Зерде • Бүгін, 08:52

Халық мұғалімі

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жамаледдин Бейсенов – Ыбырай Алтынсарин негізін қалаған қазақтың жаңа үлгідегі білім жүйесінің алғашқы легінде тұрған, ағартушылық мұратты өміріне серік еткен тұлға. Қостанайдағы екі кластық орыс-қазақ училищесінде білім алып, Орынбор қазақ мұғалімдер мектебін тәмамдаған ол бар саналы ғұмырын ел баласын оқытуға, қазақ қоғамының көзін ашуға арнады. Ыбырай Алтынсариннің шәкірті әрі ізбасары Ж.Бейсенов педагог, жазушы Спандияр Көбеевті алғаш мектепке жетелеп, оқу үйретіп, білім берген. Спандияр Көбеевтің «Орындалған арман» мемуарлық романында: «Жамаледдин Бейсеннің баласы еді. Орынборда оқытушылар даярлайтын мектепті бітіріп шыққан жас оқытушы болатын. Бағымызға қарай, Жамаледдин де, Досмағұл да, тіпті Ыбырайдың өзі де келіпті.

Халық мұғалімі

Біз аттан түсіп, мектеп үйіне қарай жүріп келе жатқанда, Жамаледдин қарсы шықты. Әкеммен сәлемдес­кеннен кейін:

– Немене, ақсақал, Спандиярды оқуға әкелдің бе? – деп сұрады.

– Иә, шырағым, оқысын деп әкелдім. Өзің айтып кіргізіп көр, – деді әкем.

– Мақұл, Көбеке, жүріңіз, – деп Жамаледдин бізді мектепке ертіп жүрді. Біз таялып келгенде сыпайы киінген, қолында қара папкасы бар, орта бойлы бір жас жігіт мектептен шықты. Досмағұл Тоқтабаев екен. Жамаледдин онымен бір-екі ауыз орысша сөйлескеннен кейін, Досмағұл бізді ертіп кеп мектепке кіргізді» деп жазғанынан аңғаруға болады.

Жамаледдин Бейсенов 1874 жылы Торғай облысы Николаев уезі Обаған болысындағы №2 ауыл­да туған. 2 сыныптық Қоста­най орыс-қазақ училищесін бітірген соң, 1891–1895 жылдары Орынбор қазақ мұғалімдер мектебінде білімін жалғастырады. Оны аяқ­таған соң, «бастауыш мектеп мұғалімі» деген біліктілік беріледі. Мұғалімдер мектебін бітір­ген жылы Орал облысындағы Қараоба болыстық орыс-қазақ мектебінің екінші мұғалімі болып тағайындалады.

Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музей қорында Жамаледдин суреті, 1907–1908 жылдарда Ж.Бейсеновтің отбасымен түскен фотосуретінің көшірмесі сақталған. Қостанай қаласында түскен отбасылық суретте Жама­леддин Бейсеновтің өзі, әйелі Кенжекей, қызы Мәриям, ұлы Ғабдрашит бар.

1905 жылдан Жітіқара – Шұбар болыстық мектебінің меңгерушісі болады. 1909 жылы Жамаледдин жайындағы мәліметте: «Заведую­щий Джаляляддин Бейсеновия Бейсенов. В службе с 1895 г., ­­ в должности с 1905 г.Ок.к. Орен­бургской киргизской учительской школы», деп беріледі. Өмірінің соңғы жылдарында Қостанай уезіндегі Забеловка 2  кластық училищенің мең­геру­шісі міндетін атқарады. Забе­лов­ка­да қызмет атқарып жүргенде кенеттен науқастанып, 1913 жылы қайтыс болады. Мектеп ашып, ағартушылық қызмет еткені ескеріліп, «Ыждағаттығы үшін» («За усердие») күміс медалімен марапатталған. Бұл күміс медаль өте сирек берілетін болған. Осыдан-ақ Жамаледдин Бейсеновті еңбегі қалай баға­ланғанын білуге болады.      

1913 жылы қайтыс болған кезде оған деген ел құрметі Сұл­танмахмұт Торайғыровтың «Айқап» басқармасына хат» мақаласынан аңғарылады: «Өткен октябрь жұлдызының 26-сында Троицкідегі «Русско-татарская школдың» бас учителі Латифолла мырза Ғабдулғазизов дүниеден қайтты. 29-октябрьде, бейсенбі күні жаназасы оқылып, аса қадір-құрметпен жамбасы жерге тиді. Марқұм ес біліп, ержеткеннен бері қарай татар міллетіне көп еңбек сіңірген, сақалсыз балалар былай тұрсын, көп сақалды балалардың көзін ашқан, Троицк шәһәрінде не түрлі жақсылық істерге себепші болған бір кісі еді. Сонысына қарай өлімі де жұртқа қадірлі болды. Медреселерде дәрістер (сабақтар) тоқтатылып, қайғысына ортақтасты. Рухына құран хатым айттырылды. Жана­засына жер қайысқан кісі жиылды. Бас адамдары қабірінің қасында марқұмның қылықтарын сөйлеп, көңіл көздерінен күйік­­­ті жастар моншақтатып ұмыт­пайтындықтарына уағда етті. Міне, көздері ашылып, көңілдеріне сәуле кіре бастаған жұрт балалары оқытушының қадірін қалай біледі. Мұнан, бір жұма бұрын, 23 октябрьде Қостанай уезі Обаған болысының қазағы Жамалиддин мырза Бейсенов Қазанға ауруын қарата барғаннан кейін қайтып келе жатып, үйіне жете алмай, Троицк шәһәрінде опат болды.

Марқұм «Русско-киргизская школдың» заведующийі еді. Қыршын жас жақсы қазақ балаларының школға кіруіне көп көмегі тиген, қазақшылық ісінде шын мұсылман бір адам еді. Мұның өлімінің жай қазақтың өлімінен көп айырмасы болмады. Бұл біздің қазақта оқытушының құны не дәрежеде қымбатты екенін көрсетеді. Байқаңыз, біздің оқытушылық қалай көмілді, бізбен туысқан, қатарымыз деп жүрген та­тардың оқытушысы қалай көмілді?

Ердің еңбегін ер білерлік заман бізге де болар ма екен? Біздің еңбекшілерімізге де сондай күн туар-дағы? Бірақ қашан? Қайда?».

Ол – ұлт болашағына қызмет еткен нағыз халық мұғалімі.

 

Салтанат ӨТЕЛБАЕВА,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің магистранты

Соңғы жаңалықтар