«Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен Астанадағы Ұлттық музейдің мәжіліс залында «Батаменен ел көгерер» атты республикалық батагөйлер байқауы қорытындыланды. Салтанатты жиында Мәжіліс депутаттары Жигули Дайрабаев, Ерболат Саурықов, сондай-ақ «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қуаныш Сейітжанов сөз алып, байқау жеңімпаздарын марапаттады.
Қуаныш Сейітжанов байқау Әділетті Қазақстан, Адал азамат секілді құндылықтарды дәріптеу, қазақ халқының рухани мұрасы – бата беру дәстүрін жаңғырту және жас ұрпақтың бойына тәрбиелік мәні жоғары сөз өнерін сіңіру мақсатында ұйымдастырылғанын атап өтті. Ол ауыл мен Астана арасындағы рухани көпір, дәстүр дәнекері болып ауыл-ауылдан келген батагөйлерге алғыс айтып: «Бата – ағайынның арасындағы ақ тілек қана емес, елдік мұраттың жаршысы. Сол себепті 2024 жылы партиямыздың бастамасымен «Батаменен ел көгерер» байқауын бастадық. Алғашқы кезде қалай болады екен, батагөйлер бар ма екен деген күмән болды. Құдайға шүкір, «ел іші – өнер кеніші» екен. Осы күнге дейін, үш жылдың ішінде 900-ден астам бата партиямыздың қорына келіп түсті», дей келіп, биыл да қазылар алқасының шешімімен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан байқау жеңімпаздары анықталғанын атап өтті.
Ерболат Саурықов байқауда арнаулы жүлделерге ие болған Жетісу облысы Қаратал ауданы Кәлпе ауылының тұрғыны Алмахан Шәкиеваға, Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданы Көкжота ауылының тұрғыны Аян Қалымбекке және Астана қаласының тұрғыны Нұрымжан Алдабергеновке демеушілер атынан сый-сияпаттар табыстады. Ал байқауда бірінші орын иеленген Қонаев қаласының тұрғыны Берік Байлов, екінші орынға ие болған Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылының тұрғыны Жексенбай Алғазин және үшінші орынды қанағат тұтқан Жамбыл облысы Жуалы ауданы Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Сейітқазы Медетбекті Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев марапаттап, қаржылай сертификаттар ұсынды.
«Ұлттық музей төрінде ұлттық дәстүрімізді дәріптеген батагөйлер байқауының қорытындысы шығарылып отыр. Байқау екі-үш жылдан бері өзінің өміршеңдігін танытып жатыр. Батагөйлер байқауы ұлттық руханиятты жаңғыртуға, халықтық дәстүрлерді кеңінен насихаттауға, сондай-ақ батагөйлер өнерін дәріптеуге мол үлес қосып келеді. Сол себепті болашақта байқауды бұдан да байытып, жүлде қорын көбейтуді жоспарлап отырмыз», деген Жигули Дайрабаев іс-шараға атсалысқан барша батагөйге ризашылығын білдірді. Салтанатты марапаттаудың соңы жыршы-термешілердің «Аталар сөзі – асыл мұрамыз» атты концерттік бағдарламасына ұласты.