15 Қаңтар, 2016

Туберкулез жазылмайтын дерт емес

1322 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
TBТуберкулез дертін халқымыз құрт ауруы деп сипаттайды. Бойын­да қырым артық еті жоқ, жү­зі қуарып, ине жұтқандай иіліп жүре­тін адамдарды «мынау құрт ауруымен ауырған ғой» деп жатады. Құрт ауруының емі деп қымыз, әсіресе, саумал жиі айтылатын. Емшілер иттің, шошқаның тіпті, аюдың майы мыңда бір ем дейді. Алайда, мұның ешқайсысы адамның иммунитетін көтергені болмаса туберкулез дертін жа­за алмайды екен. Бұл туралы Шымкентте өткен халықаралық ғы­лыми конференциядан соң баспасөз мәслихатында Тубер­кулез мәселелері жөніндегі ұлттық орталықтың директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Тілеухан Әбілдаев айтқан. Өткен жылы облыстық туберкулезге қарсы диспансердің құрыл­ғанына 90 жыл толған. Осыған байланысты Шымкенттегі ОҚО Мемлекеттік фармацевтикалық университетінде халықаралық ғы­лыми конференция өтіп, оған елі­міздің барлық өңірінен осы саланың өкілдері келіп қатысты. Облыстық диспансерді білікті маман, медицина ғылымдарының кандидаты Болат Сағымбеков басқарады. Болат Салыбекұлы кезінде халқымызды баудай түсірген ауыр науқастың облысымызда емдеу ісі қолға алынғанына 90 жыл тол­ғанына орай тарихын рет-ретімен жіліктеп берді. Оңтүстік Қазақстан облыстық туберкулезге қарсы диспансер сол кездегі Сырдария губерниясының халқына арналып, 691 571 тұр­ғыны бар Шымкент қаласында ша­­ңырақ көтерген екен. Бұл емдеу орталығы 25 төсек орынға ға­на арналған. 1925 жылдан 1941 жыл аралығында В.В.Прошина, О.А.Не­­чаева, К.А.Лазаркевич – осы саланың алғашқы ұйым­дасты­рушылары болыпты. 1952 жылдан 1962 жыл ара­лығында туберкулезге қарсы төсек орын қоры 5 есе көбейтілген. Ал­ғашында медициналық мекемелер негізінде бірнеше төсек орынға арналған тубкабинеттер ұйымдастырыла бастаған. Осы ретте, Леңгір, Кентау қалалары мен Сарыағаш, Алғабас, Ленин аудандарында тубдиспансер бөлімдері құрылған. 1955 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық туберкулезге қарсы қызмет 225 төсек орындық диспансерлерден, 15 тө­сек орындық 6 тубкабинеттен, 200 төсек орындық 2 облыстық санаторийден, 820 орындық Респуб­ликалық деңгейдегі («Балықшы», «Ванновка», «Шымған») 3 сана­торийді құраған. Республика бойынша туберкулезге қарсы қызметті қалып­тастыруда , туберкулезді анықтау мен емдеудің жаңа тәсілдерін ендіруде бұрынғы Шымкент облысы алдыңғы қатарда болды. 1959 жылдан бастап облыстық туберкулезге қарсы диспансерде туберкулездің созылмалы түрлерін хирургиялық жолмен емдеу қол­ға алына бастаған. Алғаш рет дәрігер хирург В.Малобродский интубациялық наркозды пайдаланып өкпе туберкулезіне ота жасаған. 1964 жылы туберкулезді хирургиялық жолмен емдеу, еңбек­ке қабілеттілігін оңалдыру арқылы емнің тиімділігі 85,5 пайыз жағдайға қол жеткізген. Осы жылы балалар бөлімшесі ашылған. 1964 жылы туберкулез ошағындағы балалар мен жасөспірімдерді оқшаулау мен хи­­­миопрофилактикалық еммен қамту және жыл бойы бола­тын балабақшалар мен мектеп интер­наттарға орналастыру бас­талған. Денсаулық сақтау саласының тәжірибелі ұйымдастырушылары Н.Ф.Маринич, Т.Оразалиев туберкулезге қарсы іс шараларды одан әрі жандандырады. 1963-1966 жылдары алғаш рет жылжымалы флюороқондырғылардың көме­гімен тұрғындарды профи­лакти­калық тексеру ұйымдас­тырылады. 1989-2001 жылдары туберкулезге қарсы қызметті облыстық мәслихаттың депутаты, медици­на ғылымдарының кандидаты Сәулетбек Қалдыбайұлы бас­қарды. Бұл Одақтың тарау алды, эпидемиологиялық жағдайдың күрделенген, туберкулин, БЦЖ вакцинасы, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етудің нашарлаған кезеңі болатын. 1998 жылы Қазақстанда жаңа ДОТС бағдарламасы ендірілді. ДОТС бағдарламасымен науқас­тарды құнарлы тағаммен, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету қолға алынды. Химиорезистентті туберкулезді диагностикалау жүйелендіріле бастады. Туберкулезге қарсы бірін­ші қатардағы дәрілерге сезімтал­дық тестін қою ендірілді. С.