Мемлекеттік бағдарлама аясында ашылған жобалардың «жыры» көп
Қазынадан қыруар қаржы қаралып, индустрияландыру бағдарламасына енгізілген жобалардың о баста жұмысы да, жарнамасы да жақсы еді. «Қазақстанда жасалған», «Атырауда шығарылған» деп жарыса жазғанбыз. Алайда, қуаныш ұзаққа бармады. Отандық өнімге деген сұраныс азайды, бәсекеге қабілетті бола алмай қалдық, ішкі нарықта да аса тартымды емеспіз.
Мысалы, аталған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудың алғашқы жылдарында мұнайлы аймақта іске қосылған жобалар – «Казтурборемонт» сервистік орталығы турбина жабдықтарын жөндесе, «Брандо» зауыты шприц пен құйылмалы құралдар шығарды. Әлі де бар, бірақ қарқын баяғыдай емес. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Диас Жәнібековтің айтуынша, «Казтурборемонттың» жұмысының жөнді болмауына сұраныс аздығы себеп. Сондықтан, кәсіпорын әуелгі қызмет көрсету бағытын өзгертіп, қазір металл құрастырылым өндірісіне көшіпті. Ал жылына 250 млн дана бір реттік қолданылатын медициналық ине шығарады деген «Брандоға» не болды? «Самұрық-Қазына Фармация» серіктестігі тарапынан туындаған өнімді сатып алуға байланысты мәселелер «Брандоның» болашағына балта шапты ма? Әйтеуір, қазір Атырауда шығарылатын шприцтердің дені шекара асып, Ресейге жөнелтіліп жатыр. Жергілікті нарықта сұраныс болмағанға ұқсайды. Есесіне, ресейліктердің қызығушылығы жоғары, тіпті бағасы да едәуір қымбат.
Қарызға батқан кәсіпорындар қатарында Индер ауданындағы құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын зауыт та бар. Банкке берешегі төрт млрд теңгеден астам «Биас Тек» зауытында қазір жұмыс жүріп жатқан жоқ. Несие өтелмеген. Жобалық қуаты жылына 125 мың тонна гипс, 150 мың тонна құрғақ құрылыс қоспаларын өндіруге жетеді деп есептелген компания осылайша орта жолда тоқырап қалды. «Жыл соңына дейін жұмыс қайта жанданады, – дейді салалық басқарма басшысы Диас Жәнібеков. – Инвестор табылды. Жаңа жабдықтар алынып, ескілерін техникалық жөндеуден өткізіп жатырмыз». Солай болса игі. Әйтпесе, бір ғана Индер ауданының өзінде «Биас Тектен» бөлек «Тұз», натрий гипохлорид зауыттарының да жағдайлары аянышты халде. Дендер тұзды көлін игеріп, техникалық және ас тұзын өндіреді деген мекеменің бұрынғы инвесторы өз қаржысын дұрыс есептемей келіпті, соның кесірінен «Тұз» ашық сатуға қойылды. Жаңа инвестор жобаны биылдан қалдырмай бастауға уәде еткен.
Тапсырыстың аздығы оптикалық-талшықты кабель өндіру зауытын да айналып өтпеді. «Зауыт қазір 30 пайызға ғана жұмыс істеп тұр», – дейді «ПКФ «Континент Ко ЛТД» ЖШС бас директорының орынбасары Марат Қалымов. Оптикалық-талшықты кабельдің 12 түрін шығаратын нысан негізінен «Қазақтелеком» мекемесінен тапсырыс қабылдайды. Басқадай сұраныс білдіруші жоққа таяу. Еліміздегі осы салаға маманданған екінші кәсіпорын ішкі нарықтан лайықты орын таппады, енді Ресейдегі байқауларға қатысуға ынталы. Бұл да «Суға кеткен тал қармайдының» кебі болмасына кім кепіл?
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қажетті заттар дайындайтын полиэтилен құбырлар зауытының ашылғанына биыл төрт жыл болады. Бірақ, еліміз бойынша тек Атырауда ғана шығарылатын өнімге тағы да сол қызығушылық кем. Мұны зауыттың о баста жоспарлаған межеге әлі күнге дейін жете алмай келе жатқанынан-ақ аңғаруға болады. Жергілікті жұрт сапалы отандық тауардан бұрын базар сөрелерінде қаптап тұрған Қытайдың арзан дүниесін алуға құмар. Мемлекеттік сатып алу жүйесінің заңдылықтары да зауыт жұмысына қолбайлау сияқты. Тауар бағасының арзан болуына басымдық берілетіндіктен, коммуналдық кәсіпорындар заңнан аттап кете алмайды. «Шеврон Мұнайгаз Инк» компаниясы бас директорының орынбасары Омар Әбдиев өнімдерінің сапасы жоғары болғанымен, нарыққа ілесе алмай отырғандарын айтады. «Тәжірибе көрсеткендей, тендер ұйымдастырушылар негізге алатын төмен баға бюджетті тиімді игеруге кепіл емес. Сапасыз нәрсені алу үлкен тәуекелді қажет етеді, апат болған жағдайда жөндеу жұмыстарына екі есе шығындалуыңыз мүмкін», деген ол қазір еліміздегі полиэтилен құбырлар жасауға әкелінетін шикізаттың 70 пайызы тиісті стандартқа сай емес екенін жасырмады. Алайда, сол талапқа сай еместердің дәурені жүріп тұр...
«Тендер жыры» ірі кәсіпорындардың да, шағын және орта бизнес иелерінің де «бас ауруына» айналған. Оның салқыны төсек жабдықтары мен кеңсе тауарларын дайындайтын «Қазақ зағиптар қоғамы Атырау оқу-өндірістік кәсіпорнына» да тиіп отыр. Мүмкіндігі шектеулі отыз адам жұмыспен қамтылған серіктестіктің жабдықтарын жаңғыртпағанына біраз уақыт өтті. Ақша жоқ, жоқ деуге де болмайтын шығар, аз. ЖШС басшысы Болат Құсайынов тендерге жиі қатысқанымен, бағаны тым төмендетіп жіберетін кәсіпкерлердің «арқасында» табысқа қол жеткізе алмай отырғандарын айтады.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевтың айтуынша, үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына аймақта 54 жоба енгізілген. Бірінші бесжылдықта 28 жоба жүзеге асырылды, екі мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Екінші бесжылдықта 26 жоба ашылып, 3500 адам жұмысқа орналасты. Әрине, мемлекеттік бағдарлама шеңберіндегі жобалардың бәрі бірдей жүзеге аспай жатыр деп айта алмаймыз. Мысалы, «Жігермұнайсервис», «Полимер Продакшн» серіктестіктерінің өнімдері ішкі және сыртқы нарықта жоғары сұранысқа ие. Ал жоғарыда аталған өндіріс ошақтарының төңірегінде әзірге үміттен күдік басым болып тұр.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