15 Қаңтар, 2016

Осы заман хакімі Әбіш еді

444 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
әбіш 001Бүкіл жұрттың, бүтін жұрттың көңілін мұңайтып, жанын жабырқатып, мына өмірдің өткінші екенін көрсетіп, бұл фәниден бақилыққа ұлы Әбіш Кекілбайұлы аттанғалы да 40 күнге таяп қалыпты. Ұлттың ұлы тұлғасы болып туу сирек құбылыс. Құбылыс болып келген адам саналы өмірін ұлты мен жұртына арнайды. Аяулы Әбіш Кекілбайұлы дәл солай ұлтқа адал қызмет етіп, өнеге көрсетті. Өзінің алдындағы дара да дана Мұхтар Әуезовтің назарына ерте ілініп, топ жарған алыпқа өзі ұстаз санаған ұлы Мұхаңның білім-білігін, кескін-келбетін, бітім-болмысын, кереқарыс маңдайды да, қаз дауысты таңдайды да берген. Он жеті жасында Алатаудың баурайындағы азаттығымыздың алтын бесігі саналатын әсем Алматыға келіп, қырық жыл өмірін өткізген, сол уақытта қаламгерлігімен танылып, қалыптаса келе кемеңгер қоғам қайраткері болды. Тәуелсіздікке қол жеткен тұста ақыл-парасатымен алға озып, ел болудың елең-алаң тұсында Елбасымен бірге ұлтты ұйытып, жұртты жұмылдырып: «Ойдағымыз болды. Ортамыз толды. Төбедегі келді. Ақ жолдың алдындамыз. Үлкен тілектің үстіндеміз», деп аталы сөзді тербегенде, баяғы баба абыздарымыздың үрдісін жаңғыртып, ұлықты да, ұлтты да, өзге жұртты да ұйытқаны есте. Тәуелсіздіктің ширек ғасыр уақытында осы үлгісінен жаңылмай, ел зиялыларының көш басынан табылғаны және бар. Осылайша, Алаш арысы бүкіл саналы ғұмырында ұлттың ұлы, бүкіл адамзаттың айтулы ақыл иесі дәрежесіне көтерілді. Қазақ әдебиетінің тұтас бір дәуірі саналатын қоғамдық қызметтің іргесін бекіту кезіндегі сын сағатта қара нардай табандап тұрып, қандай салмақты да көтере білген халық жақсысының қырқы 16 қаңтар күні өзі ең жарқын жылдарында қанаттанған Алматы қаласында беріледі. Бұл да жас әкім Бауыржан Байбек бастаған қала басшылығының жол білуінің, жөн білуінің бір белгісі дер едік. Онда алдындағы ағалары, телқоңыр замандастары, арқа тұтқан інілері ардақтысын еске түсіріп, кісілігін, кемеңгерлігін айтары анық. Төмендегі толғамды лебіздер де ардақты Әбекеңнің асыл рухына арналады. «Аққұсым әуелеп аспанға ұшып кетті, алтын қоңырауым үзіліп жерге түс­ті» деген екен бабаларымыз жақсысы мен жай­саңынан айырылып бір-біріне көңіл айтқанында. Әбіш дүниеден өткелі біздер де осындай жағдайда болып жүр­міз. Әбекең біздің рухани өміріміздің ақ құсы, алтын қоңырауы емес пе еді?! Қазақ сөзінің хас шебері, баршамыз құр­мет тұтатын хакім ғой Әбіш. Біздер, қазақтар, сөзді тек сұлулығына ғана емес, оның мәнін, астарын терең түсінуге тырысып, ерекше бағалайтын халықпыз. Сондықтан да аталы сөздің хас шеберлерінің есімдері ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жетіп, халық жадында сақталуда. Қазақ сөзінің қасиеті қонған хакім Абай деп мақтаныш етіп, өсиетін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп жатырмыз. Құдайға шүкір, Абайдан кейін