Қалды­байұлының қатысуымен Бәйдібек, Ордабасы аудандарында 1997-2002 жылдары «Шекарасыз дәрі­герлер» атты халықаралық ұйым ашылып, қайырымдылық және тәжірибелік көмек көрсетілді. С.Қал­дыбайұлының ісін денсау­лық сақтау саласының тәжіри­белі ұйымдастырушылары Б.Тор­гаутов, Д.Төлепбергенов, С.Са­қыбаева, Ж.Спанқұлов, П.Бердалиевтер жалғастырды. 2011 жылға дейін облыстық туберкулезге қарсы қызмет 1790 төсектік диспансерден, 500 тө­сектік шипажайдан, 400 төсектік «Қазығұрт» мектеп-интернатынан, 180 төсектік 2 арнайы бала­бақшадан, 165 төсектік балабақ­шадағы сауықтыру топтарынан құралған болатын. Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты 2011 жылы облыстық туберкулезге қар­сы қызметті оңтайландыру бас­талды. Материалдық-техникалық базасы нашар, төсек қоры тиімсіз пайдаланылған диспансерлер қысқартылды. Облысымызда туберкулезге қарсы төсек орын қорын тиімді пайдалану мақсатында кезең-кезеңімен өткізілген оңтай­ландыру нәтижесінде 1790-нан 970-ке дейін қысқартылып, ал санаторлық сауықтыру төсек орындар 500-ден 730-ға дейін кө­бейтілді, 9 ауданаралық диспан­серлер құрылып, туберкулез бойын­ша эпидемиологиялық жағ­дайдың тұрақтануына орай, 8 дис­пансер стационарсыз дис­пансерлік бөлімшелер болып қа­лыптастырылды. Бүгінгі күні нау­қастар ағымы бір стационарға бір ғана инфекциялық статуспен жат­қызылады. Облыс бойынша туберкулездің жұқпалы түрін анықтау мақсатында қосымша жаңа 6 микроскопиялық зертханалар ашылды. Бүгінгі күні облыс бойынша жалпы туберкулезге қарсы мекемелерде 18 бактериоскопиялық зертхана, жалпы емдеу саласында 26 зертхана қызмет атқарады. Химиялық резистентті туберкулездің бакте­рио­логиялық диагностикасы бір жүйеге келтіріліп, жол­ға қойыл­ған. Жеделдетілген диаг­ностикалаудың екі Бактек аппара­тының көмегімен туберкулезге қарсы дәрілерге сезімталдық тес­тін қою әдісі, рифампицин препа­ратына сезімталдықты 2 са­ғатта анықтайтын малеку­ляр­лы-генетикалық G-Xpert экспресс әдісі ендірілген. Тубер­ку­лезге қарсы қызметтің рент­ген­флюорографиялық қоры кү­шей­тілген. Облыс бойынша 98 көп­қызметті стационарлық диаг­ностикалық рентген аппараты, 38 жылжымалы флюорографиялық қондырғылар алынған. Науқастардың иммунитетін жоғарылату үшін саумал бағдар­ламасы қарастырылған. Саумал барлық науқастарға стационарда ем алу барысында, ересектерге арналған «Балықшы» шипажайында жалғастыру кезеңінде және сауықтыруда жүрген науқастарға қолданылады. Атқарылған туберкулезге қар­сы шаралардың нәтижесінде облыс бойынша туберкулезден эпидемиологиялық жағдай соңғы жылдарда тұрақтанып келеді екен. Соңғы он жылда туберкулез бойын­ша аурушаңдық халықтың 100 мың тұрғынына шаққанда 46,5 пайызға 105,8-ден 56,6-ға дейін, өлім көрсеткіші 3 есе 11,7-ден 3,8-ге төмендеген. Туберкулез – оңай жазылатын дерт емес. Болат Сағымбеков осы ауруханаға бас дәрігер болып бекітілгенде Алматыдағы №7 қа­лалық аурухананың басшы­сы, медицина ғылымдарының докторы Болат Баймаханов телефон шалып құттықтайды. «Сенің жұ­мысың нағыз жалқаудың жұ­мысы ғой» дейді тілінің қотыры бар, трансплантация жасаудан республикадағы ең мықты маман. « Неге?» «Ауруға бір шелек дәрі бересің де, алты айдан соң «Қалай жағдайың?» деп сұрайсың. Басқа жұмысың жоқ қой». Әзілге сүйесе де осы дертпен ауырған адамдардың ұзақ ем ала­тындығы белгілі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сейт­жамал Пакеев Сағымбековты жылы орнынан суытып, осында әкелгенде бауы мен шуы шатысып жатқан емдеу орнын жөнге келтіреріне сенген. Жақында әңгімелесу мақса­тында ауруханаға барғанбыз. Тәр­тіпке келіп, мұнтаздай болып қалыпты. Қала орталығында қалып кеткен аурухананы сыртқа көшіру мәселесін Ту­беркулез мәселелері жөніндегі ұлттық орталықтың директоры Тілеухан Әбілдаев облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың арнайы қабылдауында айтқан. Құдай қаласа, ауруханаға көрші тұрғындардың наразылығын ту­дыр­ған мәселе оңтайлы шешілмек. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.