15 Қаңтар, 2016

Израильдіктер ЖЭО салуға ниетті

251 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин «ALL ENERGY Holding LTD» Израиль компаниясының Азиядағы өңірлік бизнесті дамыту жөніндегі директоры Александр Вопиловпен кездесіп, Көкшетауда жаңа жылу-электр орталығын салу мәселесін қарастырды. Кездесуге компания директорымен бірге «Сарыадыр» кенішіндегі «Он Олжа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Марат Нәбиев, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары қатысты. Жиналғандар алдында сөз сөйлеген шетелдік компанияның өкілдері облыс орталығында бүгінгі таңда экономикалық жағынан тиімді, ең арзан отын көзі қолданылатын бу қазандықтарын салу қажеттігін ұсынды. Компания директоры Александр Вопиловтың айтуынша, ЖЭО салынған кезде өңірдегі жылу энергиясына деген тапшылықты жоюға болады. Жаңа ЖЭО 180 МВт электр және 450 Гкал/сағ. жылу қуатын өндіруге мүмкіндік береді. Жобаға қатысты ұсыныс-пікірлерді мұқият тыңдай келе, облыс әкімі Сергей Кулагин бүгінгі күні танымал компания ұсынып отырған жобаның өңірде қызығушылық тудыратынын атап өтті. Елбасы Жолдауында ерекше екпін түсірілген интеграциялық арқаумен инвестиция тартудың маңызы орасан. Нысанның экологиялық жағынан тиімді болуын ескере келе, қаржыландыру мәселесіне тоқталған ол, Үкімет 7,9 миллиард теңге көлеміндегі жобаларды қолдауға мүмкіндік беріп отырғанын еске салды. Жаңа жылу электр орталығы Көкшетау үшін ең өзекті мәсе­ленің бірі. Болашақ орталық өндіретін қуат көздері жыл санап өсіп келе жатқан қаланың ғана емес, оған іргелес үш ауданның сұранысын өтей алады. Ал, облыс орталығының тұрғындары жыл бойы ыстық суды пайдалану мүмкіндігіне ие болмақ. Бұған қосымша, «ALL ENERGY Holding LTD» компаниясы Ерейментау ауданындағы Сарыадыр көмір кенішінде де 1000 МВт қуаттағы электр стансасын салу ниетінде екендігін білдірді. Ұсыныс облыс басшы­лығы тарапынан қолдау тапты. Аталған екі жобаны іске асы­ру қосымша жұмыс орындарын құруға, салық салымын молайтуға, облысты қуат тұты­нушыдан қуат өндірушіге айнал­дыруға мүмкіндік бермек. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.