• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Технология Бүгін, 11:07

Қарағанды облысында өрт ошақтарын дрондар бақылайды

Қарағанды облысында өрт ошақтарын дер кезінде анықтап, жалынның таралу бағытын болжау үшін дрондар қолданылып жатыр. Сонымен қатар биыл ауылдық жерлерде жаңа өрт сөндіру бекеттері ашылады, деп жазады Egemen.kz.

Өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық мәселесі облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте қаралды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаев өңірде табиғи өрттермен күреске 60 техника, 571 маман және бір тікұшақ жұмылдырылғанын айтты.

Тәулік бойы жедел штаб жұмыс істейді. Орман алқаптарындағы ахуал ғарыштық мониторинг арқылы бақыланып, бейнебақылау жүйелерінің деректері сарапталады. Өртті барлау және оның таралу қаупін бағалау үшін 10 дрон пайдаланылып жатыр.

Астанада тазалықты бақылауға дрондар жұмылдырылады

Қазіргі таңда 148 елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін 66 өрт сөндіру бекеті тәулік бойы кезекшілік атқарады. Биыл «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында аудандарда тағы 18 бекет ашылып, қолданыстағы 14 нысан жаңғыртылады.

28-29 мамыр күндері Бұйратау ұлттық табиғи паркі аумағында «Өрт-2026» республикалық оқу-жаттығуы өтеді. Оқу-жаттығу барысында табиғи өрт кезінде барлық қызметтің өзара іс-қимылы пысықталады.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бақтияр Санбаев Кув орман шаруашылығын авиациялық қорғау мәселесі шешілгенін мәлімдеді. Сондай-ақ өңірде өрттің таралуын шектеуге арналған минералды жолақтар жасалып жатыр.

Орманды-далалық аумақтар мен демалыс орындарында мобильді топтар рейд жүргізіп отыр. Қауіпсіздік талаптарын бұзған 30 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде от жаққан, құрғақ шөп өртеген және өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған азаматтар бар. Орман өрт қауіпсіздігін бұзу дерегі бойынша 7 хаттама толтырылған.

Қазақстанда жол сапасын дрондар бақылайды

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев табиғи өрттердің алдын алу шараларын күшейтіп, рейдтік жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

«Табиғи өрттерге жедел әрекет ету үшін барлық күш пен техниканың дайындығы қамтамасыз етілуі қажет. Ең бастысы – ірі төтенше жағдайларға жол бермеу үшін алдын алу шараларын уақытылы қабылдау», деді өңір басшысы.

Еске салайық, бұған дейін Алакөл жағалауын дрондар бақылайтыны туралы жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар