Алматы халықаралық әуежайында Франкфурт бағытына ұшпақ болған шетел азаматы қоғамдық тәртіпті бұзып, анықтама бюросы маңында жанжал шығарды, деп жазады Egemen.kz.
Көліктегі полиция қызметкерлерінің мәліметінше, оқиға әуежайдың екінші қабатында болған. Мас күйдегі шетелдік өзін агрессивті ұстап, балағат сөздер айтып, шыны витринаға соққы жасаған. Соның салдарынан әйнек сынып, анықтама бюросының қызметкерлеріне құлаған. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеген.
Тәртіп бұзушы бірден полиция бөлімшесіне жеткізілді. Оның 32 жастағы Канада азаматы екені анықталды. Ер адам Қазақстанда тұрып, Арыс қаласындағы жекеменшік компаниялардың бірінде жұмыс істейтіні белгілі болды.
Ақтау маңында швейцариялық туристер мінген көлік аударылып қалды
Тексеру қорытындысы бойынша шетелдікке қоғамдық орында мас күйде жүргені және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілік жүктелді. Сот шешімімен оған 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Бұған дейін Алматы тауларында жарақаттанған шетелдіктің құтқарылғаны туралы хабарлағанбыз.
Сондай-ақ Атырау әуежайында сөмкесінде қару барын айтқан жолаушы рейстен түсірілді.