Алтай мен Сауыр тауларының баурайында қос әуежайдың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жуықта өңір үшін стратегиялық маңызы зор нысанның бірі – Зайсан әуежайының құрылысымен облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов танысып қайтты.
Айта кетейік, құрылысты бас мердігер «Элхон құрылыс» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Бүгінде нысанда 300-ден астам жұмысшы мен 73 техника жұмылдырылған.
Мердігер ұйымның мәліметінше, әуежай кешенінің құрылысы 75 пайызға аяқталған. Ұзындығы 2200 метр болатын жасанды ұшу-қону жолағы, рулдеу жолы, перрон, дренаж жүйесі, инженерлік коммуникациялар толық салынып біткен.
«Бүгінде нысанның дайындығы 75 пайызды құрайды. Ұшу-қону жолағы, рүлдеу жолы, перрон, инженерлік инфрақұрылым тартылып, монтаж жұмысы толық аяқталды. Жобаны белгіленген мерзімде аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз», деді жоба жетекшісі Ербол Қажыбаев.
Қазір құрылысшылар жолаушылар терминалын, апаттық-құтқару қызметінің ғимаратын, гараждар мен материалдық-техникалық қоймаларды, сондай-ақ жанар-жағармай сақтау қоймаларын салуға басымдық беріп отыр. Сонымен қатар жылу, су, кәріз, электр желілерін қамтитын сыртқы инженерлік желілерді тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Әуежай терминалының жалпы аумағы 4 мың шаршы метрді құрайды. Пайдалануға берілгеннен кейін әуежай Bombardier Q400, ATR 72 секілді өңірлік әуе кемелерін қабылдай алады. Алғашқы сынақ рейсін биылғы жазда орындау жоспарланып отыр. Нысанды аралау барысында облыс әкімі Н.Сақтағанов жобаның өңір үшін айрықша мәнге ие екенін атап өтті.
«Бұл – облыс үшін стратегиялық маңызы жоғары жоба. Сондықтан құрылыс сапасы мен нысанды белгіленген мерзімде аяқтау басты назарда болуға тиіс», деді аймақ басшысы.
Әуежай іске қосылғаннан кейін Үрімші қаласы, Алтай өңірі, Қанас көлі бағыттарына халықаралық әуе рейстерін ашу жоспарланған. Сонымен қатар Астана, Алматы, Өскемен қалаларына ішкі бағыттар бойынша тұрақты рейстер ұйымдастырылады.
Жаңа әуежай Зайсан ауданының көлік қолжетімділігін арттырып, туризм мен кәсіпкерліктің дамуына серпін беріп, Шығыс Қазақстан облысының халықаралық, өңіраралық байланыстарын нығайтуға жол ашады.
Шығыс Қазақстан облысы,Зайсан ауданы