Осыдан біраз уақыт бұрын жас неміс қаламгері Артур Вайгандпен сөйлесіп отырғанымда, оның Рақымжан Қошқарбаев туралы ізденіп жүргенін білдім. Тарихты жақсы білетін әріптесімізге сол сәтте қолқа салып, қазақтың батыр ұлы туралы зерттеуін негіз етіп, өз көзқарасын жазып беруін өтіндім.
Араға бірнеше күн салып, ол өтінішімді орындады. Поштама сонау Прагадан келіп түскен хатты қаз-қалпында аударып, оқырманға ұсынып отырмын. «Германияда неліктен Рақымжан Қошқарбаевты ешкім білмейді?» деген тақырыптағы жазбаның ұзын-ырғасы мынадай:
«Бір жыл бұрын Алматының шет жағындағы дәмханада отырғанымда, бір қарт кісі маған «Рақымжан Қошқарбаевты білесің бе?» деген сұрақ қойды. Мен басымды шайқадым. Шындығында, бұл есімді бұрын естімеген едім. Қошқарбаев – Қызыл армияның қатарындағы қазақ лейтенанты. 1945 жылдың 30 сәуірінде, оқ жаудырған шайқас кезінде, ол Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс жалауын қадады. Бұл қойылым үшін емес, шын мәнінде болған жағдай. Ол кезде Рақымжан небәрі 21 жаста еді. Ол фашизмді жеңудің, соғыстың аяқталғанының белгісін көрсету үшін өз өмірін қауіпке тіккен.
Алайда оның ерлігі туралы жеткілікті айтылмады. КСРО-да үнсіздік жайлады, себебі Сталиннің кезінде оның әкесіне «халық жауы» деген айып тағылған болатын. Германияда да бұл есім аталмайды. Өйткені бұл елде жады тек бір ғана құтқарушыны дәріптеуге бейім: ол – Ресей. Жыл сайын Берлинде 8 мамыр – «Еуропадағы Жеңіс күні» қарсаңында «Мерекені ресейліктермен бірге еске алу дұрыс па?» деген пікірталас туындайды. Бұл – өте шектеулі көзқарас. Себебі нацистік Германияны тек Ресейдің емес, бүкіл Кеңес одағының жеңісі, қазақ, украин, грузин, өзбек, белорус сияқты ондаған ұлт өкілдерінен құралған алып әскердің жетістігі.
Миллиондаған адам соғысқа қатысты, сондай санақтағы адам қаза тапты. Бірақ олардың есімдері ұмытылып кетті, жадыдан өшірілді. Себебі олар не ресейлік, не батыстық ұлтшыл қаһармандық баянға сыймайды. 1945 жылғы Жеңіс – Ресейдің ғана жеңісі емес еді. Бұл – Кеңес халқының ортақ ерлігі болатын. Он бестен астам республика өз ұл-қыздарын майданға аттандырды. Алайда Батыс әлемінің бүгінгі баяндауында бұл тарих бір ғана адамға телініп кеткен. Біз осы арқылы тек шындықты бұрмалап қана қоймай, өзіміз қарсы шығып жүрген үгіт-насихаттың дәл өзін қайталап жүрміз.
Кейін Берлиндегі Карлсхорст ауданында орналасқан Герман-Ресей музейіне бардым – бұл жерде нацистік Германия одақтастар алдында ресми түрде тізе бүккен. Сондағы қызметкерлерден: «Сіздерде Қошқарбаев жайында деректер бар ма?», деп сұрадым. Бірнеше күннен кейін олар оның күнделігін тауып берді. Сонымен қатар «Фронтовик» тізе бүктіру атты әскери газеттегі ескі, мыжылған бір мақаланы да қоса берді. Оның өмірбаянының қазақша басылымы Берлин қабырғасы құлағаннан кейін қоқысқа тасталған екен. Себебі ол жаңа посткеңестік баяндауға сай келмейтін. Сондықтан ұмыт қалған.
Ал біз Германияда әлі күнге дейін «Ресейліктермен бірге еске алу күнін өткізу әлі де тыйым ба?» деген тақырыптағы мақалаларды оқимыз («Der Spiegel», 2025 жылы 17 сәуір). Тағы да барлығы Ресей айналасында өрбиді. Былайша айтқанда, азат ету жүгін тек бір ұлт көтергендей болып елестейді. Қалған ұлттардың құрбандығы қосымша дерек қана секілді. Бейне Қошқарбаев Рейхстагқа ту тікпегендей.
Бұл – жай ғана тарихи соқырлық емес. Бұл дегеніміз – моральдық сәтсіздік. Кеңес жеңісін тек Ресейге телу арқылы біз Қошқарбаевты 1945 жылы ұмыт қалдырған сол баяғы саясаттың өзін жалғастырып отырмыз. Біз Орталық Азия, Кавказ бен Шығыс Еуропадан шыққан миллиондаған жауынгерді қалай ұмыт қалдырамыз? Біз сан қырлы тарихты жалғыз ғана этноұлттық мифке айналдырмағанымыз жөн. Ал мұндай көзқарас – бар тұрған нәсілшілдік.
Егер Германия тарихи жадыны шын мәнінде құрметтегісі келсе, онда Рақымжан Қошқарбаев сияқты есімдерді есте ұстауы керек. Жертөлелерде шаң басып жатқан күнделіктерді, назардан тыс қалған өмірбаяндарды ұмытпауымыз қажет. Сонау Алматыдағы бір кафеде сол бір қария сыбырлап айтып берген шындықты ескерген дұрыс. Еске алу – тарих үнін өшіргісі келген дауыстарға әділдікпен қарау».
Мен осы жазбаны ашып оқып отырып, жаңа да жас ұрпақтың көзқарасының, ойы мен әділдікке деген ұстанымының ешбір шет-шекарамен шектелмейтініне көзім жетті. Әйтпесе неміс баласы қан-жоса жылдарда алыстағы бір қазақ батырының туған елінің таңдаулы ғимаратына ту тіккенін мақтанышпен айтып, оның көзсіз ерлігіне қоғамнан әділдік сұрар ма еді?