Биылғы бірінші тоқсанда бюджет кірісі артып, инфляция қарқыны біршама баяулағаны байқалды. Сарапшылар мұны ҚҚС мөлшерлемесінің өзгеруінен кейінгі қысқамерзімді баға өсімінің әсері біртіндеп басылғанымен байланыстырады. Былтырғы жылдың соңы мен биылғы қаңтар-ақпан айларында бұл фактор экономикаға сіңіп, қазір инфляцияға айтарлықтай ықпал ете қоймады.
Жедел деректерге сәйкес биылғы 1 тоқсандағы мемлекеттік бюджет кірісінің атқарылуы (трансферттерді есептемегенде) 104,4%-ды құрады. Жоспардағы 6 176,2 млрд теңгенің орнына бюджетке 6 444,9 млрд теңге түскен. Асыра орындау – 268,7 млрд теңге.
Өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда мемлекеттік бюджет кірісі 930,6 млрд теңгеге немесе 16,9% ұлғайды. Кіріс жоспарының асыра орындалуы республикалықта, жергілікті бюджеттерде де тіркелді. Айта кету керек, биылға арналған салық түсімдерінен республикалық бюджеттің кірісі 18,886 трлн теңге сомасында жоспарланып отыр. Бұл былтырғы нақты түсімнен 4,4 трлн теңге жоғары.
Атап айтқанда, республикалық бюджеттің кірісі 101,8% орындалды. Жоспардағы 4 085,6 млрд теңгенің орнына 4 159,4 млрд теңге түсті. Өткен жылғы өсім – 26,1%. Бұл көбіне әлемдік нарықтардағы еліміздің негізгі экспорттық тауарларына бағаның өсуіне, былтырғы 4 тоқсанда ЭШФ жүйесінде тіркелген тауарлар мен қызметтерді өткізу көлемінің артуына, сондай-ақ салықтық, кедендік әкімшілендіру нәтижесіне байланысты.
Республикалық бюджет кірісінің негізгі бөлігін құрайтын салықтық түсімдер (98%) 101,6% орындалды. Жоспардағы 4 012,8 млрд теңгенің орнына 4 077,6 млрд теңге түсті. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда өсім 31,5%-ды құрады. Бұл ретте былтырғы IV тоқсанға (2026 жылғы 25 ақпанға дейін) ҚҚС төлеу мерзімі биылғы қаңтар-наурызға келгенін ескеру қажет. Тиісінше, ҚҚС-тың салық міндеттемелері 12% мөлшерлемеге сәйкес жүргізілді.
Былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда өсім импортталатын тауарларға КТС (+16,9%), ҚҚС (16% мөлшерлемемен есептелген) (+24,2%), пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық (+35,7%) сияқты ірі салықтар есебінен қамтамасыз етілді. Жергілікті бюджеттердің кірісі 109,3% орындалды. Жоспардағы 2 090,6 млрд теңгенің орнына 2 285,5 млрд теңге түсті. Өткен жылғы өсім – 3,1% (+68,8 млрд теңге).
Жыл басынан бері өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режімінде 392 мың жеке тұлға тіркелген. ҚҚС төлеушілер саны 10 мың субъектіге артты.
Бірінші тоқсанның қорытындысында инфляцияны төмендетудің тұрақты үрдісі сақталып отыр. Наурызда инфляция қарқыны қаңтар-ақпандағы 1,0-1,1%-бен салыстырғанда 0,6%-ға дейін баяулады. Ұлттық экономика министрлігінің болжауынша, 2027 жылдың басында инфляцияның бір мәнді деңгейіне шығу ықтималдығы жоғары.