Бүгінгі әлемде елдің шынайы әлеуеті оның институттарының сапасы, заңдарының әділдігі, қоғамының сенімі және ұлттық мақсат жолында жұмыла білу қабілетімен айқындалады.
Тарихқа зер салсақ, мемлекеттер көбіне сыртқы жаудан емес, ішкі сенімнің төмендеуінен әлсіреген. Заңға сенім азайса, тәртіп босаңсиды. Тәртіп әлсіресе, даму баяулайды. Даму баяуласа, қоғамның ертеңге деген үміті кемиді. Сондықтан әділет ұғымы еліміз үшін жай ғана саяси ұран емес, мемлекеттің ұзақмерзімді өміршеңдігінің басты шартына айналып отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құруға бағытталған реформаларының түпкі мәні де осында. Мемлекет басшысы «Amanat» партиясының тарихи қызметіне баға бере отырып: «Партия мемлекетімізді жаңғыртуға, Заң мен тәртіп қағидатына негізделген Әділетті Қазақстанды құру ісіне елеулі үлес қосты», деп атап өтті. Бұл – бір партияның ғана еңбегіне айтылған алғыс емес. Бұл – тәуелсіз елдің белгілі бір кезеңіндегі мемлекетшілдік дәстүрге берілген саяси баға.
Ал енді уақыт жаңа міндет қойып отыр. Конституция күшіне енер кезеңде еліміздің саяси жүйесі де сапалануы тиіс. Конституциялық заңдар қабылданды, мемлекеттік басқарудың берік жүйесі қалыптасып келеді. Мұндай жағдайда саяси партиялар бұрынғыдай тек сайлау науқаны кезінде көрінетін ұйым емес, қоғам мен мемлекет арасындағы тұрақты сенім көпіріне айналуы қажет.
Мемлекеттік басқарудың жаңа жүйесін қамтамасыз ететін Конституция елде тың дәуірді бастайды. «Әділет» партиясының ІІ съезінде ұйым төрағасы Айбек Дәдебай: «Біз бүгін Қазақстан дамуының жаңа кезеңінің негізі қаланып жатқан тарихи сәтте бас қосып отырмыз», деп осы тарихи сәттің маңызын дәл сипаттады. Бұл сөздерде жай ғана саяси мәлімдеме емес, жаңа кезеңнің жауапкершілігін сезіну бар. Өйткені жаңа Конституция – тек құқықтық құжат емес. Ол – жаңа қоғамдық келісімнің негізі. Ол – азамат пен мемлекеттің өзара жауапкершілігін қайта пайымдау. Ол – биліктің де, қоғамның да, партиялардың да жаңаша жұмыс істеуін талап ететін тарихи меже.
Әділет – тек моральдық құндылық емес. Ол – экономикалық өсудің, қоғамдық тұрақтылықтың және ұлттық қауіпсіздіктің де негізі. Әлемдік тәжірибе мұны талай рет дәлелдеді. Оған жақында жұмыс сапарымызбен барып келген Жапония да дәлел. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бұл ел күйреген экономикамен, қираған қалалармен, ауыр тарихи жарамен қалды. Табиғи ресурсы мол емес, аумағы шектеулі мемлекет еді. Бірақ Жапония қоғамды тәртіпке, білімге, еңбек мәдениетіне және институционалдық тұрақтылыққа жұмылдыра алды. 1955 жылы құрылған Либералдық-демократиялық партия елдегі саяси тұрақтылықтың және ұзақмерзімді даму стратегиясының өзегіне айналды. Жапониядағы ЛДП-ның феномені бір партияның ұзақ уақыт билікте болуында ғана емес. Оның басты сабағы – партияның кадр даярлау мектебіне, аймақтармен тұрақты байланыс орнататын институтқа, ұзақмерзімді даму стратегиясын қалыптастыратын саяси механизмге айналуында. Жапонияның экономикалық кереметі зауыттардан ғана емес, сенімнен, тәртіптен және институционалдық сабақтастықтан басталды.
Сингапур тәжірибесі де ерекше назар аударуға тұрарлық. Табиғи ресурсы жоқ шағын арал мемлекеттен әлемдегі ең бәсекеге қабілетті орталықтардың біріне айналды. Оның табысының негізінде меритократия, жемқорлыққа төзбеушілік, ұзақмерзімді жоспарлау, мемлекеттік аппараттың кәсібилігі тұрды. Сингапур көрсеткен басты сабақ мынау: аумағы шағын мемлекет те, егер ережесі әділ, институты тиімді, кадры сапалы болса, жаһандық деңгейдегі табысқа жете алады.
Малайзияның жолы да бізге ой саларлық. Малайзия шикізатқа ғана сүйенбей, өңдеу өнеркәсібі мен адам капиталын дамыту арқылы жаңа экономикалық модель қалыптастыруға ұмтылды. Бұл тәжірибенің де түйіні анық: даму үшін саяси ерік, тәртіп, ұзақмерзімді бағдар және қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыратын институттар қажет.
Осы елдердің барлығын біріктіретін ортақ заңдылық бар. Олар дамуды кездейсоқ табысқа емес, әділ ереже мен сенімге құрды. Бүгінгі Қазақстан да дәл осындай тарихи таңдау алдында тұр. «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай съезде: «Бүгінгі қоғамдағы әділдікке деген сұраныс ерекше жоғары. Азаматтар ұран сөздерді емес, нақты нәтижелерді күтеді», деді. Бұл – бүгінгі қоғамдық көңіл-күйдің өте дәл сипаттамасы.
Парламенттің VIII шақырылымы жұмыс істеген кезеңде 400-ден аса заң жобасы түсіп, 300-ден аса құжат Сенатта қаралып, 280 жуығы заңға айналды. Әр заң жобалары бойынша мыңдаған өзгеріс пен толықтыру енгізілді. Бұл – жай ғана статистика емес. Бұл – Парламенттің кейінгі жылдардағы заңнамалық жұмысының ауқымын көрсететін дерек.
Жаңа саяси кезеңде Парламенттің де, партиялардың да, мемлекеттік органдардың да ортақ міндеті – қабылданған заңдардың орындалуына жүйелі мониторинг жасау. Әсіресе әлеуметтік сала, өңірлік даму, кәсіпкерлікті қорғау, білім, медицина, цифрландыру, су және энергетика қауіпсіздігі бойынша қабылданған нормалардың нақты нәтижесін бағалау қажет.
Партия жұмысы да осы өлшеммен бағалануға тиіс. Партияның күші оның мүшелерінің санымен ғана өлшенбейді. Партияның күші оның өңірлердегі беделімен, азаматтың мәселесін шешу қабілетімен, кәсіби кадр даярлауымен, заң шығару үдерісіне қосқан нақты үлесімен өлшенеді.
«Amanat» осы жылдары үлкен ұйымдық мектептен өтті. Оның өңірлік желісі, Парламенттегі тәжірибесі, мемлекеттік реформаларға қатысуы, кадрлық әлеуеті – елдің саяси өміріндегі маңызды капитал. Енді осы капитал «Әділет» партиясының жаңа миссиясымен тоғысатынына сенім зор.
Президенттің «Amanat» партиясына алғыс білдіруі де осы сабақтастықты көрсетеді. Мемлекет басшысы партия мүшелерінің «Әділет» құрамында Отан игілігі жолындағы белсенді әрі нәтижелі қызметін жалғастыратынына сенім білдірді. Бұл жерде үлкен саяси мән бар.
«Amanat» партиясының «Әділет» партиясына қосылуы – тар партиялық мүддеден жоғары тұрған, ұлттық жауапкершілікке негізделген парасатты шешім», деп Айбек Дәдебайдың айтуы, бүгінгі өзгерістің саяси философиясын дәл ашады. Өйткені кейде ел тарихында ұйымдық есептен ұлттық мүдде биік тұратын сәттер болады. Кейде саяси күштердің өзара бәсекесінен гөрі елдің ұзақмерзімді тұрақтылығы мен дамуы маңыздырақ болады. Кейде партиялар өз болашағын емес, мемлекеттің болашағын ойлауы керек. Мемлекетшілдік дегеніміз – дәл осы.
Жаңа «Әділет» партиясының алдында үлкен міндет тұр. Ол Президент реформаларының саяси тірегі болумен қатар, қоғам сенімінің тірегіне айналуға тиіс. Яғни Астана төрінде ғана емес, өңірлерге жақын болып, заң шығару жұмысына мазмұн қосуы керек.
Жаңа Конституция бастайтын дәуірдің басты талабы да осы. Әділет арқылы сенімді нығайту. Сенім арқылы мемлекетті күшейту. Мемлекетті күшейту арқылы ұлттың болашағын қамтамасыз ету.
Тарих бізге талай рет дәлелдеген ақиқат: мемлекеттердің болашағын партиялардың саны емес, олардың сапасы айқындайды. Заңдардың көптігі емес, олардың әділ орындалуы айқындайды. Экономиканың көлемі емес, қоғамдағы сенімнің беріктігі айқындайды. Ал сенімнің ең берік іргетасы әрқашан әділет болып қала береді.
Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,
Сенат депутаты