Халқымыздың танымында Қамбар ата тұқымы ғасырлар бойы байлықтың өлшемі болып қана қоймай, көшпелі тіршіліктің сенімді серігіне айналды. Бүгінде де жылқы шаруашылығының әлеуеті жоғары, ол – әрі көлік, әрі азық, сонымен қатар экономикалық маңызы артып отырған табысты сала.
Қазақ даласында жылқы өсірудің кең таралғанын тарихи деректер айқын көрсетеді. Мәселен, ХІХ ғасырда өлкеде 20 миллионға жуық жылқы болғаны айтылады. 1880 жылдары бір ғана Орынбор өңірінің өзінде 1,8 миллион бас тіркелсе, ХХ ғасырдың басында бұл көрсеткіш 8 миллионнан асқан. Алайда кеңестік кезеңдегі ұжымдастыру науқаны түлік санына ауыр соққы болды. 1928 жылы елде 4,5 миллионнан астам жылқы болса, 1939 жылғы санақта небәрі 300 мыңға дейін күрт азайғаны тарихи деректерде көрсетілген.
Бүгінде БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы мәліметінше, әлемде 57 миллионнан астам жылқы бар. Соның 10 миллионнан астамы АҚШ-та шоғырланған. Жылқы өсіруден алдыңғы қатарда Қытай мен Моңғолия да бар. Кейінгі жылдары Қазақстан да бұл бағытта ілгерілеп, жылқы саны бойынша алғашқы ондыққа енді.
Ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін арттырып, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге бағытталған мемлекеттік саясат тұрғысынан жылқы шаруашылығын дамыту айрықша мәнге ие. Бұл бағытта асылтұқымды мал санын көбейтіп қана қоймай, оның өнімділігін арттыру, селекциялық жұмысты жүйелі жолға қою – негізгі міндеттердің бірі.
Жылқы шаруашылығының ерекшелігі – оны сырттан әкеліп жерсіндірудің қажеті жоқ. Ел аумағындағы әртүрлі табиғи аймақтарға бейімделген жергілікті тұқымдар мен атадан қалған үйірлі өсіру тәжірибесі бар. Ендігі міндет – осы әлеуетті заманауи технологиямен ұштастырып, саланың тиімділігін арттыру.
Мал асылдандырудағы негізгі тетіктің бірі – аталық іздер арқылы өсіру. Себебі селекция заңдылықтарына сәйкес, адамға қажет пайдалы қасиеттердің берілуі көбіне аталық мал арқылы нығаяды. Демек, тұқымның генетикалық әлеуеті айғыр сапасына тікелей тәуелді. Практикада ондаған, тіпті жүздеген айғырдың ішінен ең үздігі ғана іріктеледі. Осындай таңдаулы өндірушілердің ұрпағы негізінде жоғары өнімді аталық іздер қалыптасады. Уақыт өте келе олардан зауыттық және тұқымішілік типтер дамып, соның нәтижесінде жаңа тұқымдардың негізі қаланады.
Еліміздегі «Мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» құрылған 1933 жылдан бері өнімді, яғни етті-сүтті бағыттағы жылқы шаруашылығында 66 селекциялық жетістік өндіріске енді. Осылай жылқының 3 жаңа тұқымы, 8 тұқымішілік, 10 зауыттық типі мен 45 зауыттық аталық іздері жылқы шаруашылығының тектік қорын молайтты. Бұл селекциялық жетістіктерге «Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» қызметкерлері қомақты үлес қосты. Аталған саладағы жетістіктердің жалпы санының 53%-ы – осы ұйымның үлесіне тиесілі.
Кеңес одағына дейін әлемдік тәжірибеде етті-сүтті бағыттағы арнайы мамандырылған жылқы тұқымдары болған емес. Көптеген елде негізінен салт мінетін, желісті тұқымдар мен ауыр жүк тартатын жылқылар өсірілді. Кей мемлекеттерде, әсіресе бұрынғы одақ құрамындағы республикаларда, орман, дала мен таулы жерлерге бейімделген жергілікті тұқымдар өсірілді.
Өткен ғасырдың 30-жылдары жылқы шаруашылығын дамыту барысында еліміздің аумағында табынды жылқы зауыттары ұйымдастырылды. Бұл зауыттарда аналық топ жергілікті тұқымдардың ең таңдаулы биелерімен толықты. Дегенмен жергілікті биелердің бойы аласалау, бітімі олқы болғандықтан іріктеу барысында жарамсыз деп танылатын. Сондықтан табынды жылқы зауыттарында аналық топтарды қалыптастыруға асылтұқымды айғырларды пайдалану арқылы талапқа сай келетін будан аналықтар алу жолы таңдалды. Алғашында орлов және орыс желісті тұқымдарының айғырлары қолданылғанымен, будан жылқылар атты әскерге сай мініс аттарға қойылатын талап үдесінен шыға алмады. Осыған байланыс-ты аналық топтар таза қанды айғырлармен, жартылай қанды будандармен шағылыстырылды.
Будандастыру тәжірибесі көрсеткендей, жылқыларды жайылымда бағу жағдайында жақсартушы тұқым қанының үлесі артқан сайын будандардың дене бітімі әлсіреп, далалық өрісте жайылу мен төл беру қасиетінің төмендегені байқалды. Осы кемшіліктерді түзету мақсатында табынды жылқы зауыттарында дон тұқымының айғырлары қолданыла бастады.
