Банктерден, микроқаржы ұйымдарынан несие алу қазақтың «бас ауруына» айналғалы қашан? Ресми деректерге жүгінсек, ел азаматтарының жартысынан астамы (50,7%-ы) кредиттің «дәмін татқан». Әсіресе 22–29, 50–62 жас аралығындағы азаматтар банктерге жиі қарызданады екен.
Халықтың қаржы ұйымдары алдындағы қарызы шектен тыс көбейгеннен кейін мемлекет несие мәселесін реттеуді қолына алды. Әуелі мойнында берешегі бар әлеуметтік жағдайы осал жандардың қарызын төлеп берді. Одан кейін жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдады. Банкпен бірлесе жүзеге асырылып жатқан «Қарызсыз қоғам» да – кредит мәселесін реттеудің бір тәсілі.
Ал былтырғы қыркүйектен бастап, тұтынушылық кепілсіз қарыздар беру мақсатында «шешім қабылдау» кезеңі енгізілді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, бұл жаңашылдықтың басты мақсаты – қарыз алушыға ойланып шешім қабылдауға уақыт беру. Сөйтіп, несиені несібесіндей көретін азаматтардың әрекетіне шектеу қою әрі алаяқтық схемаларға ұрынып қалу ықтималдылығын азайту. Айталық, 150 АЕК-тен 255 АЕК-ке дейінгі соманы алуға өтініш берсеңіз, ойлануға 8 сағат уақыт беріледі. Ал одан көп ақша алуға үмітті болсаңыз, несие жөніндегі шешіміңіз төңірегінде 24 сағат бойы ойланып-толғануға тура келеді. «Егер қарыз алушы шешім қабылдау кезеңінде кредит алу туралы ойын өзгертсе, қарыз шарты жойылады да оған кредит қаражаты аударылмайды», дейді агенттік мамандары.
Биыл наурыз айынан бастап халықтың мойнындағы қаржы ауыртпалығын жеңілдетіп, несие алушылар қатарын азайту мақсатында еліміз тұтынушылық қарыздарды беруге қойылатын талаптарды заңдық тұрғыдан қатайтты. Fingramota.kz ақпараттық арнасының дерегінше, жаңа заңнамалық өзгерістерге байланысты енді кредитті уақытында қайтара алмағандарға жаңа тұтынушылық несие берілмейді. Тіпті кредиттік төлемді қысқа мерзімге кешіктірсеңіз де банк тұтынушыға кредит беруден бас тарта алады.
Қаржы мамандарының айтуынша, талаптардың қатаюы шамадан тыс кредит алу жағдайларын азайтып, жұртшылықтың қарыз мәселесіне байыппен қарауына септігін тигізген. Оған мына көрсеткіштер дәлел: 2024 жылы тұтынушылық несиенің өсуі 21,9%-ға жетсе, былтыр оның көлемі 8,7% болған.
Дегенмен де банктерден несие алу мүмкіндігі шектелгеннен кейін кей азаматтар заңсыз әрі тиісті лицензиясы жоқ кредиторлардың көмегіне жүгіне бастаған. Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми статистикасына сүйенсек, 2024–2025 жылдары заңсыз микроқаржылық қызмет деректері бойынша 19 қылмыстық іс тіркелген. Биылғы екі айдың өзінде 6 қылмыстық іс анықталған. Ал заңсыз берілген кредиттер сомасы 220 млрд теңгеден асады.
Fingramota.kz сарапшылары жұртшылықты көлеңкедегі «сұр» кредиторлардың «мінсіз» ұсыныстарына ұрынып қалмауға шақырады. Мамандардың сөзінше, олар ең алдымен азаматтардың несиеге зәрулігін пайдаланып, сенімге кіруге тырысады. «Сұр» кредиторлар басында елді қызықтырып, төмен пайыздық мөлшерлеме мен тиімді төлемдер ұсынуы мүмкін. Бірақ айыппұлдар мен комиссиялар есебінен борыш бірнеше есе жоғарылайды. Мұнда қарыз есебі күн сайын жүргізілгендіктен берешек жылдам өсіп, заңсыз кредитордың пайдасына қарай көбейе береді. Олардың келісімшарты жалған болғандықтан сотта кредит ресімделгенін дәлелдеу де қиынға соғады. Бұған қоса заңды «қонышынан басқан» несие берушілердің қызметіне жүгінгендер құқын мемлекет те қорғай алмайды», дейді сарапшылар.
Ең қауіптісі, сұр кредиторлар кепілге көбіне пәтер мен автокөлікті қоюды талап етеді. Төлем сәл кешіксе болды, алаяқтар қымбат дүниені өздеріне алып қалуға тырысады. Ал егер иесі қарсылық білдірсе, оған психологиялық қысым мен қорқытып-үркіту секілді заңсыз әдістер қолдануы мүмкін, дейді қаржыгерлер.
Жалпы айналамызда, әлеуметтік желілерде, соның ішінде тұрғындарға ортақ WhatsApp желісіндегі «тиімді мөлшерлемемен несие алып береміз, төлемі аз қарыз береміз» деген жарнамалардан көз сұрінеді. Қарыз шарттары оңай көрінетін осындай жалған хабарламалар ақшаға мұқтаж талай жанды «қақпанына» түсірген. Мысалы, жақында Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз схемамен жұмыс істеп, елді алдап келген «сұр» кредитор ұсталған. Ол 12 жыл бойы жеке және заңды тұлғаларға мүлік кепілімен де, кепілсіз де жалған мәмілелерді ресімдей отырып, жоғары пайызбен тұрақты түрде қарыз беріп келген. Бұл ретте қарыз бойынша ай сайынғы сыйақы мөлшері берешек сомасының 5 пен 10% аралығын құраған. Бұл дегеніңіз жылдық 60–120% деген. Осылайша, «сұр» кредитор азаматтардан 1,8 млрд теңгеден астам пайда көрген. «Несие берудің шарттары тым қолжетімді болса, қарыз шарттары жасырын әрі ұсақ әріппен берілсе, ондай несиеден аулақ болған жоқ. Жалпы, кез келген адам қаржы мәселесіне сауаттылықпен қарағаны ләзім», дейді Fingramota.kz.