Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы еліміздің жетекші ғылыми орталықтары, Қытайдың ғылым академиясы, Чжэцзян технологиялық университеті ғалымдарымен бірлесіп, Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Қазсушар» мекемесінде арнайы кеңес өткізді.
Ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты дамыта отырып, су ресурсы саласына инновациялық шешімдерді енгізу мен озық тәжірибе алмасуға бағытталған жиында «DeepBas» ғылыми-техникалық бағдарламасын қанатқақты режімде енгізу мәселесі талқыланды.
«DeepBas» (Deep Basin Spatiotemporal AI) жасанды интеллект негізіндегі интеграцияланған жүйесі су тапшылығын болжауға, тасқын мен құрғақшылықтың алдын алуға және су қорын тиімді бөлуге мүмкіндік берумен қатар су шаруашылығын басқарудағы ескі тәсілден жаңа цифрлық модельге көшу жолдарын анықтайды. ҰҒА ғалымдары нақты деректер мен жасанды интеллект көмегі арқылы елдегі су айналымын модельдейтін біртұтас интеллектуалды платформа жасауды көздеп отыр. Сөйтіп «DeepBas» бағдарламасы негізінде су ресурсын басқарудың отандық ЖИ жүйесін және су бейініндегі арнайы ЖИ агентін құру жөніндегі ғылыми-технологиялық картасын қалыптастырғысы келеді.
Осыған орай «Жасанды интеллект негізіндегі «DeepBas» су ресурсын басқарудың интеграцияланған жүйесі» ғылыми-техникалық бағдарламасына арналған тапсырма әзірленіп жатыр. Келесі кезең жүйе архитектурасын, әдіснамалық тәсілдерді, негізгі зерттеу бағыттарын қамтитын толыққанды ғылыми бағдарламаға бағытталады. Қанатқақты жобаны Ертіс, Іле-Балқаш және Шу-Талас бассейндерінде жүргізу көзделіп отыр.
«Кейінгі уақытта елімізде су ресурсын тиімді қолдану мен үнемдеу мемлекеттік деңгейдегі маңызды мәселеге айналды. Бұл Мемлекет басшысы мен Үкіметтің су жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында жаңа технологиялардың көмегімен, ғалымдардың қатысуымен су қорын пайдаланудың, болжаудың ұтымды тәжірибелерін қолдану уақыт талабынан туындап отыр. Анығында суды әлі күнге фрагментті түрде басқарып келеміз. Мысалы, Тянь-Шань өңіріндегі мұздықтардың еруі 2050 жылға қарай су ресурсы едәуір бөлігінің азайып кету қаупін туғызып отыр. Жерүсті суының 44,3 пайыздан астамы трансшекаралық сипатқа ие болуы көрші мемлекеттерге тәуелділікті күшейтеді. Судың 42 пайызы ғана тұтынушыға жетіп, қалған бөлігі тасымалдау барысында түрлі себеппен сіңіп кетеді. Қазіргі таңда еліміздегі су жүйесі бірқатар күрделі жайтпен бетпе-бет келіп отыр, яғни 13 мың шақырымнан астам суару арналары толық есепке алу мен цифрлық бақылаудан тыс қалған. Нақты су балансының болмауына байланысты шығын мен айыппұл 80 пайыздан асады. Қолданыстағы басқару жүйесі деректердің бытыраңқылығы, реактивті тәсілмен сипатталуы бұл дағдарыстық жағдайды тиімді болжауға, алдын алуға мүмкіндік бермей отыр», дейді ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев.
Бүгінде есепке алуды кеңейту, жекелеген каналдарды цифрландыру немесе жекелеген гидротехникалық құрылысты жаңғырту жеткіліксіз болып отырғандықтан, су ресурсын басқарудың бірыңғай ғылыми-технологиялық архитектурасын ҰҒА ғалымдары іске асыруды қолға алды. Дәл осы мақсатта «DeepBas» – кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллектіге, цифрлық егіздерге, үздіксіз мониторингке, сценарийлік талдауға негізделген су ресурсын басқарудың интеграцияланған жүйесін енгізу қарастырылып отыр.
ҰҒА басшысының айтуынша, академия ғалымдары, ең алдымен, табиғи ресурс пен суды басқарудың жаңа буын шешімдері қалыптасқан озық тәжірибесін жүйелі түрде зерттеп, Қытайдың ғылым академиясымен серіктестік орнатты. Чжэцзян технологиялық университетімен Кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект және тұрақты даму халықаралық бірлескен зертханасын дамыту, сондай-ақ «i-Tudou» сияқты жоғары технологиялық компанияларымен бірлесіп жұмыс істеуді қолға алып жатыр. «DeepBas» жобасы – су ресурсын басқарудың отандық зияткерлік жүйесінің негізі ретінде мониторинг жасап, су тасқынын, құрғақшылықты, су шығынын болжамды модельдей алады. Ведомствоаралық деректер алмаса отырып, гидрологиялық, гидрогеологиялық, метеорологиялық, спутниктік және пайдалану ақпараттарын интеграциялауға, халықаралық тәжірибе және «water AI» саласындағы озық архитектуралық шешімдерді ғылыми бейімдеу мүмкіндігіне жол ашады. Бірлескен зерттеулер, білім трансферті және мамандар даярлауға мүмкіндік береді.
Жоба жерүсті және жер-асты суына климаттық және гидрологиялық бақылаулар жүргізіп, жер ресурсы мен инфрақұрылым сипаттамалары жөніндегі деректерді бірыңғай жүйеге біріктіреді. Соның негізінде модельдер, болжау құралдары мен басқару шешімдерін қолдау тетіктері қалыптасады. Жасанды интеллект білімді интеграциялау мен талдауды күшейтудің негізгі құралы ретінде қарастырылады.
Халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыта отырып, жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және жаңа буын мамандарын даярлау саласындағы заманауи білім беру бастамаларын ілгерілетуде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Чжэцзян технологиялық университеті бірлесіп қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске асырып келеді. Осы мақсатта жақында Чжэцзян технологиялық университетімен (ZJTU) бірлескен білім бағдарламасы аясында оқыған студенттерге сертификат табысталды.
Ұлттық ғылым академиясы қазіргі кезде Чжэцзян технологиялық университеті, ҚХР жоғары технологиялық компаниялар тобымен бірлесіп ашылған «Қазақстан – Қытай ғылым және технологияны трансферлеу орталығы», «Кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект және тұрақты даму жөніндегі халықаралық бірлескен зертханасы», Қытай аграрлық университеті мен «Dayu Irrigation Group» компаниясымен бірлесіп құрылған «Құрғақ аймақтарда суды тиімді пайдалану бойынша Қазақстан – Қытай халықаралық зертханасы», Ланьжоу университетімен бірлесіп ашылған «Ақылды ауыл шаруашылығы, сондай-ақ «Eavision» компаниясымен бірлескен Қазақстан – Қытай ауылшаруашылық дрондарын басқару бойынша зерттеулер мен оқыту орталығы аясында жасанды интеллект және геоақпараттық жүйелер технологияларын қолдану арқылы су ресурстарына мониторинг жасау, табиғи апаттардың алдын алу, ауыл шаруашылығын цифрландыру, «ақылды егіншілік» технологияларын енгізу бағытындағы жобаларды іске асыра бастады.
АЛМАТЫ