Бұдан былай жаңадан ашылған бөлімде емдеу үдерісіне клиникалық-фармакологиялық бағалау жүргізу, терапияның тиімділігі мен қауіпсіздігін бақылау, емдеу тәсілдерін ұтымды таңдау, дәрілік заттарды сұйылту жұмыстары жүзеге асырылады. Сонымен қатар дәрілік заттарды есепке алу және сақтау қоймасы жұмыс істейді.
Ашылу салтанатына келген қонақтар таблетка түріндегі дәрілерді дәл мөлшерлеуді қамтамасыз ететін, адам факторының әсерін азайтып, дәрілерді беру үдерісін жеделдететін автоматтандырылған жүйесімен танысты. Сондай-ақ дәрілік заттарды сақтау жағдайларын қатаң бақылауға, қалдықтар мен жарамдылық мерзімдерін нақты уақыт режимінде есепке алуға, дәрілердің сақталуы мен қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік беретін автоматтандырылған сақтау кабинеті және роботтандырылған жеткізу жүйесі көрсетілді.
КІАҒЗИ Басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев дәрілік қамтамасыз етуді цифрландыру жобасын таныстыра отырып, автоматтандырылған шешімдерге көшу дәрілік заттарды басқаруды жаңа деңгейге көтеретінін, заманауи әдістеме дәрілік препараттардың клиникаға түскен сәтінен бастап пациентке берілгенге дейінгі бүкіл өмірлік циклін үздіксіз бақылауға негізделгенімен адам факторын барынша азайтатынын атап өтті.
«Мемлекет басшысының денсаулық сақтау инфрақұрылымын кезең-кезеңімен цифрландыру, заманауи автоматтандырылған жүйелерді енгізу сынды тапсырмасын орындау мақсатында госпитальдық фармация бөлімінде дәрілік қамтамасыз етуді цифрландыру жұмыстары енгізіліп жатыр», деді ол.
Клиникалық фармакология бөлімінің басшысы Айгүл Бақтығалиева жаңа технологияларды енгізу арқылы 1С бухгалтериясы мен DAMUMED ақпараттық жүйелерін біріктіруге, бөлімшелердегі медицина қызметкерлерінің уақытын оңтайландыруға, дәрілік қамтамасыз етудің жылдамдығы мен сапасын арттыруға және логистикалық шығындарды азайтуға мүмкіндік туатынына тоқталды.
Алматы облысында 20 түрлі дәрі шығаратын жаңа зауыт салынады
Автоматтандыру мен цифрландыруды енгізудің басқа да артықшылықтары бар. Атап айтқанда, дәрілік заттардың қозғалысының толық ашықтығы қамтамасыз етіледі, ал үдерістерді автоматтандырудың бес деңгейлі бақылауы тәуекелдер мен қателіктерді азайтады.
Цифрландыру медициналық көмектің сапасын үздіксіз дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету деңгейінде жақсартады, пациенттердің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Ал есепке алуды автоматтандыру ресурстарды ұтымды бөлу есебінен 18%-ға дейін үнемдеуге жол ашады.