15 Қаңтар, 2016

Қытай Айдың арғы бетіне ғарыш кемесін ұшырмақ

274 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
15-01-2016-luna 01АСТАНА. 15 қаңтар. Қытай 2018 жылы Айдың арғы бетіне ғарыш кемесін жіберуді жоспарлап отыр. Бұл туралы ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Сапар барысында аспан денесінің геологиялық құрылымына зерттеу жұмыстары жүргізілмек. Осы жоспарды жүзеге асыру үшін Қытай елі Айды меңгерудің жаңа сатысына дайындықты ресми түрде бастап кетті. Бұл туралы Қытай Халық Республикасының Қорғаныс ғылымы, техника және өндіріс мемлекеттік басқармасы мәлімдеп отыр. Синьхуа ақпарат агенттігінің хабарлауынша, 2018 жылы Айдың арғы бетіне Chang'e-4 ғарыш аппараты қонуы керек. «Айдың бұл беті гравитациялық күштің әсеріне байланысты Жерден көрінбейді. Сол себепті де осы уақытқа дейін оны меңгеру мүмкін болмаған еді. Chang'e-4 жоспары осындай міндетті арқалаған адамзат тарихындағы тұңғыш экпедиция болып табылады», – деп мәлім етті басқарма жанындағы айды зерттеу орталығының басшысы Лю Цзиньчжун. Орталық басшысының сөзіне қарағанда, Қытай осындай жобаларға қажетті жоғары дәрежелі ғылыми білім мен технологияны мақтанышпен көрсете алады. 2013 жылы желтоқсан айында Айдың бетіне жеңіл қонған Chang'e-3 ғарыш кемесі қазіргі уақытқа дейін Жерге ақпарат таратып келеді. Chang'e-4 те осыған ұқсас құрылғы болғанымен, оның ауыр жүктемемен жұмыс істеуге мүмкіндігі мол. Бұл ғарыш сапары барысында Айдың сыртқы бетінің геологиялық құрылымын зерттеу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта қытай Chang'e-5-тің көмегімен Ай орбитасына шығып, сол жерге қонып, модульді Жерге қайтарып алмақ. Бұл аппаратты жасауды қытай мамандары қазірдің өзінде бастап кеткен. Chang'e сериялық құрылғылары қытай мифологиясындағы ай құдайдың құрметіне орай аталған. 2015 жылдың басында Қытай өзге де елдерді өздерінің ғарыш жобаларына қатысуы үшін шақырғанын атап өткен жөн. Еламан Қоңыр. Дерек: ТАСС. Сурет: AP Photo.