Жер атауын бұрмалаушылардың пікірінше, «Ескіде елге қадірлі бір ақсақал: «Әй, дұрыстап қара!», «Жіті қара» депті. Сол сөз халық санасына соншалықты сіңіп, жер атауына айналып кеткен-мыс. Тіпті ақылға сыймайды. Оның үстіне, «Жіті» үстеу сөз ғой, қимылдың сынын білдіреді. Жер атауларының жасалу тарихында үстеу сөз атымен жоқ, мүлде кездеспейді. Жер-су атауы көбіне-көп сан есім мен зат есімнің (Жетісай, Жетісу, Жетібай, Үштөбе, Үшарал), сын есім мен зат есімнің (Меңдіқара, Қарамеңді) тіркесінен жасалады. Атжарған, Қалмаққырылған, Түйесойған тәрізді мекен атауларының құрамындағы етістіктің өзі есімше жұрнағы арқылы атау мәнге ие болып кеткен.
Ал үстеу сөз бен бұйрық райдағы етістіктен жасалған «Жіті қара!» тіркесін бүтіндей бір өңірге, ауданға телу мүлде ақылға қонбайды. «Жіті қара!» деп кімге бұйырып тұрмыз? Тауға ма, елге ме? Қайда қарауымыз керек? Кім түсіндіреді?...
«Жітіқараның авторлары былай дейді: «Ол кездегі жаугершілік заманда төбенің басына шыққан адам 40–50 шақырымға дейін анық көре алатын болған. Күзетке барғандар тау төбесінен орын алатын. Ақсақалдар оларға «Алысқа жіті қараңдар» дейді екен».
Мен – осы Жайылма, Жітіқара өңірінің төл тумасымын. Халқыммен бірге өмір кешіп келе жатқаныма бір ғасырдан асып барады. «Таудың төбесіне шықтым деген бір жанды естімедім. Таудың биіктігі жарты шақырымға жуық. Сонда жаңағы «таудың төбесінен орын алған күзетшілер» хабарды қалай жеткізеді? Таудың басына атпен шыға алмайды, даусың жетпейді. Ал қалың жауды көрген екен. Тау басынан тырбанып жерге түскенше, жаңағы жау елді шауып та кетпей ме?
Яғни «Жітіқара» – еш қисынға келмейтін атау! Оның үстіне, елдің тілге жүйрік ақылды ақсақалы «Алысқа жіті қара!» деп анайы сөйлемес еді. Жайдары жатық қазақы тілмен «Жан-жақтарыңа жете көз салып отырыңдар, сақ болыңдар» демес пе еді? Сондықтан мойнымда қарыз болып кетпесін, жүзден асып отырған шағымда осы мәселеге жауапты азаматтардан менің туған жерімнің тарихи атауын қалпына келтіріп, Жетіқара деген дұрыс атауын орнықтырып беруді сұраймын.
Қасымхан Алдабергенов,
соғыс ардагері
Қостанай облысы