• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 17:50

Бектенов Түркі елдері үкімет басшыларының кездесуіне қатысты

20 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов Бішкек қаласында (Қырғызстан) Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер делегацияларының басшыларымен ұжымдық кездесуіне және үкімет басшыларының, ТМҰ мемлекеттерінің вице-президентінің кездесуіне қатысты, деп жазады Egemen.kz.

Қырғыз Республикасының Президентімен ұжымдық кездесу барысында өңірлік интеграцияны, сауда-экономикалық қатынастарды дамыту, транзиттік әлеуетті тиімді пайдалану және тағы да басқа мәселелерге назар аударылды.

ТМҰ елдерінің үкімет басшылары мен вице-президентінің кездесуіне Түркия Республикасының вице-президенті Джевдет Йылмаз, Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы  Адылбек Касымалиев, Әзербайжан Республикасының Премьер-министрі Әли Идаят оғлы Асадов, Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов, ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Өміралиев қатысты.

Қатысушылар экономика, сауда, инвестициялар, көлік, цифрландыру, энергетика, ауыл шаруашылығы салаларындағы өзара іс-қимыл туралы пікір алмасты. Ұйым шеңберінде көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған тетіктерді жетілдіру мәселелері талқыланды.

Қазақстан Премьер-министрі өз сөзінде Мемлекеттер басшыларының сындарлы саясаты Ұйымның стратегиялық негізін қалауға бағытталған маңызды бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Түркі мемлекеттерінің ұйымы қысқа уақыт ішінде беделді құрылымға айналды және өзінің әлем алдындағы мәртебесін көтерді. Бүгінгі кездесу нәтижелері түркі мемлекеттері арасындағы бауырластық және серіктестік қарым-қатынастардың одан әрі дамуына тың серпін беріп, халықтарымыздың мүддесіне қызмет етеді деп сенемін», деді Олжас Бектенов.

Жиында Түркі елдерінің сауда-өнеркәсіп палаталары одағы, Түркі инвестициялық қоры, Үйлестіру комитеті, «Жасыл» қаржы жөніндегі кеңес және тағы да басқа осы сияқты институттардың қызметін тиімді пайдаланудың маңыздылығы атап өтілді.

Көлік-логистикалық байланыстарды нығайтуға, кедендік рәсімдерді цифрландыру қарқынын жеделдетуге және порттар мен темір жолдарды, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытының инфрақұрылымын жаңғыртуға баса назар аударылды.

Сонымен қатар ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар саласындағы өзара іс-қимылдың, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және тағы да басқалары бойынша бірлескен зерттеу орталықтарын құру жайы сөз болды.