16 сәуір – Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлері күні. Алайда мерейлі күннің аясында мерекелік көңіл-күйден бөлек, ел қауіпсіздігіне тікелей қатысты түйткілді мәселелер де назардан тыс қалмауы тиіс. Әсіресе, қоғамдық тамақтану орындары мен көпқабатты тұрғын үйлердегі газ қауіпсіздігінің ахуалы бүгінде басты бақылауда. Осы орайда, қала тыныштығын сақтау жолында атқарылып жатқан бақылау жұмыстары мен анықталған заңбұзушылықтардың жай-жапсарын «Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» ММ маманы Рақымжан Бектанов тарқатып берді.
Ал тексеру шаралары жоспарлы, жоспардан тыс және рейдтік форматта өтеді. Яғни, бақылау жұмыстары бекітілген жылдық жоспар негізінде және тұрғындардан түскен шағымдар бойынша жүргізілсе, бұған қоса өрт және газ қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірлескен рейдтер де ұйымдастырылады.
Тексеру барысында мамандар газ жабдықтарының техникалық жай-күйіне, желдету жүйесінің талапқа сай болуына, газ датчиктерінің орнатылуына және тиісті құжаттардың түгелдігіне ерекше назар аударады. Өкінішке қарай, жүргізілген бақылау шаралары бұл салада түйткілді мәселелердің әлі де аз еместігін айқын аңғартып отыр.«2025 жылы 41 нысанға қатысты 28 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 19 айыппұл салынған. Айыппұлдар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 306-бабы 1-бөлігі, 298-бабы 1-бөлігі және 462-бабы 3-бөлігі бойынша салынды», дейді маман.
Сонымен қатар кәсіпкерлерге анықталған кемшіліктерді жою туралы нұсқамалар берілген.
«Аталған 41 нысанның ішінде: 3 нысанға – табиғи газ негізінде, 22 нысанға – газ баллондары тұрғысында, 16 нысанға – газгольдерлер бойынша кемшіліктерді жою бойынша нұсқамалар берілді», деді маман.
Маманның айтуынша, тексеру барысында қайталанып кездесетін заңбұзушылықтар бар.
«Ең жиі кездесетін мәселелердің қатарында газ жабдықтарына уақытылы техникалық қызмет көрсетілмеуі, газ анализаторларының болмауы, желдету жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі бар. Сондай-ақ газ баллондарын заңсыз пайдалану, газ жүйесіне өз бетінше өзгеріс енгізу, баллондарды ас үйде немесе жылу көздеріне жақын сақтау, арнайы бекеттердің орнына автогаз құю станцияларында толтыру, түтін мұржалары мен желдеткіштердің талапқа сай болмауы сияқты өрескел бұзушылықтар анықталып жатады», дейді Рақымжан Бектанов.
Заң талаптарына салғырт қараған кәсіпкерлерге қолданылатын әкімшілік шаралар да қатаң. Тәртіп бұзғандарға айыппұл салынып, кемшіліктерді түзету жөнінде нұсқама беріледі. Ал қажет болған жағдайда нысанның қызметі уақытша тоқтатылып, тіпті түпкілікті жабылуы да мүмкін. Осы ретте айта кетейік, нысан жұмысына нүкте қою тек сот шешімі негізінде ғана жүзеге асады.
Шығыс Қазақстан облысында 3 жұмысшы газдан уланды
Маманның айтуынша, қоғамдық тамақтану орындарында газ баллондарын қолдану тәртібі де қатаң реттелген. Атап айтқанда, баллондар арнайы қауіпсіздік талаптарына сай орналастырылып, нысан тиісті өртке қарсы құралдармен жарақтандырылуы тиіс. Ал кейбір техникалық жағдайларда ғимарат ішінде газ баллондарын пайдалануға шектеу қойылады.
Бүгінде елордадағы тұрғын үйлердің бірінші қабатында орналасқан дәмханалар мен асханалардың жайы да ерекше бақылауға алынған.
«Қазақстан Республикасының «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңына сәйкес, екі қабаттан жоғары тұрғын үйлерде газ баллондарын сақтауға немесе пайдалануға тыйым салынады. Бұл талап тұрғындардың қауіпсіздігі үшін енгізілген. Себебі мұндай нысандарда газды дұрыс пайдаланбау – зор қауіпті жағдайға әкелуі мүмкін», дейді маман Р. Бектанов.
Оның сөзінше, кәсіпкерлер газ жабдықтарының қауіпсіздігіне тұрақты түрде ішкі бақылау жүргізуге міндетті. Атап айтқанда, жылына кемінде бір рет толық техникалық тексеру жасалуы тиіс болса, кейбір құрылғылардың жай-күйі әр алты ай сайын жіті тексерілуі қажет. Ең бастысы, бұл жұмыстарды тек арнайы лицензиясы бар газ қызметі мамандары ғана жүргізуі тиіс.
Ақсу қаласында газ баллоны жарылып, үш адам зардап шекті
Айта кетерлігі, қауіпсіздік мәселесі – тек құзырлы органдардың ғана міндеті емес, әрбір тұрғынның азаматтық жауапкершілігі мен қырағылығына тікелей байланысты.
«Егер газ иісін сезсеңіз немесе күмәнді жағдай байқасаңыз, дереу тиісті қызметтерге, атап айтқанда, 104 – апаттық газ қызметіне, 112 немесе 101 – төтенше жағдайлар қызметіне немесе Komek 109 – қалалық мониторинг орталығына хабарлау қажет», дейді маман.
Сонымен қатар Астанада газ қауіпсіздігін заман талабына сай күшейту мақсатында жаңа цифрлық шешімдерді енгізу көзделіп отыр.«Қазіргі уақытта газ баллондарын QR-код арқылы цифрлық таңбалау жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Бұл – баллондардың қайда толтырылғанын және қашан тексерілгенін бақылауға мүмкіндік береді», дейді Рақымжан Бектанов.
Түйіндей айтқанда, газ қауіпсіздігі – қаланың тыныс-тіршілігіндегі ең өзекті түйткілдердің бірі. Тек жүйелі бақылау, қатаң талап және әрбір тұрғынның жеке жауапкершілігі тоғысқанда ғана кез келген төтенше жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туатыны хақ. Щучинсктегі дәмханада жарылыс болды: 7 адам қаза тапты