Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс сот жарыссөзі кезеңіне өтті. Мемлекеттік айыптаушы Олжас Хайруллаев сотта айыптау ұстанымын таныстырып, айыпталушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беріп, жаза мөлшерін ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Прокурордың айтуынша, Ерболат Жанәбілов Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы (заңсыз кәсіпкерлік) және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру) бойынша кінәлі деп танылуы тиіс. Осы баптарды жиынтықта қарастыра отырып, оған мүлкін тәркілеумен қатар 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау сұралды.
Блогер Жанәбілов сотқа тартылды
Ал Эльмира Төлегеноваға қатысты прокурор 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрап, мүлкін тәркілеуді ұсынды. Сонымен бірге Қылмыстық кодекстің 74-бабы 1-бөлігіне сәйкес, жазаны өтеуді бір жылға кейінге қалдыру мүмкін деп есептейтінін жеткізді.
Қазіргі таңда іс бойынша соңғы шешімді сот қабылдайды.