Ертіс бойы шетелдік инвесторлар көз тіккен экономикалық тиімді алаңға айналып отыр. Қазір өңірдің инвестициялық пулында жиынтық сомасы 7,4 трлн теңгеге 140 жоба бар. Бұл көрсеткіш облыстың ғана емес, тұтас еліміздің дамуына жан-жақты ықпал ететіні анық.
Павлодар – еліміздегі ірі индустриялық орталықтың бірі. Кейінгі жылдар дерегінде болашаққа бағдарланған көптеген жоба іске асырылатыны айтылған. Әсіресе өнеркәсіп, ауыр өндіріс, мұнай-газ бен ферроқорытпа саласына сырттан айтарлықтай инвестиция құйылып жатыр.
Облыс әкімдігінде өткен өңірлік инвестициялық штабтың кезекті отырысында экономиканы әртараптандыруға бағытталған жобалар қаралды. Отырыста Екібастұз қаласы әкімдігінің жаңа жобаларын облыстың даму жоспарына енгізу жөніндегі ұсыныстар талқыланды.
Екібастұз – ел энергетикасының жүрегі ғана емес, бүгінде отын кешені мен металлургия саласындағы маңызды индустриалдық өңірге айналып келеді. Кейінгі жылдары ірі өндірістердің ашылуы нәтижесінде экономикасы өрістеп, қазынаға түсетін қаражат та еселене түскен. Ұлттық экономика министрлігі наурыз айында елдегі моноқалалар тізімін жаңартып, одан Екібастұзды алып тастағаны мәлім. Оның себебі, енді бұл шаһар – әртараптандырылған экономикасы мен табысты дамып келе жатқан кәсіпкерлігі бар, қомақты инвестициялар ағынына ие индустриялық орталық. Бұрын тек көмір өндірісі мен энергетикалық нысандарға тәуелді болып келген қалада жаңа жобалар үсті-үстіне жүзеге асып жатыр. 2025 жылдың қорытындысында шаһардағы өнеркәсіп өндірісі 1,6 трлн теңгеге жетті. Бұл – өңірдегі барлық қала арасындағы ең жоғары нәтиже. Ал Павлодар облысының өнеркәсібіндегі Екібастұздың үлесі 40 пайыздан асады. Жоспарланған 737 млрд теңге инвестиция көлемі іс жүзінде 1,5 трлн теңгеге жетіп, жоспарланғаннан екі есе асып түсті.
Мамандар қаланың әлеуметтік өмірінде де ауқымды өзгеріс болып жатқанын айтады. Жыл сайын тұрғындар игілігіне 87 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріледі. Құрылыс көлемі 124 млрд теңгеге жетті. Кейінгі бес жылда 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, бюджет кірісі 69 млрд теңгеге дейін өскен. Сарапшылар 2023–2024 жылдары алғашқы нақты нәтижелердің тіркелгенін, екі жылда қаланың жаңа, тұрақты жұмыс істейтін экономикалық моделі қалыптасқанын атап өтті. Бұл модель алдағы уақытта да кеңейе береді, оған Екібастұздың мүмкіндіктері толық жетеді.
Жиында шаһардың терең өңдеу, энергетика мен цифрлық экономикаға басымдық беретін индустриялық орталық ретінде қалыптасып жатқаны аталып өтті. Екібастұз бойынша жалпыұлттық пулда 6,4 трлн теңге болатын 21 жоба іске асырылып жатыр. Қосымша инвестициялық штабта жалпы құны 500 млрд теңгеден асатын тағы 8 жобаны енгізу ұсынылды. Бұл жобалар шамамен 1 мың тұрақты жұмыс орнын және құрылыс кезеңінде 2 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейді.
– Жобалар төрт негізгі бағытты қамтиды. Цифрлық экономика саласында инвестиция көлемі 196 млрд теңгені құрайтын, 250 жұмыс орнын ашатын деректерді өңдеу орталықтары алқабын салу жоспарланып отыр. Бұл өңірді жаһандық цифрлық нарыққа интеграциялауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті облыс әкімі Асайын Байханов.
Өнеркәсіп саласында алюминий зауытын, көмірді байыту мен жартылай кокс өндіру нысандарын салу көзделген. Бұл жобалар бойынша инвестициялардың жалпы көлемі 200 млрд теңгеден асады. Яғни шикізаттық модельден құны жоғары өнім өндіруге көшу деген сөз бұл. Энергетика саласында қуаты 350 МВт болатын ЖЭО мен қуаты 100 МВт болатын ілеспе газдарда жұмыс істейтін станса салу жоспарланған. Жалпы алғанда 450 МВт жаңа генерация іске қосылып, бұл өнеркәсіптің одан әрі өсуіне резерв қалыптастырады.
