15 Қаңтар, 2016

Көкшетауда жылу электр орталығы салынады

242 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
???????????????????????????????????? КӨКШЕТАУ. 15 қаңтар. Көкшетауда мемлекеттік және жеке меншіктік әріптестікті өрістету мен шет ел инвестициясын тартуда нысаналы жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Соның бір айғағы ретінде Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин мен Қытайдың «China Sinogy Elektric Engineering Co.Ltd» (CSEEC) компаниясының өкілі Су Инпиннің қалада жылу электр орталығын салу жөніндегі меморандумға қол қоюын айтуға болады. Астаналық облыс орталығында электр қуаттарына сұраныстың артуына байланысты қуаты кемінде 180 МВт және 450 Гкал/сағат болатын жаңа ЖЭО салу қажеттігі туындағанын еске сала кеткіміз келеді. Бұл жоба қала тұрғындары мен өнеркәсіп орындарын электр және жылу қуаттарымен тұрақты қамтамасыз етуге, облыс орталығын жыл бойы ыстық сумен қамтуға мүмкіндік береді. Жобаның ауқымдылығына сай Польша, Германия, Ресей кәсіпкерлері оған қызығушылық танытты. Өткен желтоқсан айында облыс әкімінің израильдік «All Energy Holding LTD» компаниясының өкілдерімен мәмілелі кездесуі де болған. Яғни, мұнда өзіндік бәсекелестік орта орнығып отыр. «China Sinogy Electric Engineering Co.,Ltd» (CSEEC) компаниясының 20 адамдық делегациясымен кездесуде С.Кулагин өңір өзара тиімді байланыстарға әрдайым ашық екендігін атап көрсетті. «Қытай жағы біздің сенімді әріптесіміз және ынтымақтастық өрісін кеңіткен тәжірибеміз бар. Ұсыныстарыңыз басқа компаниялардан асып түссе, бұған қуанамыз әрі қолдау көрсетеміз. Сондай-ақ, басты шарт ретінде электр қуатын өндіруде жергілікті көмір кенішінің өнімдерін пайдалануларыңызды қалаймыз», деді Сергей Кулагин. Өз кезегінде қытайлық компания өкілі Су Инпин бұл жоба үш ай бойы қарастырылғанын, енді Көкшетауға келген мамандар оны жан-жақты зерттейтінін айтты. Қазір бізде бастапқы желілік нұсқа бар. Әлемнің 30 елінде ірі жобаларды іске асырып жатқан компанияның жылдық қаржылық айналымы 1,5 миллиард долларды құрайды. Бүгінгі күні біздің электр стансаларымыз Түркияда, Малайзияда, Белоруссияда, Ботсванда және басқа мемлекеттерде жүйелі жұмыс істеп тұр. Көкшетауда да уақыт талабындағы құрылыс жүргізілетініне сенемін, деді ол. Бақберген Амалбек. Дерек, сурет: egemen.kz