Түркістан облысы Шардара ауданында 70 жастағы денсаулығы нашар әкесін жүйелі түрде ұрып келген Алмас Садақбаевтың жазасы қатаңдатылды. Түркістан соты прокуратураның апелляциялық өтінішхатын қарап, жаза мерзімін 5 жылдан 6 жылға ұзартты, деп жазады Egemen.kz.
«Сотталған азаматтың жаза мерзімі ұлғайтылды: 5 жылдың орнына 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал айыптау баптары өзгеріссіз қалды («Азаптау» және «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру»), алайда жаза қатаңдатылды», делінген облыстық сот таратқан хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Алмас Садақбаев сот барысында айыбын мойындаған. Ал мемлекеттік айыптаушы сотталушыны 6 жыл 2 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.
Істі жүргізген судья айыпталушының бұрын сотты болмағанын, кәмелетке толмаған балаларының барын және әрекетін мойындап, өкініш білдіргенін ескеріп, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған еді.