Тарих • 25 Сәуір, 2024

Әмір Темір сәулет өнерін ерекше қастерлеген

3987 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі санында тілші Әнуар Жұмашбаевтың «Әмір Темір және Алтыншоқы» атты көлемді мақаласы жарық көрді. Автор тарихи деректер тізбектелген материалына белгілі тарихшы, археолог Эмма Усманованың «Әмір Темір және Алтыншоқы төбесінің сыры» тақырыбында айтқан дәрісінен дәйек алған, деп жазады Egemen.kz

Әмір Темір сәулет өнерін ерекше қастерлеген

Фото: adyrna.kz

Әнуар Жұмашбаев мақаласында ұлы қолбасшы­ның 1391 жылғы жорығында Алтын­­шоқыда қандай із қал­дыр­ғаны туралы, сонымен қатар бұл жорық Алтын Орданың тағдырына қалай әсер етіп, Қазақ хандығының құрылуына негіз қалағанын тарқата жазған. Сондай-ақ елдегі топономикалық атаулардың, қала мен елді мекен аттарының көпшілігі сол Әмір Темір заманынан келе жатқанына назар аударылған. Оның ішінде Сайрам, Түркістан, Ұлытау атаулары бар.

Сондай-ақ мақалада Әмір Темірдің Шыңғыс хан ұрпағын пір тұтқаны туралы жазылып, екі билеуші құрған патшалықтың дәңгейі сараланған.

«Әмір Темірдің жеке тұлғалық қасиеті жөнінде де сөз қозғады. Тарихшының пайымынша, ұлы қолбасшының Шыңғыс тұқымынан болмағаны жанына қатты батқан. Өйткені Шыңғыс хан ұрпағын ерекше пір тұтқан. Үндістанға шабуылы кезінде билеуші Самарқандқа 6 піл әкелген. Ғалым сол жануар­лардан қалған жұрнақты зерттеп көргісі келеді. Әмір Темірдің селжұқтар ханы Баязидпен де соғысқаны тарихтан белгілі. Анкара түбіндегі шайқаста Баязид ойсырай жеңіліп, Әмір Темірдің қолына түскенін жақсы білеміз. Сол Баязидпен соғыстан кейін еуропалық монархтар шығыс жаулаушысы қылышын көтеріп, жер қайысқан қолмен бізге келетін болды деп қатты қо­рыққан көрінеді. Тарихшының айтуын­ша, Әмір Темір Шыңғыс хан секілді империя құрмаған. Оның жаулап алған жерлерінің арасында байланыс нашар болған. Сондықтан құрған патшалығы көп тұрмады. Көзі кеткен соң, артынша құлаған», деп тілші тарихшы Эмма Усманова келтірген деректерді түйіндейді.

Мақалада Э.Усманованың 1941 жылы Әмір Темір қабірін ашқан экспедиция және оның айналасындағы түрлі тылсым дүние мен алыпқашпа әңгіме туралы пікірі келтірілген. 

«Жұрт айтып жүргендей, «кім менің мүрдемді ашса, үлкен соғыстың бетін ашады» деген мағынадағы сөздер қабірінде жазылмаған. 1941 жылы қабірі қазылып, 1943 жылы қайта жерленген. Осы ара­лықта атақты антрополог­ Герасимов қаңқасына қарап, оның түр-сұлбасын жасайды. Әмір Темірдің сырт келбеті шынымен де моңғолтектес болған, сонымен бірге бойы 170 сантиметрге жетіп, 72 жасында дүниеден озған», деді Э. Усманова.

Әмір Темір билік ету, әскер жасақтау т.б. істерде Шыңғыс ханның өнегесін үлгі тұтқан. Ұлы қанға ұқсағысы келген. 

«Дешті қыпшақ даласындағы үлкен ұрыс Алтын Орданың ыдырауына, кейін оның орнына қазақ хандығының бой көтеруіне жол ашты. Шыңғыс хан өз заманында Қытайды жақсы көріп, соған еліктесе, Әмір Темір Иранды ерекше қадірле­ген. Оны артына қалдырған сәулеттік ескерткіштердің стилінен-ақ байқауға болады. Соның бірі – Түркістан жеріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Әмірші стратегиялық маңызы жоқ бірнеше майда шабуыл болмаса, үлкен жорықтардың ешқайсысында да жеңіліп көрген емес. Оның бұлай болуына әскери тактикаға енгізен реформалары да септігін тигізген болса керек. Мәселен, ол дәстүрлі әскерге инженерлік топтарды, жеңіл кавалерияны қосқан. Ал басқа тәсілдері бойынша барынша Шыңғыс ханға ұқсағысы келген», деп жазылған «Әмір Темір және Алтыншоқы» мақаласында.

Әмір Темірдің ішкі жан дүниесі бір-біріне қайшы келген өте құпия адам болғанын айтады. Ол миллиондаған жанның қанын судай ағызған әрі жа­уыз, әрі сәулет өнерін ерекше қастерлеп, «дала архитекторы» деген атпен тарихта есімін қалдырған тұлға болды. Ал тарих жадында сақтаған жауыздығы Шыңғыс ханнан да асып түсіпті. Бұл туралы мақалада мынадай мысал айтылған. 

«Тіпті оның жауыздығы Шыңғыс ханнан да асып түскен. Моңғол әміршісі бағынған халыққа тимеген, қалаларды өртеп, тұрғындарын жоймаған. Бірақ бұл қасиет Әмір Темірде жоқ еді. Ол алдына тізерлеп келсе де, адамдарды аяусыз қырған. Сондықтан да адам қаңқасынан қамал тұрғызған жантүршігерлік іс-әрекеттері осы күнге дейін тарихтағы ақтаңдақ болып қалды», деді Э. Усманова.

Мақаладан Әмір Темірдің Тоқтамыс ханмен сыйлас бол жүріп неліктен оның еліне шабуыл жасауға мәжбүр болғанын, Әмір Темір қашап жаздырған тақтатастың қазір қай елде екенін және өзге де қызық мәліметтерді оқып біле аласыздар.