Сенатор Бибигүл Жексенбай платформалық жұмыспен қамтуды құқықтық реттеу және цифрлық сервистер арқылы жұмыс істейтін азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелерін көтерді. Депутат өз сауалында соңғы жылдары Қазақстанда онлайн-платформалар арқылы, әсіресе жеткізу және жолаушылар тасымалы саласында жұмыспен қамту қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сарапшылардың бағалауынша, 394 мыңға жуық азамат цифрлық сервистер арқылы табыс тауып отыр, ал интернет-платформаларды орындаушылардың жалпы саны көбейіп келеді.
Сауалда платформалық орындаушыларда негізгі еңбек кепілдіктерінің жоқтығына, соның ішінде табыстың тұрақсыздығына, сақтандырудың болмауына, дауларды шешудің ашық тетіктері мен платформалар тарапынан қабылданатын біржақты шешімдерден қорғаудың жоқтығына ерекше назар аударылды. Осыған байланысты, депутат атап өткендей, халықаралық тәжірибе бұл саланы жүйелі реттеуге көшу қажеттігін көрсетіп отыр.
Қазақстан цифрлық қызметтер экспортын кеңейтеді
«Цифрлық және салықтық инфрақұрылымды реттеу бойынша мемлекеттік жүйелер мен платформалар арасындағы интеграцияны ретке келтіріп, ақпараттық қателіктерден туындаған барлық негізсіз берешектер мен өсімпұлдарды автоматты түрде жою тетігін енгізуді қарастыру керек. Салықтық жүктемені жеңілдету үшін әлеуметтік төлемдерді есептеу кезінде шығындарды, яғни жанармай, көлік жөндеуді шегеріп тастау әдістемесін де қарастыруды ойластыру керек. Құқықтық мәртебе және тарифтік кепілдіктер бағытында платформалық жұмыстың ерекшеліктерін ескеретін жеке заңнамалық акт әзірлеуді, онда «тәуелсіз қызметкер» мәртебесін бекітіп, ең төменгі сағаттық төлем стандарттарын енгізуді қарастыру керек. Орындаушыларды жұмыс кезіндегі жазатайым оқиғалардан, жол-көлік оқиғасынан, жарақат және т.б. міндетті ұжымдық сақтандыру платформаларымен бірлесе жолдарын қарастыру керек. Платформаларды тапсырыс бөлу принциптерін ашуға және аккаунттарды бұғаттау шешімдерін адамның қатысуымен қайта қарауға мүмкіндіктерді қарастыру керек», деп атап өтті сенатор.
Сөзінің соңында сенатор бұл салада жүйелі заңнамалық шараларды әзірлеу еңбек нарығының ашықтығын арттыруға, азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге және елдегі платформалық экономиканың тұрақты дамуына жағдай жасауға мүмкіндік беретінін баса айтты.