Биыл жыл басынан бері 36,1 мың азамат, оның ішінде 16,7 мыңға жуық жұмыссыз «Skills Enbek» кәсіптік оқыту платформасында онлайн-курс оқып, сертификат алды. Платформада барлығы 1,3 миллионнан астам адам тіркелген.
Тек биылғы үш айдың өзінде 56,8 мың азамат кәсіптік оқыту платформасына жазылған. Платформа іске қосылғалы 1 млн 200 мың адам оқудан өтті. Оқуды аяқтаған 16,7 мың жұмыссыз азаматтың ішінде 16–35 жас аралығындағы жастардың үлесі басым. Атап айтқанда, Шымкент қаласынан – 2 172, Ақтөбе облысынан – 2 125, Түркістан облысынан – 1 446, Қызылорда облысынан – 1 342, Қостанай облысынан – 1 304 адам.
Платформада авторлардың әртүрлі бағытты қамтитын 581 курсы жарияланған, оның 395-і тегін. Сондай-ақ одан әрі оқуды жалғастырғысы келетіндерге білім беру алаңдарына ауысу мүмкіндігін ұсынатын «Fluent Education» мен «Яндекс Қазақстан» серіктестерінің курстары бар. Курстардың ұзақтығы – 2–72 сағат.
Платформада әлеуметтік қызмет көрсетумен бірге өзге салалардағы түрлі мамандыққа баулитын тегін курстар саны үнемі артып келеді. Онлайн оқыту платформасы халықтың білім деңгейі мен кәсібилігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандырып, «өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған. Білім алушы оқытудың қолайлы тәсілі мен тілін, материалды берудің ыңғайлы принципін өзі таңдап, білім үдерісінде қабілет-қарымын бақылай алады. Оқу аяқталғаннан кейін білім алушы 70%-дық шекті деңгеймен тестілеуден өтеді. Онлайн курсты сәтті аяқтағандарға дағдыларды игеруі туралы сертификат беріледі. Сертификатты жүктеу кезінде игерген мамандығына сай Enbek.kz-те бос жұмыс орындарын ұсыну функциясы іске қосылады. Сертификат Enbek.kz-те тіркелген кезде білім алушының түйіндемесінде автоматты түрде көрсетіледі. Қызметкерлерді іздеу кезінде әлеуетті жұмыс беруші Платформада оқуды сәтті аяқтаған сертификат иелерін көре алады.
Платформада онлайн курстарды авторлар мен әзірлеушілер тегін орналастырады. Курстарды мемлекеттік, орыс, ағылшын тілдерінде жүктеуге болады. Ақпарат әртүрлі форматта: мәтін, таныстырылым, бейне, аудио материалдар, инфографика, басқа да әдістермен берілуге тиіс. Курс авторларына да платформа тиімді. Себебі ыңғайлы сабақ құрастыру, жарияланған курстардың статистикасы мен тиімділігін қарау, сертификаттарды түрлі дизайнда жасау, сондай-ақ оқу құнын алдын ала есептеуге арналған онлайн-калькуляторды қолдану мүмкіндігі бар.