15 Қаңтар, 2016

Маңдайлы ұл

352 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Иә, халыққа қадірлі үлкен бір өмір үзілді. Әбіш ағамыз мәңгі оянбайтын ұйқыға кетті. Әсіресе, қазақ баласына жұл­дызы ыстық еді оның... Асан Қайғы Желмаясының қомына сыймаған қайран Маңғыстау-ай! Осы ма­мырстан өлкеде әр дәуірде талай маң­ғаздар дүниеге келіп-кетіпті. Со­лар­дың ішінде маңдайынан күн сүйген кемеңгерлердің бірі – Әбіш Кекілбайұлы болар-ау! Өйткені, ол туғанына ел қуанған, өлгеніне жер қуан­ған қазақ сахарасының санаулы сәруарларының бірі еді. Кімнің кім екенін халық біледі ғой, бүкіл Тұран даласы арысын бір адамдай жоқтады, уһіледі, жас төкті, қамықты. Жаназа намазына тұрған жан­ның қарасында қисап болған жоқ. Бір ғажабы, ол бала ке­зі­нің өзінде бала болып бі­реу­мен төбелеспек тү­гіл, Маң­ғыстау қазынасын зерттеуге келген академик И.И.Бок, ғалым-геологтар А.Каримов, Д.Хайрутдинов, Ю.Мячиндерге жолбасшы болып, туған жерін аралатып, орыс тілін үйреніп, достасып, айлап-апталап со­лар­дың қа­сында жүрген. Кейіннен олар тоғыз жасар балаға Алматыдан, Воркутадан, Ташкенттен, Ленинградтан хат жазып тұрыпты. Алтыншы сыныпта оқып жүрген кезінде Әбекең қайтыс болған досы Мак­симнің ше­шесі Жәми Елеуова­ны орынсыз балағаттап, билеті бол­са да мінгізбей кеткен АН-2 ұшағы ұшқышының өрескел қылығын әш­керелеп, Мәскеудің «Комсомольская правда» га­зетіне тұңғыш рет орысша мақа­ла жазады. Осы мақала жарияланысымен газет редакциясынан да, Батыс Қазақстан әуе тобының басшылығынан да хат келеді. Бұзақылық көрсеткен ұшқыш бір жылға дейін ұшудан аластатылып, әрі зәбір көрген анадан кешірім сұрапты. Әл­гі ресми орындар 6-сынып оқу­шысы Әбіш Кекілбаевқа рахмет айтыпты. Міне, бұл талапты ұланның біз бі­летін елеусіздеу бір қыры ғана. Біздің тұстастарымыз М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Ә.Мар­ғұлан тәрізді ғұлама­лар­ды көрмегенімен, Әбекең­мен ди­­­дарласып қалды, ал оны көрмеген келер ұрпақтың тағы бір кемеңгер туғанша кемел ойшылға деген сағынышы басылмасы анық. Қазақта небір өнер тарланда­ры, даусыз дарындар, классик қалам­герлер баршылық. Бірақ, бәрін­де бір­дей кемеңгерлік, көл-көсір энцик­ло­пе­диялық даналық, ең бастысы – әулиедей мейірбан мінез жетісе бермейді. Міне, қанизесі кең Құдай­тағала бөлмей-жармай, әлгі айтқан тәңірлік қасиеттерді Әбекең бойына түгел дарытып, ол – табиғатта аса сирек кез­десетін алып бриллиант Кохинордай тұтасып, құйылып түскен ұлт мақтанышына, ой алыбына айналды. Қарап отырсақ, көркем шы­ғарма­ларынан бөлек, жаратылыстану, тіл, әдебиет, тарих, өркениет, мемлекет ісі, саясат, демография, экономика, әлеу­мет және руханият жазираларында Әбе­кең үңгімеген бірде-бір қалтарыс қалмапты-ау! Өз өнерпаздарымыздың кө­сем туын­­дыларын, жер-жа­һан жам­поз­дарының жауһар дүниелерін кейін­гілер енді дәл Әбекеңдей бақай­шағына дейін бекзаттықпен талдап, бүге-ші­гесіне дейін жіліктеп, баға бере алар ма екен?! Жарықтық, ашынып, қа­мық­қан ке­зінде: «Халқым-ай, саған не дейін, қай­рай-қайрай азуымнан да түк қалмады-ау!», – деп, көпшілікке мұң шаққанын естіп едік. Хакім Абайдың 150 жылдық мерейтойында сөз алған Зей­нолла Қабдолов: «Қазақ әде­биеті деген арғымақтың Мұхтар Әуезов алтын жалы болса, Әбіш Кекілбаев күміс кекілі ғой!», – деген еді. Тайтұяқ алтынға бергісіз осы баға енді ешқашан құнын жоймақ емес. Небір алқалы жиындарда немесе әуежайларда жапырлай аман­дас­қандардың бәрін «айналайын» деп бауырына тартатын, қолы жетпегендерді көз қиығымен аялай сипап тұ­ратын, содан соң ақырын ғана басын изеп қоштасып, алып теңізге бет алған кемедей тербеле басып бара жататын, қазақтың маңдайына біткен Қызыр­ғалайсаламы енді мәңгі жоқ... Жұмабай ҚҰЛИЕВ.  АЛМАТЫ.