Алматы облысының жағажайлары шомылу маусымына дайын. Олардың барлығы 1 маусым күні ашылады. Жауапты органдар рұқсат етілген арнайы орындарды бекітті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Онда қажетті қауіпсіздік шаралары толығымен қамтамасыз етілген. Су түбі зерттеліп, тазартылды. Қоршаулар мен ескерту белгілері орнатылып, құтқарушылардың кезекшілігі ұйымдастырылды. Қауіпсіздік және санитарлық талаптар сақталған жағажайларда ғана шомылуға рұқсат етіледі.
Премьер-министр 1 маусымға дейін барлық жағажайлар мен бассейндерді тексеруді тапсырды
Бүгінде Қонаев қаласындағы коммуналдық жағажайларды дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Мәселен, №5 жағажай өткен жылы толық абаттандырылып, пайдалануға берілді. Аумағында футбол, волейбол және балалар ойын алаңдары, воркаут-аймақтар, фудкорттар, пирс, душ кабиналары, киім ауыстыратын орындар мен автотұрақ қарастырылған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құтқару бекеттері, медициналық пункт, SOS батырмаларымен жабдықталған бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді. Ал №6 және №7 коммуналдық жағажайларда абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр.
Қапшағай су қоймасы жағалауында орналасқан жекеменшік демалыс аймақтары мен ойын-сауық кешендері де тұрғындар мен туристерге қызмет етеді.
Түркістандағы 9 млрд теңгеге салынып бітпеген жағажайға тағы 5 млн доллар бөлінбек
Айта кетейік, рұқсат етілмеген жерлерде, ағысы қатты аймақтарда, сондай-ақ шағын кемелерге жақын маңда шомылуға қатаң тыйым салынады. Себебі бұл азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Қазіргі таңда Төтенше жағдайлар департаменті мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, шомылу маусымына дайындық бойынша кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Прокуратура, полиция және көлік инспекциясының қатысуымен, оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып, жүйелі түрде рейдтер өткізіліп отыр.
Еске салайық, Үкімет басшысы ТЖМ әкімдіктермен бірлесіп, су айдындары, жағажайлар, бассейндер мен туристік аймақтарға тексеру жүргізу қажет екенін айтқан болатын.