Еуроодақ Венгриядағы сайлауда жеңіске жеткен «Тиса» партиясының жетекшісі Петер Мадьярдан Будапештке бөлінген 35 миллиард еуроны алу үшін 27 шартты орындауды талап етіп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Еурокомиссия өкілінің айтуынша, аталған қаражаттың 18 миллиард еуросы ЕО бағалауынша құқық үстемдігінің бұзылуы, жемқорлық тәуекелдерінің жоғары болуы және сот жүйесінің тәуелсіздігіне нұқсан келуі себепті тоқтатылған. Тағы 17 миллиард еуро төмен пайызбен қорғаныс несиелері ретінде берілуі тиіс болған. Қаражаттың бұғатталуы Будапешт пен Брюссель арасындағы қақтығыстарға, сондай-ақ премьер-министр Виктор Орбан талап етілген реформаларды жүргізуден бас тартқанына байланысты жүргізілген.
Қаражатты қайта алу үшін Венгрия 27 шартты орындауы керек. Оның ішінде жемқорлыққа қарсы тексерулер жүргізу және Орбан кезеңінде қабылданған, ЕО ережелеріне қайшы деп танылған шешімдерді жою бар.
Басылымның мәліметінше, Еурокомиссия Мадьяр сайлауда жеңіске жеткеннен кейін бірден онымен байланыс орнатып, Украинамен қарым-қатынасты қалпына келтіруді және бұғатталған қаражатты алу үшін реформаларды бастауды талап еткен.
Венгрияда жаңа саяси кезең: Орбан жеңілісін мойындады
Еуроодақ талаптарына сәйкес Брюссель жаңа билік Украинаға 90 миллиард еуро көлеміндегі несиеге қойылған ветоны алып тастайды, Ресейге қарсы 20-санкциялар пакетін қабылдауға келіседі, «Дружба» құбыры арқылы мұнай жеткізуді қайта бастау талабынан бас тартады және Киевпен ЕО-ға мүшелік бойынша тікелей келіссөздерді бастауға қарсылық білдірмейді деп үміттенеді.
Венгриядағы Radio Free Europe қызметі қаржыландыру қысқаруына байланысты жұмысын тоқтатты
Еске салайық, жексенбі күні Венгрияда парламент сайлауы өтті. Сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, дауыстардың 98,9%-ы саналғаннан кейін «Тиса» партиясы Виктор Орбан жетекшілік ететін Фидес партиясынан айтарлықтай басымдықпен жеңіске жеткен.
Нұрболат АМАНБЕК