де төл тіліміздің мәні мен нәріне ерекше үлесін қосқан кемең­герлеріміз баршылық. Өткен XX ғасырда рухани көсеміміз деп бар­шамыз құрметтеген Ахаңды (Байтұрсынұлы), сол замандағы әдебиеттегі «алыптар тобының» туын тіккен Мұхаң (Әуезов) мен Ғабеңді (Мүсірепов) айтсақ та болады. Осылармен қатар, қазақ сөзінің қасиеті қонғандардың бірі емес, бірегейі болып, ата жасынан абыз жасына бет алған шағында бәрімізді күңірентіп ойда жоқта дүниеден өткен Әбіш Кекілбайұлы еді. Сонау ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап соңғы күндеріне дейін қазақ сөзінің хас шебері деген халық берген зор атаққа Әбекең ие болып, ұстаған туын бір сәт те қолынан түсірген жоқ. Талай жауһар туындылар – романдар, повестер, драмалық шығармалар, терең толғанысты ғылыми еңбектер Әбекең қаламынан үзбей шығып жатты. Біздер, оқырмандар, олардың көркемдігіне қызығып, айтылған ойдың тереңдігіне сүйсініп жүрдік. Ұлттық әдебиетімізде небір тебірене жазылған шығармалар баршылық. Бірақ, алысты болжап, өткен күндер мен өз заманымыз­дың ерек­шеліктері мен талаптарын дәл басатын асыл ойдың тереңдігі жөнінде Әбекең шығармаларына тең келетін әде­би туындылар аз, тіпті жоқ десек қателеспеспіз. Осыған орай Әбіш Кекілбайұлының азаматтық тұлғасы туралы сөз қозғасақ, оны біздің заманымыздың терең ойшыл кемеңгер азаматы дер едім. Әбекеңді жазушы ғана емес, ғалым деп айтуымызға да толық негіз бар. Оның айғағы «Егемен Қазақстанның», басқа да басылым­дардың бетінде жарық көрген, өткен мен бүгін және болашақ туралы табанды ізденістері, соның нәтижесінде туған терең ой мен ауқымды тұжырымдар. Олардың негізінде мен Әбекеңді тек жазушы емес, біздің заманымызда хакім дәрежесіне лайық бірден бір азамат, тұлға деп санаймын. «Әрбір ғалым хакім емес, әрбір хакім ғалым. Хакімнің ісі, мақсаты, ой шеңбері ғалымға қарағанда, әлдеқайда кең, әрі мазмұнды», деген екен данышпан Абай. Қазақстанда, құдайға шүкір, бұрын да, бүгін де майталман ғалымдар баршылық. Ашқан жаңалықтарымен әлем көкжиегіне көтеріле біліп, орнықты орын алып, ел мақтанышына айналғандары да бар. Дегенмен, алысты, көкжиекті көз жетпесе де ойлап шолу, қиялмен болжау басқа замандастарынан бұрын Әбекеңе тән қасиет. Сондықтан да хакім деген зор атақ бірден бір Әбекеңе жарасады. Оның болашақ туралы тамаша тебіреністері ешкімді енжар қалдырмайды. Өзінің асыл ойларын замандастары түсінбегеніне қынжылып, қиналып еді данышпан Абай. Осылай асыл ойдың тұтқыны болу Әбекеңнің басында да болуы мүмкін, болды да. Өйткені, ойшыл адамның өмірі қай заманда да оңай болып көрген жоқ. Олар әрбір заман құбылысын терең түсіне, алысты көре біледі, заман қайшылықтарын, олардың салдарын болжай біледі. Осылардан туған ой-тұжырымдарды бірде айта аласың, бірде заманың үндемегеніңді қалайды. Өз заманыңның бірде ұлы, бірде құлы боласың деген сөздер осыдан туған шығар. Әбекең – алты алашқа есімі танылған қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері. Бұлар шынайы берілген атақ, дәрежелер. Дегенмен, осының бәрі тек сырт көрініс қана. Мен білетін Әбекең – өте еңбекқор адам. Өмір бойы тынбастан ізденіс үстінде, терең ойдың құшағында жүрді. Небір жауһар туындыларды, асыл ойларды, Абай айтқандай, бұлқынтып базарға алып шығу үшін қанша тер төккенін Әбекең өзі ғана біледі, бірақ біздің байқауымызша, ол аз тер емес. Өмірінің соңғы кездерінде Гете айтқан екен дейді: «Мені жұрт тағдырдың еркесі дейді. Өз өмірім туралы өсек айтып, өкініш жұтып неғылайын. Маған бұйырғаны ауыр бейнет болыпты... Бейне өмір бойы қойтасты көтерумен келемін». Осы айтқандай, шынайы талант қырлары тек тынбай ізденіс, еңбекпен ашылады. Жасампаздық жолында ауыр да жемісті еңбектің үлгісін Әбекең де көрсете білді. Жоғарыда Әбекеңді мемлекет қай­рат­­кері дедік. Егемен еліміз­дің Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының сенімді сарбазы болып өте жауапты қызметтер атқарды. Оларды әділ, халқына деген шынайы жанашырлықпен атқарды. Осында да Әбекеңнің қолына ұстаған туы асыл сөз болды. Сонау еге­мендіктің алғашқы жылдары Әбіштің мына бір қыран сөздері қиыншылыққа тіреліп, абыржыған халықтың көңілін орнықтырып, рухын көтеріп, жігерін өсіре біліп еді: «Бұрын қарауыңда бірде көшіп, бірде шығып кетіп жүрген жер-суың түгелдей өз билігіңде. Қонса қонысқа, көшсе өріске кенде қалмаған кең даласының асты қат-қат қазына, ұқсата алса ырзық-несібесі жеткілікті сияқты. Содан бұдан да қолайлы, бұдан да артықша жағдай талап ететін біздің қазақ, немене, Құдайдың құдасы ма еді, қарын бөлесі ме еді? Жұрттың тәуекелі тұрғанға оның тәуекелі неге тұрмайды? Қалған жұрттың қолынан келіп жатқан оның қолынан неге келмейді? Біреуміз ұрыншақ, біреуміз сұраншақ, біреуміз жылам­сақ бола бермей, ұлт болып ұйып, тарихтың қолымызға өзі әкеп берген мүмкіндігін іс қылып шығару жолында белді неге бекем бумаймыз? Бұдан жаманымызда тойға барған ел емес пе едік? Өткінші қиындықты айтып, өз жігерімізді өзіміз жасытып, соншама неге гөй-гөйлей береміз? Қызыл қарын жас бала қамы үшін небір кер замандардың кезінде отқа түс десең отқа түсуге пейіл болған кешегі қара шалдардың қажыр-қайраты қайда? Солардың қашқан елдің кебежесімен, босқан елдің керегесімен қалқалап, аман сақтап алып қалған елдігі мен есендігін енді келіп аман сақтап қала алмай бізге не көрініпті?». Осы бір асыл сөздерді Әбекең сонау егемендіктің алғашқы жылдары жаңа заманның ырғағына ілесе алмай, сары уайым сапырғандардың аптығын басу үшін айтып еді. Бүгінгі күндері баға өсіп, тұрмыс төмендеп, жалғыз біз емес, көптеген әлем елдерімен бірге дағдарысқа тіреліп тұрған кезімізде олардың сырын түсінбей, қиыншылығына төзбей жалған ұранын шулатып жүргендерге басу айту үшін Әбекеңнің осы қыран сөздері тура келіп-ақ тұрған жоқ па?! Қандай қиындық болса да оны жеңу үшін айқай-шу емес, қажырлы