300 000 000 Талғар ауданындағы «Hyundai Мotor Koмпани» зауытына осыншама АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған Өткен жылы жүзеге асырылған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының нәтижесінде 152 кәсіпорын іске қосылып, 24 мыңға жуық қазақстандық тұрақты жұмыспен қамтылған. Осы орайда Жетісу жерінде де нақты жұмыстардың тиянағы келтірілгенін айтуға болады. Мәселен, бұған дейін хабарлағанымыздай, Талғар ауданы Колхозшы ауылында жүк автомобилін шығаратын жаңа кәсіпорын жұмысын бастаған болатын. Зауытта Кореядан жеткізілетін машина бөлшектерінен 1,5-тен 15 тоннаға дейін жүк көтеретін техникалар, фургондар, рефрижераторлар, тағы басқа сапасы жоғары автокөліктер шығарылып, тұтынушыға жол тартуда. Ал зауытқа тартылған инвестиция көлемі 300 000 000 АҚШ долларын құрайды. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы. 25 000 Қоянның қысы басталғалы Ақтөбе қаласынан сыртқа осыншама тонна қар шығарылды Бұл жұмыс, әсіресе, көктемде суға кету қаупі бар Мәскеу ауданында қызу жүргізілуде. Биылғы қыс оның алдындағы жылдарға қарағанда қарлы болып тұр. Сондықтан да қала көшелерін қардан тазарту жұмыстарымен бес мекеме шұғылдануда. Қар суы көп жиналатын Мәскеу ауданында «КТП», «АССАНА», «Ақтөбе құрылыс» және «Ақжол ЛТП» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қар шығарумен айналысып жатса, «Малышка» шағын ауданында бұл жұмысты «Таза қала» мекемесі атқаруда. Бұл кәсіпорындар бұдан кейін қарды сыртқа шығару жұмыстарын «Сүт зауыты» және «Құрмыш» шағын аудандарында жалғастырады. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы. 21 755 Облыстық статистика басқармасының хабарына қарағанда, осыншама студент жоғары оқу орындарында білім алуда Яғни, облыс орталығында бұл күндері 4 жоғары оқу орны болса, мұның екеуі мемлекеттік, онда 14 375 студент оқып жүр. Студенттер күндізгі, сырттай және кешкі бөлімдерде білім алуда. Олардың 92 пайызы облыс орталығында, ал 7,9 пайызы Екібастұз қаласында оқиды. Ал, ақылы негізде 15 858 студент білім алып жүрсе, мемлекеттік білім беру грантымен 5 789 жас қамтылып, мемлекеттік білім беру тапсырысын 108 студент алыпты. Студенттердің 64,8 пайызын қазақтар, 27,6 пайызын орыстар, қалғандарын өзге этнос өкілдері құрайды. Жеңілдікпен 1712 ауыл жастары, ата-ана қамқорлығынсыз қалған 38 студент оқиды. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.
Спорт
•
22 Ақпан, 2011
Дерек пен дәйек
361 рет
көрсетілді