Елімізде балалардың терезеден құлау деректерінің көбеюіне байланысты «Терезе – SAFE» республикалық ақпараттық науқаны іске қосылды. Бұл бастама «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында жүзеге асып, жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұндай жағдайлар 2023 жылмен салыстырғанда 1,8 есеге артқан. Қауіп тобында, негізінен, 2-5 жас аралығындағы балалар тұр, деп жазады Egemen.kz.
Науқанның өзегі – әр отбасының күнделікті өміріне «Қауіпсіздік минуты» қағидатын енгізу. Бұл ереже бойынша ата-аналар күн сайын үйді қысқаша тексеріп шығуды әдетке айналдыруы тиіс. Әсіресе, терезе бұғаттағыштарының мықтылығына, сондай-ақ терезе маңында бала шығып кетуі мүмкін жиһаздың болмауына назар аудару қажет. Басты мақсат – тұрмыстық қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру. Науқан аясында өңірлерде бірқатар нақты іс-шаралар қолға алынады.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, білім беру мекемелерінде «Қауіпсіз үй» тақырыбында арнайы сабақтар өткізіліп, ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Тұрғын үй секторында үй басқарушылары мен белсенді тұрғындардың қатысуымен терезелерге арнайы құлыптар орнату, сондай-ақ ақпараттық парақшалар тарату көзделген.
Биыл 60 бала терезеден құлап кеткен
Ал денсаулық сақтау саласында патронаждық тексерулер кезінде медицина қызметкерлері үйге шағын «қауіпсіздік аудитін» жүргізіп, ата-аналарға нақты ұсынымдар береді.
Бұл бастама мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, қоғам және БАҚ өкілдерінің бірлескен жұмысы арқылы жүзеге асады. Ортақ күш-жігердің нәтижесінде ата-аналардың жауапкершілігі артып, әр үйде қауіпсіз орта қалыптастыру көзделіп отыр. Ұзақ мерзімде бұл шаралар балалар қауіпсіздігінің бірыңғай стандарттарын орнықтырып, жарақат алу қаупін жүйелі түрде азайтуға мүмкіндік береді.
Актөбеде бір тәулікте екі бала терезеден құлап кеткен