• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 11:33

Көлік көп, орын аз: Автотұрақ мәселесі қалай реттеледі?

60 рет
көрсетілді

Елімізде көлік тізгіндеушілер саны артқан сайын автотұрақ мәселесінің де өзектілігі артып келеді. Бұл бүгінде мегаполистерден өзге қалалардың да «бас ауруына» айналып отыр. Аталған мәселе қоғам белсенділері мен жауапты органдар тарапынан бірнеше мәрте талқыға түсіп, соңғы жылдары Астана мен Алматы қалаларында оң өзгерістерге қол жеткізіліп отыр. Дегенмен тұрақтардың жетіспеушілігі ескі тұрғын үйлердің тұрақты проблемалар тізімінен әлі де түспей келеді.

Бүгінде ел аумағында әрбір жаңа салынған көпқабатты тұрғын үй пәтер санының жартысына тең тұрақпен қамту нормасымен міндеттелген. Алайда Арқаның ақырамашында далада көлік қоюдың тиімсіздігін ескерген тұрғындар жерасты паркингтерінен орын алғанды жөн санайды. Ал мұндағы 1 бөлмелі пәтердің құнына телінген тұрақ бағаларын әркімнің қалтасы көтере бермейді. Сондықтан тұрғындар ойын алаңшаларын жағалап, көліктерін көрші аулаларға да қойып кетуге мәжбүр. Ал бұл көп жағдайда әкімшілік құқықбұзушылыққа алып келіп жатады.

«Қазір аулаларға кіріп-шығу қиындап кетті. Әсіресе, халық саны көп Алматыдан басқа қалаларда тұрғын үйлердің ауласында ұзақ аялдап тұра алмайсың. Белгіленген уақыттан ұзақ тұрсаң, тұрғындар тарапынан шағым түсіп, айыппұл арқалайсың. Жеткізу қызметімен айналысатындықтан мұндай мәселеге көп тап боламыз», дейді көлік жүргізушісі Әбдінұр Өтепберген.

Аулалардағы автотұрақ жетіспеушілігі тұрғындар қауіпсіздігіне де айтарлықтай әсер етіп отыр. Бұл, әсіресе, төтенше жағдайларда арнайы техникалардың жолын бөгеп, өртті ауыздықтауда, жедел жәрдем қызметін көрсетуде айтарлықтай қиындық тудырады. Мамандардың сөзінше, қысылтаяң шақта мұның өзі біршама уақытты алатын көрінеді. 

Астанадағы автотұрақтар толығымен қала меншігіне өтті

«Мамандандырылған техника жүргізушілері тұрғын үй аулаларында көптеген қиындыққа тап болады. Әдетте, аула жолы тар болғаны аздай, сонымен қатар көбінесе жеңіл көліктерге де толып тұрады. Бұл жағдайда тек абайлап жүру ғана маңызды емес. Егер адамдарды құтқару немесе өрт сөндіргіш заттарды беру үшін баспалдақ ұсыну қажет болса, онда автосатыны «табанға» орнату керек. Ал олардың көлемі 4 метрден асады. Міне, осындай кезде тар аулада орын таңдау қиынға соғады», дейді мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің көлік жүргізушісі Заңғар Қырғызбаев.

Шекарадағы кезек азаяды: Өткізу бекеттерінде 200 орындық автотұрақтар салынады

Көпті толғандырған мәселе ұдайы күн тәртібінен түспей 2023 жылы Президент назарына да іліккен болатын. Нәтижесінде жаңадан салынған үйлерді автотұрақпен қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Дегенмен құрылыс саласының сарапшылары қазірдің өзінде салынған үйлерде тұрақ орындарының сақталуы екіталай дейді. Өйткені әзірге мұндай стандарт Астана мен Алматы қалаларында ғана толық сақталған. Олардың айтуынша, құрылыс компанияларының барлығы бірдей көлік тұрағын елей бермейді.

«Елімізде салынатын үйлердің басым бөлігі эконом кластағы үйлер. Бұл үйлер арнайы кезекке тұрып, мемлекеттік бағдарла­мамен алынатын болғандықтан, оны алатын адамдардың басым бөлігі әлеумет­тік жағдайы төмен немесе орташа бол­ғандықтан, құрылыс компаниялары көп жағдайда ақша үнемдеп жатады. Компаниялар тұрақ салғаннан гөрі одан да сол жерге кеңсе ашып, оны жалға бергенді дұрыс көреді. Оның үстіне жерасты паркингтері тек комфорт санаттағы үйлерге салынады», дейді тұрғын үй нарығының сарапшысы Ақәділ Жаңабаев.

Сарапшының сөзінше, заңнамалық тұрғыда инвесторларға нақты міндеттемелер жүктелгенде ғана мәселені айтарлықтай азайтуға болады.

Алматы әуежайындағы автотұрақтар кеңейтіледі

«Еуропа елдерінде қала тұрғындарының 60 пайызы көлік мәселесін реттесе мәселе шешілген болып есептеледі. Қазіргі таңда бізде, елордада 10 мыңнан астам ақылы тұрақтың өзі аздық етіп отыр. Сол себептен мұны тек құрылыс компанияларына автотұрақ санын арттыруды міндеттеу арқылы шешуге болады», дейді А.Жаңабаев.

Еске сала кетейік, былтыр жыл соңында елордадағы ақылы тұрақтардың барлығы коммуналдық меншікке өткен болатын. Осыған байланысты қаладағы автотұрақтардың қолданыстағы тарифтері қайта қаралып, жол учаскесіне қарай көлікті 15-60 минуттық тегін қою жүйесі қарастырылған еді.

Нұрболат АМАНБЕК

 

Соңғы жаңалықтар