Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов еңбекақы қорына түсетін салықтар мен міндетті төлемдерді жеңілдетуді ұсынып, Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, қазіргі жүйеде жұмыс беруші еңбек қатынастарын неғұрлым ашық әрі заңды рәсімдеген сайын, шығыны арта түседі. Бүгінде жалақыдан түрлі есептеу тәртібімен 7 түрлі салық пен төлем ұсталады, деп жазады Egemen.kz.
Депутат келтірген дерекке сүйенсек, орташа жалақы 430 мың теңге болған жағдайда жұмыс беруші шамамен 146 мың теңгені салықтар мен аударымдарға жұмсайды. Нәтижесінде қызметкердің «қолына тиетін» жалақысына түсетін жиынтық жүктеме 41%-дан асады. Бұл көрсеткіш жалдамалы жұмысшылар үшін жеке кәсіпкерлермен салыстырғанда 2,5 есе, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға қарағанда 9 есе жоғары.
«Бүгін біз таңдау алдында тұрмыз: не адал еңбек ең қымбатқа түсетін жүйені сақтаймыз, не шындықты мойындап, төмен мөлшерлеме арқылы кең салық базасын қалыптастырамыз», деді депутат.
Қошмамбетовтің айтуынша, қазіргі салық саясаты еңбекке қарағанда пайда мен дивидендтерге жеңілірек. Мысалы, еңбекақыға түсетін жүктеме шамамен 40% болса, дивидендтерге салынатын салық 25% деңгейінде. Бұл жағдай экономикаға «жұмыс орнын ашудан гөрі табыс табу тиімді» деген сигнал береді.
2025 жылдың екінші тоқсанының деректеріне сәйкес, елде 9,3 млн адам жұмыспен қамтылған: оның 7,1 миллионы жалдамалы қызметкерлер болса, 2,2 миллионы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Алайда бұл көрсеткіштер зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелеріндегі нақты қамтумен толық сәйкес келмейді. Сонымен қатар 2024 жылы Қазақстан ІЖӨ-нің көлемі 137 трлн теңгеге жеткенімен, оның құрылымындағы еңбекақы үлесі небәрі 31% болған.
Елімізде жалақысын ала алмай жүрген азаматтарға 253 млн теңге төленді
Осыған байланысты депутат еңбекақы қорына түсетін барлық салықтар мен төлемдерді біріктіріп, шағын бизнес үшін 20-25% көлемінде бірыңғай мөлшерлеме енгізуді ұсынды. Оның пікірінше, мұндай тәсіл:
Жұмыс берушілер үшін есеп жүргізуді жеңілдетеді; Көлеңкелі еңбек нарығын қысқартады; Зейнетақы және әлеуметтік төлемдер базасын кеңейтеді.Сарапшылардың бағалауынша, бұл бастама бюджет кірісін де арттыруы мүмкін. Мәселен, айлығы 200 мың теңге болатын 500 мың адамды ресми тіркеудің өзі шамамен 300 млрд теңге қосымша түсім әкеледі. Ал бейресми сектор толық қамтылса, бұл көрсеткіш 1 трлн теңгеден асуы ықтимал.
Депутат халықаралық тәжірибеге де тоқталып, Эстония, Ұлыбритания, Австралия және Финляндия секілді елдерде төмен мөлшерлеме мен кең салық базасы тиімді нәтиже бергенін атап өтті.
Жаңа Салық кодексі: Интернет-платформа операторларына қойылатын талаптар өзгермек
Сөз соңында Айтуар Қошмамбетов Үкіметтен бірыңғай төлем жүйесінің нәтижелері туралы есеп беруді, барлық төлемдерді 20-25% мөлшерлемемен біріктіру мүмкіндігін қарастыруды және ұсынылып отырған реформаның экономикалық әрі әлеуметтік әсеріне жан-жақты талдау жүргізуді сұрады.