еңбек керек, болашаққа сенім керек, халқының бірлігі керек. Әбекең өсиеті біздерді осыған шақырады. Әбекеңнің туып-өскен өлкесі – Маң­ғыстау. «Көзің барда Маңғыстауды көріп қал», деп ұран салатын еді Әбіш. Тек қана ұран емес, қолына қалам ұстағаннан бастап Әбекеңнің туған өлкесі туралы айтып, жазғандары тұтас бір шежіре. Әбекең таланты мен Маңғыстау табиғаты біртұтас, бірге туысқандай. «Кісі қаншалық дарынды болса, соншалық табиғат құшағына жақын» деген екен Бальзак. Осындай тамаша жарасымдықты Әбекең шығармашылығынан да көреміз. Әбекең шақыруымен бір емес бірнеше рет Маңғыстауға бардық. Оның қасиетті шоқыларының бәрі­нің басына шықтық. Бағзы заманнан еліне рух бола білген әулие-әмбиелердің басына барып тәу еттік. Осы бір тұла бойы тұнған тарихи өлке туралы, оның рухани қазынасы, жер байлығы, жалпы Маңғыстау өңірінің бүгіні мен ертеңі туралы Әбекең айтпаған әңгімелер жоқ. Баршамыз басымызды иетін көне даналар-әулиелер туралы да Әбіштен артық айтқан адам жоқ. Көрнекті әдебиетші Мырзатай Жолдасбеков Әбекеңнің көрегендігін, бойындағы әулиелерге тән жақсы қасиеттерін жоғары баға­лап, оның өзін де әулиелер қатарына қосады. Бұл да шындықтан алыс жатпаған Әбекеңнің азаматтық тұлғасына берілген жоғары баға болуы керек. Әбекеңмен бір емес, екі рет Торғай өңірін араладық. Барған сайын ертеде «Үркер» романын жазып жүргенде өздерімен талай әңгіме-дүкен құрған, ел тарихын жақсы білетін сол өңірдің қарияларын іздейтін. «Осы өңірдің қара шалдарының тарихи жады мықты еді, «Үркерді» жазу үстінде көп мәлімет алып едім», деп отыратын Әбекең. Торғай халқы Әбекеңді туған баласындай сағы­нып қарсы алушы еді. Тек Торғайда ғана емес, Қазақстанның басқа өңірлерінде де Әбішпен кездескен халықтың қуанышын көріп, оны барша елінің сүйікті ұлы, ұлт перзенті екенін көзіміз көріп жүрді. Бүгін Әбіш ортамызда жоқ. Өмір­дің қайтып келмес желкеніне мініп кетті. Артында өзі еңбегін аямаған, ұрпақ өсі­ріп, өркениеттің жаңа асуларына бет алған халқы қалды. Артында рухани мол мұрасы қалды. Өскелең ұрпақ онымен сусынын қан­дыратынына сөз жоқ. Сөйтіп, ол әрқашанда бізбен бірге. Артында сүйген жары Клара, ер жет­­кен перзенттері мен неме­ре­лері ат үстінде. Әбіш тіккен қа­ра шаңырақтың туы әрқашанда желбіреп тұруын тілейік. Артында Иманғали сияқты ағасына тіреу бола білген біртуар азамат, інілері бар. Олардың амандығын тілейік. Тұлғасыз ұлт – тұлдыр ұлт деген ұғым бар. Құдайға шүкір, үлкен тұлғалар кеше де, бүгін де ортамызда бар. Солардың бірі емес, бірегейі Әбекең. «Игі жақсыға жарымаған ел – бақытсыз ел», – деген екен Абай. Біз игі жақсыларды естен шығар­май, есімін мақтанышпен айтатын халықпыз. Қазіргі замандағы игі жақсыларымыздың бірі емес, бірегейі де еді Әбекең. Дәм-тұзымыз жарасқан замандас, сыйлас, сырлас болған досымыздың жарқын бейнесі әрқашан өзімізбен бірге, жаны жәннатта болсын! Кенжеғали САҒАДИЕВ, академик.