Қазақстандық кәсіпкерлер Айдын мен Анар Рахымбаевтар халықаралық The Giving Pledge («Қайырымдылық анты») бастамасына қосылып, өз байлығының жартысынан көбін қайырымдылыққа бағыттайтынын жариялады. Олар бұл жобаға қосылған Орталық Азиядағы алғашқы өкіл атанды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Forbes-тің бағалауынша Айдын Рахымбаевтың 2026 жылдағы байлығы шамамен 1,1 миллиард долларды құрайды. Ерлі-зайыптылар бұл шешімді өз құндылықтарының жалғасы деп атап, өмір бойы активтерінің басым бөлігін әлеуметтік жобаларға жұмсауға уәде берді. Қалған бөлігі балаларға мұра ретінде қалдырылмақ.
Олардың айтуынша, негізгі басымдық Қазақстандағы әлеуметтік жобаларға беріледі. Қаражат мектептер салуға, балалардың білім алуына, ұлттық мәдениетті сақтауға және ел тарихын дамытуға бағытталады.
Сондай-ақ кәсіпкер отбасы көп жылдан бері «Ана үйі» жобасы арқылы жетім балалар санын азайтуға, ал IQanat бастамасы арқылы ауыл балаларына сапалы білім алуға көмектесіп келеді.
The Giving Pledge – Билл Гейтс, Мелинда Френч Гейтс және Уоррен Баффет негізін қалаған халықаралық қайырымдылық қозғалысы. Оның мақсаты – ауқатты адамдарды байлығының негізгі бөлігін қоғам игілігіне жұмсауға ынталандыру.
Айдын мен Анар Рахымбаевтардың бұл бастамаға қосылуы Орталық Азия үшін маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.
Еске салайық, бұған дейін алаяқтық жолмен жиналған қайырымдылық қаражатын жымқырды деген айыппен 10 жылға сотталған Перизат Қайраттың колониядағы қазіргі жұмысы туралы жазған болатынбыз.
Польшадағы қайырымдылық концертінде Димаш Құдайбергеннің әні шырқалғаны да хабарланды.