дейінгі көлемін салықтық шегерім ретінде есептей алады. Бұл – ғылымға қаржы салуды әлде­­қайда тиімді ететін маңызды қадам. Сонымен қатар Бюджет кодексіне енгізілген жаңа талапқа сәйкес жер қойнауын пайдаланушы компаниялар кен өндіруге жұмсайтын шығындарының 1%-ын ғылым мен инновацияны дамытуға бағыттауға міндеттелді. Яғни ірі өндірістік сектор енді ғылымды қаржыландырудың тікелей қатысушысына айналып отыр. Инновациялық экожүйені дамыту бағытында да нақты ілгерілеу бар. Венчурлік қаржыландыру құралдары кеңейіп, технологиялық брокерлік пен бизнес-акселерация­ны қолдау күшейтілді. Ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлініп жатыр. Енді гранттық қаржыландыру аясында жүзеге асатын жобаларға бизнес те белсенді қатысуға тиіс. Атап айтқанда, коммерцияландыру жобаларында кәсіпкерлердің үлесі кемінде 25% болуы талап етіледі.

Елімізде өңірлік ғылымды дамытатын құқықтық және бюджеттік база құрылды. Ғылыми жетістіктер көрсеткіші өңірлерді дамыту жос­парларына енгізілді. Премьер-министр оны, сондай-ақ облыс­тармен қатар әкімдердің де рейтингілеріне қосуды тапсырды. Жуырда қабылданған «Ғылымды шоғырландыру аумақтарын құру» тұжырымдамасы технологиялар мен инновациялардың дамуына тың серпін береді. Олардың қатарында Курчатовтағы ғылыми қалашықты, сондай-ақ Алматыдағы Ядролық физика институты мен Астана­дағы «Назарбаев университеті» база­сын­дағы екі технологиялық парк бар.

Барлық әкімдіктерте әр облыс­тың нақты салалық ерекшелік­терін ескере отырып, өңірлік иннова­циялық жүйелерді қалыптастыру тапсырылды. Салаға инвестицияны еселеп арттыру, соның ішінде жеке кәсіпорындар мен отандық биз­нестің есебінен жүзеге асыруды қол­ға алып, инновация субъектілері ара­сындағы ұзақмерзімді байланыс­тарды дамытуға баса назар аудару қажет.

«Мемлекет басшысы жақында өткен ғылыми қоғамдастықпен кезде­суінде ғылымды қаржылан­дыру мен жаңа технологиялар ен­гізуден нақты нәтиже күтетінін баса айтты. Ғылым министрлігі Ғылым академиясымен, ғалымдармен және бизнес-қауымдастықпен бірлесіп, бір ай ішінде ғылыми-инно­вациялық қызметтің тиімді­лігін арттыру жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын дайындауы қажет. Бұл құжатта нәтижеге негізделген көрсеткіштер, цифр­ландыру аясындағы шаралар мен барлық қатысушылардың жауапкершілігі айқындалуға тиіс», деді Премьер-министр.

Өңір әкімдіктеріне ғылым мен инновацияларды қаржыландыруды кезең-кезеңімен ұлғайтып, оны 2029 жылға қарай жалпыөңірлік өнімнің кемінде 1%-ына жеткізу тапсырылды. Бұдан бөлек, 2035 жылға қарай инновациялық өнімдердің үлесін ішкі жалпы өнімнің 3%-ына дейін ұлғайтуды қамтамасыз ету қажет. Ол үшін инновация саласында бірқатар жүйелі мәселелерді  шешу керек.

Атап айтқанда, кейінгі жылдары бұл сала институционалдық жүйесіздікке тап болып отыр. Соған қарамастан дамып жатыр.  Әсіресе өңірлер тарапынан өз бетінше жұмыс жүргізілмегені анық көрінеді. Сондай-ақ инновациялық жүйеге қатысушылар арасында басымдықтардың тым көп екендігі де байқалады. Өнеркәсіптік кәсіпорындар, ғылыми ұйымдар мен салалық министрліктер даму бағыттарын әрқайсысы өз алдына айқындайды. Жалпы, мемлекеттік деңгейде біртұтас нақты бағыт жоқ. Бұл жұмыстың тиімділігін төмендетеді. Мысалы, қолданбалы ғылымға бөлінетін мемлекеттік қаржыландыру көлемін өсіру оның тиімділігін жақсартпайды. 

«Қолданбалы зерттеулер мен экономикалық үдерістерді жүйелі түрде сабақтастыру, өндірісті оқшаулау мен жаңғыртуды ынталандыру, экспортқа бағдарланған технологияларды дамыту қажет. Бізге жекелеген идеялар мен тәсіл­дер емес, инновациялардың өнер­кәсіп­тік әлеуетті дамытуға нақты үлес қосқаны қажет», деді Үкімет басшысы.

Отырыс қорытындысында Премьер-министр ғылым мен инновация саласын жүйелі дамытуға бағытталған нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл тапсырмалар енді тек бастамалар деңгейінде емес, нақты мерзімі мен жауапты органдары айқындалған практикалық қадамдарға айналып отыр. Ең алдымен, Ғылым министрлігіне мүд­делі мемлекеттік органдармен бір­лесіп, небәрі 3 күн ішінде Үкімет жанынан инновациялық штаб құру тапсырылды. Бұл штаб са­ланы ведомствоаралық деңгей­де үйлестіріп, маңызды технология­лық басымдықтарды айқындауға тиіс. Штабтың жұмысына Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жетекшілік етеді. Оның негізгі міндеті – инновациялық экожүйеге қатысушылардың барлы­ғын, яғни, ғылым, бизнес және өн­діріс өкілдерін бір мақсатқа жұмыл­дыру. Идеяның пайда болуынан бас­тап, нақты өнім шығаруға дейінгі бүкіл кезеңді қамтитын толық цикл қалыптастыру көзделіп отыр.

Сонымен қатар кәсіпорындар­дың инновациялық белсенділігін арттыруға маңызды қадам жасал­мақ. Биылғы 1 маусымға дейін елі­міз­дегі барлық өндіріс орындары­ның технологиялық даму деңгейіне және инновациялық қызметіне кешенді түгендеу жүргізу тапсырылды. Бұл – қай салада қандай әлеует бар екенін, қай жерде әлсіздік барын нақты анықтауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, сол мерзімге дейін Инновацияларды дамыту тұжырымдамасын әзірлеу міндеті қойылды. Құжатта елге қажетті салалар мен технологиялар айқындалып, ғылым мен өндірістің тоғысатын негізгі бағыттары белгіленуге тиіс.

Тағы бір маңызды жаңалық – цифрлық басқару тетіктерінің енгізілуі. Ғылым және Жасанды интел­лект министрліктеріне сала­лық ведомстволар мен әкімдіктер­мен бірлесіп, 1 шілдеге дейін иннова­циялық жобаларды тіркеу, қолдау және мониторинг жүргізуге арналған «бірыңғай терезе» қағидатымен жұмыс істейтін цифрлық платформаны іске қосу тапсырылды. Бұл платформа әзірлеушілерді, технологияларды және инвесторларды бір ортаға жинап, ақпаратты ашық әрі қолжетімді етуге бағытталған. Сонымен қатар инновациялық жобал­ардың ұлттық тізілімін құру жоспарланып отыр. Онда барлық жобалар, оларды жүзеге асырушылар және әлеуетті инвесторлар туралы мәліметтер жинақталады. Бұл өз кезегінде ғылым мен бизнестің арасындағы байланысты күшейтіп, жаңа жобалардың тезірек жүзеге асуына жол ашады.

Соңғы жаңалықтар