Күрделі қайта будандастыру, атты әскерге лайық жылқыларды қатаң сұрыптау, жарамды типтегі будандарды «өз төлінен» өсіру оң нәтиже берді. Будандар табын жағдайында еркін өсіп-жетіліп, жұмысқа қабілетті болып, дене бітімі мен сырт тұрпатына қарай салт міністі, арбаға, әскери көлікке жегуге арналған зауыттық жылқыларға сай келді.
Өткен ғасырдың 50-жылдары атты әскердің құрылым ретінде таратылуы жылқыны жұмыс малы ретінде пайдалану қажеттілігі азайды да селекция бағыты өзгеріске ұшырады. Сонымен ғалым-селекционерлерге жылқы шаруашылығын етті-сүтті ету бағытында дамыту міндеті жүктелді.
Жаңа тұқымды шығару жұмысы Орал мен Ақтөбе өңірлерінде қолға алынып, мұндағы зауыттарда жүргізіліп келген селекциялық жұмыс әрі қарай жалғасын тапты.
Тұқымдық топтағы жылқыларды жетілдіру жұмысы 1976 жылғы 15 сәуірде жаңа белеске көтерілді. Дәл осы күні елімізде өнімді бағыттағы жаңа жылқы тұқымы ресми түрде танылды. Кеңес одағы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен Қазақстанда шығарылған «Көшім» тұқымы селекциялық жетістік ретінде бекітілді. Бұл – әлемдік жылқы шаруашылығы тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі.
Аталған тұқымды шығарған ғалымдар көпжылдық еңбегінің нәтижесінде 1980 жылы «Көшім» ет-сүт бағытындағы жаңа жылқы тұқымын жасап, оны өндірісте тиімді қолданғаны үшін ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
Көшім тұқымының артықшылығы, етті келеді, салмағы да жоғары. Бұл тұқым негізгі, шомбал және салт міністі деп үш типке жіктеледі. Негізгі типтегі жылқыларға тән басты белгілер: дене бітімінің ірілігі, конституциясының мықтылығы, бұлшық еттерінің жақсы дамуы мен жыл бойы тебіндеп жайылуға төзімділігі.
Шомбал типтегілер – денесі ірі, тұрқы ұзын, көкірегі кең әрі кеудесі терең, етті пішіні айқын дамыған жылқылар. Үйір ұстаған «Марш» айғырының толысқан кезіндегі таза салмағы рекордтық 711 кг-ге жетті. Шомбал типтегі жылқылар үйірде ұстауға, далалық қуаң аймақтың қатаң климатына бейім болып келеді.
Көшім тұқымын жетілдіру жұмысы зауыттық аталық із негізінде «таза тұқым өсіру» әдісімен жүргізіліп жатыр. Кейінгі жылдары отандық ғалымдардың үйлестіруімен көшім тұқымының «Жанақала», «Мамыр – Ақтөбе» мен «Жәнібек» тұқымішілік типтері апробациядан өтті.
Көшім жылқысын өсірумен негізінен Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарының мал шаруашылықтары айналысады. Қазір тұқымның таралу аймағы кеңейді, бүгінде оны Атырау, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Алматы мен Жетісу облыстарының шаруашылық құрылымдары өсіре бастады.
Өкінішке қарай, жекешелендіру науқаны кезінде көшім жылқыларының саны күрт төмендеді. Статистика деректеріне сүйнесек, 1990 жылғы 1 қаңтарда республикадағы шаруашылықтардың барлық санатында көшім тұқымының 56 844 бас жылқысы болған, оның ішінде 9 679 таза тұқымды, ал таза тұқымды биелер 3 162 бас еді. Ал бүгінде Республикалық асылтұқымды мал тізілімінде 2025 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша 7 045 көшім жылқысы тіркелген, оның ішінде биелер 4 992 бас. Яғни тұқым саны бұрынғы деңгеймен салыстырғанда 8 есе азайған.
Кейінгі жылдары елімізде жылқы шаруашылығы қайта жанданып, оның саны артып, бүгінде 5 миллион басқа жуықтады. Жылқы өнімдерінің өндірісі мен сатылымы да артып келеді. Саумал-терапия мен иппотерапияға қызығушылық күшейіп, ат туризмі мен атқа салт міну қызметтері де дамып келеді.
Заман талабына сай алдағы уақытта ғылым мен өндіріс алдында сапалық тұрғыдан жаңа сатыға көтерілу, яғни жылқының «мәрмәр» етін өндірудің тиімді жолын қалыптастыру өзекті мәселе болмақ. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін мамандандырылған жылқы тұқымдарынан алынатын, жылқы етін өндіретін, әртүрлі технологиялық әдістері ескерілген, қосымша құны жоғары, терең өңделген жылқы өнімдерінің мемлекеттік стандарттарын дайындау керек.
Әрине, нарыққа жылқы етін жыл бойы тұрақты ұсыну үшін арнайы жылқы бордақылайтын жүйенің қалыптасуы шарт, сонда ғана далада жайылып жүрген малды мезгілінде бордақылауға қойып, олардан сапалы ет өнімін алуға болады. Жүзеге асырылатын осы қарапайым шаруалар нарық талабымен шектеліп қалмай, мемлекет тарапынан пәрменді қолдау тапса ғана жылқы етінің артықшылығы ел игілігіне айналмақ.
«Жылқы малы көбейсе, елдің ырысы артады» дейді. Елімізде жергілікті қазақы жабы жылқысының негізінде етті-сүтті бағыттағы Көшім мен Мұғалжар тұқымдарын барынша қарқынды өсіріп, Қостанай мен Адай тұқымдарын дамытуға пәрмен берілсе, жылқы шаруашылығының әлеуеті артып, ел игілігіне қосар үлесі қомақты болары сөзсіз.
Айбын ТӨРЕХАН,
Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор