• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Айбын Бүгін, 08:35

Мергендер мерейі

10 рет
көрсетілді

Қазақстан құрамасы Дубай қаласында өткен әлемнің үздік арнайы жасақтары арасындағы «UAE SWAT Challenge» деп аталатын додада ел намысын абыроймен қорғап, жарысты айқын жеңіспен аяқтап келгені белгілі. Сол команда сапында жеңісті бір табан жақындатқан қарағандылық Әмірхан Махатов пен Ердәулет Жанғали есімді жауынгерлер де бар.

«UAE SWAT Challenge» – тактикалық операциялар, ғимарат пен мұнараны басып алу, кепілге алынғандарды және офицерлерді құтқару, сондай-ақ кешенді кедергілер жолағынан өту секілді бес күрделі кезеңнен тұратын халықаралық жарыс. Бұл сын алаңында күш пен шапшаңдық қана емес, командалық рух пен стратегиялық шешім қабылдау да қажет. Елдің намысын қорғаған арнайы жасақ әлемнің назарын өзіне осылай қаратты. Бұл – әрине, облыстық полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторы, полиция капитаны, мерген Әмірхан Махатов пен Қарағанды қаласындағы 5450 әскери бөлім капитаны, мерген Ердәулет Жанғали секілді жігіттердің мығым дайындығымен, қайсар рухымен келген жеңіс.

Аға инспектор Әмірхан Ерсайынұлы­ның бұл – алғашқы ауқымды додасы емес. Ол – тәжірибелік атудан спорт шебер­лі­гіне үміткер, республикалық және ха­лық­аралық турнирлердің жеңімпазы. Мұ­нымен қоса жастайынан дзюдомен жат­тығып, бұл спорт түрінен де талай бәсе­кеде топ жарды.

 «Арнайы бөлімшелер арасындағы бұл жарыс – мергендік пен жылдамдықтың ғана емес, темірдей тәртіп пен мінсіз ко­мандалық үйлесімнің сынағы. Бағ­дар­лама бес күрделі кезеңнен тұрады, әрқайсысы шынайы операцияға барынша жақындатылған. Алғашқы жаттығуда бір мерген мен төрт шабуылдаушы көліктен түсіп, кедергілерден өтіп, ғимаратқа шабуыл жасайды. Мерген мылтықпен және тапаншамен атып, топқа белгі береді. Соңында нысаналарды әр қалыпта көздеп, шартты түрде жараланғандарды тасымалдаумен аяқталады», дейді мерген Әмірхан Ерсайынұлы.

Екінші кезең – кепілге алынған адамды босату. Мерген 60 метр қашықтықтағы нысананы бір оқпен құлатуға тиіс. Сол сәттен бастап ша­буыл тобы ғимаратқа кіріп, бөлмелердегі тек негізгі нысаналарды жояды. Үшінші жаттығуда мерген 2 сантиметрлік шағын нысаналарды дәл ортасынан атуы керек, ал топ кедергілерден өтіп, бірнеше позициядан нысаналарды көздейді. Кейін «жараланған» мергенді құтқарып, ауыр жүктi бірге тасымалдайды. Төртінші кезеңде екі мерген мен үш шабуылдаушы алыс қашықтықта атып, көпқабатты ғимаратта әрекет етеді. Биіктік пен шаршауға қарамастан, тапсырманы орындап, ортақ мәреге жетуге тиіс. Бесінші жаттығу – қарусыз кедергілер жолағы. 21 кедергіні бүкіл команда бірге өтеді, соңғы адам жеткенде ғана уақыт тоқтайды.

Бұл бес сынақ дәлдік, төзімділік, такти­ка­лық ойлау мен командалық бірлікті қатар тексереді. Осындай күрделі тапсыр­ма­лар­­­ды шебер орындап шыққандардың бірі қарағандылық мерген Ердәулет Жанғали еді. Әскери сала – оның бала күн­гі арманы. Теледидардан әскери бағ­дар­ламаларды көріп, «осындай форма киіп, елге қызмет етемін», деп өзіне серт беріп өскен көрінеді. Бүгінде сол арманы шындыққа айналып, ол Отан алдындағы жауапты міндетін адал орындап жүр.

Арманы асқақ ол Ұлттық ұлан академиясына оқуға түседі. Жас офицер еңбек жолын Астана қаласындағы 5573 әскери бөлімінде командир қызметінен бастайды. Былтыр Қарағанды қаласындағы 5450 әскери бөліміне ауысып келіп, абы­ройлы қызмет атқарып келеді. Спорт – оның өмірінің ажырамас бөлігі. Ердәулет негізінен шаңғы жарысымен айналысады. Қысқы президенттік көп­сайыс жарыстарына тұрақ­ты қатысып, жүлделі орын­дар алып жүр. Сонымен қатар жеңіл атлетика бойынша Қарағанды об­лы­сының чемпионы атанды. Қазіргі таңда мерген ретінде қызмет атқарады. Бұл бағытта да өзінің кәсіби деңгейін халықаралық жарыстарда дәлелдеп, жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.

 «Жарыстың атмосферасы ерекше. Ережелер қатаң, талаптар бұрынғыдан да күрделі бола түсті. Бес күн бойы әр күннің өз шарты, өз сынағы бекітілді. Мерген ретінде мен үш қалыпта – жатып, отырып және тұрып аттым. Әр қалып дәлдік пен тұрақтылықты талап етеді. Нысаналарды орындаған соң бірден жүгіріп келіп, 80 килолық манекендерді көтеріп, мәреге жеткізу керек. Яғни мерген тек нысана көздеумен емес, күш пен төзімділікпен де сыналды. Екінші күні бес қабатты ғимаратқа көтеріліп, 60 метр қашық­тықтағы нысананы бір оқпен құлату тапсырылды. Сол бір оқ бүкіл коман­даның қозғалысын шешеді – нысана құламайынша топ алға жылжымайды. Бұл үлкен жауапкершілік жүктейді. Үшінші күн ең қиын кезеңдердің бірі болды: 60 метр қашықтықта диаметрі 3 сантиметрлік қара шеңбердің дәл ортасына төрт рет тигізу керек. Аз ғана қателік – нәтиже есептелмейді. Төртінші күні қашықтық ұзарды: алдымен 100 метрден үш нысана, кейін бесінші қабатқа көтеріліп, 300 метр­­ден екі нысананы атуымыз керек. Шаршаған күйде дәлдік сақтау оңай емес. Бесінші күн – күш пен намыстың сынағы. Қарусыз кедергілер жолағы, жоғары жүктеме, тек командалық рухқа сүйенесің. Осы бес күнде біз жоғары нәтиже көрсетіп, барлық қиындыққа төтеп бердік. Соның арқасында жеңіске жеттік. Бұл – табандылық пен бірліктің жеңісі», дейді Ердәулет Жанғали.

Жеңіспен оралған Қазақстан құра­ма­сын ел айрықша құрметпен қарсы алды. Командир Ердәулет Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен,  ал Әмірхан Ерсайынұлы Мемлекет бас­шысының Алғысхаты мен Ішкі істер министрлігінің «Құқық тәртібін қам­тамасыз етуге қосқан үлесі үшін» меда­лі­мен марапатталды.

Ел командасының жеңіске жетуіне үлестерін қосқан қос қарағандылық жауынгер «Көк ту биікке көтерілгенде, көзге еріксіз жас келді» дейді. Елге деген махаббатың ең биік көрінісі – осы. Жігерлі жігіттер мен қайратты қазақ қыздары – намыстың наркескеніндей, рухтың байрағындай. Жаса, қазақ жауынгері!

 

Қарағанды облысы 

Соңғы жаңалықтар