Сондай-ақ экономиканың тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін асфальтбетон зауыты мен жанар-жағармай бекетін салу және іске қосу жоспарланып қойған.
– Жобаларды іске асыру Екібастұз қаласындағы өнеркәсіп өндірісінің көлемін 1,6 трлн теңгеден 2 трлн теңгеден астам деңгейге дейін ұлғайтып, 25-30 пайыз өсімге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қала бюджетіне қосымша салық түсімдері 8-12 млрд теңге деңгейінде болжанып отыр. Бұл жекелеген жобалар туралы емес, заманауи энергетикасы, терең өңдеу саласы мен цифрлық инфрақұрылымы бар Екібастұздың жаңа индустриялық бағытын қалыптастыру туралы, – дейді өңір басшысы.
Талқылау барысында Асайын Байханов жобаларды жан-жақты пысықтау қажеттігіне назар аударды. Атап айтқанда, деректерді өңдеу орталықтары алқабы үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның дайындығы, жобаларды білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселелері көтерілді.
Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында ірі инвестицияларды тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту, тау-кен металлургия кешенін жаңғырту әрі инновациялық технологияларды енгізу туралы нақты тапсырмалар бергені мәлім. Бұл тұрғыда өңіріміздің өндірістік және инвестициялық әлеуеті жоғары деп айтуға толық негіз бар. «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының инвестициялық портфелі 600 млрд теңгеге жетіп жығылады. Оның аумағында 36 қатысушы тіркелген және алдағы бес жылда металл конструкцияларын, полимер түйіршіктерін, целлюлоза, жоғары кернеулі изолятор, басқа да өнімдер шығаратын жобалар іске асырылмақшы. Арнайы экономикалық аймақтың тиімділігін арттыру мақсатында қатысушылардың өз міндеттемелерін орындауына бақылау күшейген, жобаларды іріктеу критерийлерін кеңейту жөнінде шаралар қабылданған. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібіне де жаңа серпін берілмек. Былтыр өңір республикада өңдеу секторының өнім көлемі бойынша алғашқы бестікке енді. Оның көлемін арттыруға аймақта резервтер жеткілікті. Негізі облысқа келіп жатқан инвестициялардың басым бөлігі өнеркәсіп саласына, оның ішінде өңдеу мен тау-кен өндіру өнеркәсібіне тиесілі екенін атап өткен абзал.
Инвесторлардың өнеркәсіпке деген жоғары қызығушылығы заңды деп ойлаймыз. Павлодар облысында өңдеу және тау-кен өнеркәсібі кәсіпорындары, бай минералды-шикізат базасы, дамыған энергетикалық инфрақұрылым шоғырланған. Инвесторлар үшін бұл ең әуелі энергияға жұмсалатын шығындардың арзандығын білдіреді. Екіншіден, білікті кадрлар жеткілікті әрі дайын индустриялық алаңдар бар.
Мамандар көлік пен қоймалау саласындағы инвестициялардың өсе түсуіне облыстың негізгі көлік дәліздері-нің қиылысында орналасуы себеп дейді. Облыс Ресеймен шекаралас, өңір арқылы шетел компаниялары еліміздің ішкі нарықтарына қол жеткізіп, Қытайға шыға алады. Осы ретте логистикалық орталықтарға, терминалдарға, қоймалар мен инфрақұрылымдық жобаларға сұраныс артып келе жатқаны байқалады. Инвесторлар мұны тауар ағындарын ұлғайту мен халықаралық сауданы дамыту арқылы ақша табу мүмкіндігі деп есептейді.
Өңірге қаржы құйып отырған ең белсенді елдердің ішінде Қытай, Ресей, Түркия, Германия мен Францияны атап өтуге болады. Бұл елдер қазірдің өзінде облыспен ынтымақтастықта жұмыс істейді, экономиканың металлургия, химия өндірісінен бастап, логистика мен қайта өңдеуге дейінгі әртүрлі салаларына қызығушылық танытып отыр.
Сондай-ақ өңірлік инвестициялық штаб отырысында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның қызметкерлеріне арналған «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасы аясындағы инфрақұрылымдық жобасы қаралды. Құны 2,6 млрд теңгені құрайтын жоба 2026–2027 жылдары іске асырылады. Компания 108 пәтерлі, толық әрленген 9 қабатты көппәтерлі тұрғын үй салуды жоспарлап отыр. Облыс әкімі жұмысшы мамандық иелерін тұрғын үймен қамтамасыз ету бастамасының жоғары әлеуметтік маңыздылығын атап өтті. Жобаны іске асыру мерзімдерінің қысқалығын ескере отырып, өңір басшысы нысанды қалалық инженерлік желілерге қосу үшін жылдамдатып техникалық шарттарды беруді тапсырды.
Павлодар облысы