Мемлекеттік қызмет – ел дамуының негізгі тетіктерінің бірі. Сондықтан бұл саланы заман талабына сай жетілдіру, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын көтеру – әрдайым мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының қатарында. Осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан реформалар мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне жол ашып келеді. Жуырда Мемлекет басшысы қол қойған жаңа «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң да осы бағыттағы маңызды әрі жүйелі қадамдардың бірі. Аталған құжат мемлекеттік қызмет саласын одан әрі жаңғыртып, ашықтық, әділдік және кәсібилік қағидаттарын күшейтуге бағытталған. Осы орайда жаңа заңның негізгі жаңашылдықтары мен оның мемлекеттік қызмет жүйесіне әкелетін өзгерістері туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ербол ЖОЛДАНҒАРМЕН сұхбаттасқан едік.
– Ербол Қабдығалиұлы, мемлекеттік қызмет туралы жаңа құжаттың басты мақсаты қандай?
– Өздеріңізге мәлім, 2026 жылдың 19 мамырында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңға және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын.
Аталған заңдар Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы негізінде әзірленіп, Мемлекет басшысының мемлекеттік қызмет жүйесін одан әрі жетілдіруге қатысты тапсырмаларын іске асыру мақсатында қабылданды.
Құжаттың негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру, азаматтарға бағдарланған сервистік модельді қалыптастыру, мемлекеттік аппараттың кәсіби деңгейін күшейту және кадрлық үдерістерді толық цифрландыру. Жалпы алғанда, заң мемлекеттік қызмет жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған.
– Заңда мемлекеттік қызметтің миссиясы мен қағидаттарына ерекше назар аударылғаны айтылып жүр. Бұл нені білдіреді?
– Бұған дейін мемлекеттік қызметті құқықтық реттеу көбіне еңбек қатынастары шеңберімен шектеліп келді. Ал оның миссиясы, қоғамдық мәні мен стратегиялық рөлі құқықтық тұрғыда нақты айқындала бермеген еді.
Жаңа заң осы олқылықтың орнын толтырып, мемлекеттік қызметтің ұлттық басымдықтарды іске асыратын негізгі институт ретіндегі мәртебесін нақты бекітеді. Осы мақсатта заңда мемлекеттік қызметтің мақсаты, оны өткеру қағидаттары, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге, олардың лауазымдық міндеттеріне қойылатын талаптар жүйеленген.
Бұған дейін бұл нормалар әртүрлі нормативтік-құқықтық актілерде шашыраңқы түрде көрініс тапса, енді бір құжат аясында нақты әрі үйлесімді түрде айқындалып отыр. Бұл мемлекеттік қызметтің қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтіп, кәсіби қызметті біріздендіруге мүмкіндік береді.
– Азаматтарға бағдарланған сервистік модель туралы айтып өтсеңіз.
– Қазір мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігі олардың халықтың сұранысына қаншалықты жедел әрі сапалы жауап бере алуымен өлшенеді. Осыған байланысты заңда мемлекеттік қызметшілердің клиентке бағдарланған мінез-құлық моделін енгізу көзделген.
Қалыптасып жатқан құқықтық негіздің басты бағыты – мемлекеттің азаматпен өзара іс-қимылында адамға бағдарланған тәсілді күшейту. Бұл тұрғыда «Мемлекет адам үшін емес, адам мемлекет үшін» деген ұстанымның жаңа мазмұнмен жаңғырғанын атап өткен жөн.
Мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында әкімшілік, цифрлық және құқықтық кедергілерді азайтуға бағытталған бірқатар түзетулер қарастырылған. Бұл қызмет көрсету сапасын арттырып, оны азаматтарға қолжетімді әрі түсінікті етеді.
– Ал жастарды мемлекеттік қызметке тарту бағытында қандай өзгерістер бар?
– Иә, жаңа заң кадрлық саясаттың жаңа стандартын қалыптастыруды көздейді. Осыған байланысты жас әрі талантты мамандарды мемлекеттік қызметке тарту мақсатында мемлекеттік қызметке кіруге алдын ала даярлау институты енгізіліп отыр.
Бұл тетік мемлекеттік басқару жүйесіне қажетті құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған білім беру және практикалық іс-шаралар кешенін қамтиды. Ол мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейінгі кезеңді қамтып, жастардың мемлекеттік қызметке жүйелі түрде бейімделуіне мүмкіндік береді.
– Мемлекеттік қызметке қызығушылық танытқан азаматтарға іріктеу рәсімінің ашықтығы маңызды. Осы тұрғыда іріктеу жүйесі қандай өзгерістерді көздейді?
– Ең маңызды өзгерістердің бірі – конкурстық рәсімдердің толық цифрлық форматқа көшуі. Енді кандидаттарды іріктеу «Е-қызмет» интеграцияланған ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
Бұл шешім іріктеу үдерісінің ашықтығын, объективтілігін, қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар адам факторының ықпалын барынша азайтып, конкурсқа қатысушыларға тең мүмкіндіктер қалыптастырады.
– Мемлекеттік қызметте талантты мамандарды тартумен қатар, олардың кәсіби дамуы мен мансаптық өсуіне жағдай жасау да маңызды. Жаңа заңда бұл бағытта қандай тетіктер қарастырылған?
– Заңда «Б» корпусы мемлекеттік қызметшілері үшін лауазымдық деңгейге байланысты еңбекақы мөлшерін айқындай отырып, бір лауазым шеңберінде көлденең мансаптық өсу тетігін енгізу көзделіп отыр.
Бұл тәжірибелі мамандардың әлеуетін тиімді пайдалануға, олардың еңбегін әділ бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар еңбекақы жүйесін мансаптық өсу логикасымен үйлестіру бір лауазым ішінде кәсіби дамуға қосымша ынталандыру қалыптастырады.
– Заңның жалпы маңызын қалай бағалайсыз?
– Бұл заң мемлекеттік қызмет жүйесін сапалық жаңа деңгейге көтеруге бағытталған кешенді құжат деп айтуға болады. Ол мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттырып қана қоймай, азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Заңда көзделген жаңашылдықтар мемлекеттік қызметтің ашық, әділ, кәсіби және азаматқа бағдарланған моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік қызметтің дамуы – ел дамуының кепілі. Сондықтан жаңа заңның тиімді іске асырылуы мемлекеттік басқару сапасын арттырып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға өз үлесін қосады деп сенеміз.
Әңгімелескен –
Бану ӘДІЛЖАН,
«Egemen Qazaqstan»