Маңғыстау облысында туризмді дамытуға бағытталған ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қарақия ауданындағы «Кендірлі» курорттық аймағында жаңа әуежайдың құрылысы жүргізіліп жатыр. Нысан Каспий теңізінің жағалауынан 13 шақырым қашықта орналасқан және өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған, деп жазады Egemen.kz.
Жоба барысы Үкімет отырысында қаралып, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай құрылыс қарқыны туралы есеп берді.
Әкімнің айтуынша, әуежайдың жалпы құны 56,9 млрд теңгені құрайды, оның 19,9 млрд теңгесі игерілген. Қазіргі таңда құрылыс алаңында 215 жұмысшы және 122 бірлік арнайы техника тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Жобаның орындалу деңгейі 32%-ға жеткен.
«Бекітілген кестеге сәйкес әуежайды іске қосу осы жылдың IV тоқсанына жоспарланған», деді Нұрдәулет Қилыбай.
Қазақстан әуежайларында жолаушыларды бет-әлпет арқылы тіркеу енгізіледі
Оның мәліметінше, бірінші кезеңде ұзындығы 2 200 метрлік ұшу-қону жолағы салынып жатыр. Бұл жолақ Q-400, ATR және CRJ типті әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Кейінгі кезеңдерде инфрақұрылым кеңейтіліп, Airbus A320 және Boeing 737 сияқты ірі лайнерлерді қабылдау мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.
Жоба толық іске қосылғанда халықаралық және ішкі бағыттарды қоса алғанда 9 жаңа авиабағыт ашу жоспарланып отыр. Бұл шешім өңірдің көлік байланысын күшейтіп, Кендірлі курорттық аймағының туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етпек.
Қосшы, Қарағанды әлде Павлодар: Астананың екінші әуежайы қай бағытта салынуы мүмкін?