14 Қаңтар, 2016

Бес ғажайып сәйкестік

292 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Аубакиров Айымбетов фото baq.kz сайтынанТоқтар Әубәкіров пен Айдын Айымбетов өмірлерінде орын алған

Жақында Астанадағы Еура­­зия ұлттық университетінде «Тұлғатану» қоғамдық жобасы аясында қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарма­ны Тоқтар Әубәкіровпен кез­­десу ұйымдастырған едік. Ұлт батырының әңгімесін тың­дап, сұрақтарына жауап алуға 800-ге жуық студент жиналды. Зиялы қауым өкілдері тағы бар. Айтайын дегеніміз, жоға­ры деңгейдегі кездесу жайлы емес, сол іс-шараға дайын­дық барысында біз көз жеткізген көп­­­теген ғажайып сәйкестіктер. 2015 жылдың қыркүйек айында қазақтың үшінші ғарышкері Айдын Айымбетов аспан әлемін бағындырды. Ал Тоқтар ағамыз оған ақ батасын беріп аттандырған еді. Мұқият бақылап қарасақ, қос батырымыздың арасында көптеген ұқсастықтар бар екен. Екі батыр бір айда, бір күнде өмірге келген екен. Туған күндері – 27 шілде. Тоқтар Әубәкіров 1946 жылдың, Айдын Айымбетов 1972 жылдың жазында дүние есігін ашқан. Жұлдызнама белгілері – аң патшасы арыстан. 27 шілде күні бұл азаматтардан бөлек Желтоқсан көтерілісінің құрбаны болған қазақтың қайсар қызы Ләззат Асанова, белгілі композитор Төлеген Мұхамеджанов туыпты. Туған күндер тарихына үңіліп қарасаңыз, басқа да тұлғалардан сәйкестік байқауға болады. Мысалы, ұлтымыздың ұлы жазушылары Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза және Оралхан Бөкей 28 қыркүйекте, яғни бір күнде туған түлектер. Ал Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафин бір жылда туып, бір жылда қайтыс болған. Өмір сүрген уақыттары 1902-1985 жылдар. Астрология ғылымында бір күнде туған адамдарды «Жұл­дызды егіздер» деп атайды. Ғалымдар олардың өмірлерінде, мінездерінде ұқсастықтар болатынын да жоққа шығармайды. Сол сияқты, қос ғарышкер арасындағы екінші ұқсастық: Тоқтар Оңғарбайұлы да, Ай­дын Ақанұлы да бір оқу орны­ның, Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесінің түлек­тері. Тоқтар Әубәкіров 1969 жылы, ал Айдын Айымбетов 1993 жылы оқуды аяқтаған. Арасы – 24 жыл. Тоқтар Әубәкіров ға­рыш­қа 1991 жылы ұшса, Айдын Айымбетов 2015 жылы көкке көте­ріл­ді. Арасы – 24 жыл. Ғажап емес пе?! Төртінші сәйкестік: тұңғыш ғарышкер 2 қазан күні, ал Айдын ағамыз 2 қыркүйек күні ғарыш сапарына аттанды. Күнтізбеге қарасаңыз, екеуі де аптаның сәтті сәрсенбісіне тура келеді. Соңғы және ең қызық сәйкес­тік: Тоқтар Әубәкіровтің ға­рыш­қа ұшқандағы командирі – Александр Волков болатын. Ал Айдын Айымбетовтің командирі Александр Волковтың ұлы – Сергей Волков! Мұның барлығын жай кез­дейсоқ сәйкестік дерсіз, дегенмен мықты тұлғалар арасында біз түсіне бермейтін тылсым ұқсастықтар болатыны рас сияқты. Осы деректердің барлығын Тоқ­тар Әубәкіровпен өткен кездесуде өзіне айтып бергенімізде таң-тамаша қалған. Содан кейін біз «Осыншама ұқсастық болатындай Айдын Айымбетов екеуіңіздің араңызда қандай байланыс бар?» деп сұрағанымызда, «Айдын – ме­нің балам!» деп әзілдеп еді. Расында, қазақтың батырлары өз ізбасарларына осылай қамқорлық жасап, қолдап жүргені өте жарасымды емес пе?! Абай СЕЙФУЛЛАҰЛЫ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті, «Тұлғатану» қоғамдық жобасының жетекшісі.  АСТАНА.