Конгода дәрігерлер эбола вирусының жаңа штаммын анықтады, деп жазады Egemen.kz.
Конго Демократиялық Республикасының шығысында, Итури провинциясында Эбола вирусы өршіп тұр. Африканың ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (Africa CDC) шамамен 246 күдікті жағдай мен 65 өлімді тіркеді. Бұл туралы Associated Press агенттігі хабар таратты.
Инфекцияның негізгі ошағы Монгвалу және Рвампара аудандарында шоғырланған. Жақын маңдағы Буния қаласында да қазір тексеріліп жатқан күдікті жағдайлар анықталды. Зертханада расталған инфекциялары бар төрт пациент көз жұмды.
Алдын ала тестілеу бойынша 20 сынаманың 13-і оң нәтиже берді.
Эбола – сирек кездесетін, бірақ өте қауіпті вирустық ауру. Ол жұқтырған адамның билогиялық сұйықтықтарымен немесе ластанған заттармен тікелей байланыс арқылы беріледі. Осыдан бес ай бұрын Конго ресми түрде кесапаттың аяқталғанын жариялаған еді. Ол кезде 43 адам қайтыс болды. Енді міне вирустың жаңа ұшқыны қайта шығып отыр.
Қазір мамандар аурудың жаңа толқынын қай штамм тудырғанын анықтап жатыр. Ең қауіпті және кең таралған нұсқа – Заир эболавирусы. Ол адамдар мен приматтарда ауыр геморрагиялық қызбаны тудырады.
Africa CDC Конго, Уганда және Оңтүстік Судан билігі мен халықаралық серіктестердің қатысуымен шұғыл жиналысты бастады. Күн тәртібінде – эпидемиологиялық қадағалауды, шекаралық бақылау мен алдын алу шараларын күшейту, сондай-ақ бірлескен іс-қимылдарды үйлестіру мәселелері тұр.
Угандада эбола вирусынан 11 адам қаза тапты
Итури провинциясы астанасы Киншасадан мың шақырымнан астам жерде орналасқан. Аймаққа жету өте қиын. Онда нашар жолдар, қарулы топтардың белсенділігі және халықтың жоғары көші-қоны, соның ішінде тау-кен жұмыстарымен байланыс тығыз. Осының барлығы дәрігерлердің жұмысын едәуір қиындатады және вирустың таралу қаупін арттырады.