– Қайрат Михаилұлы, тәуелсіз еліміздің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрылған Ұлттық ұланның, оның ішінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз.
– Ұлттық ұланның тарихы тәуелсіздігімізбен астасып жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ішкі қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуші орган ретінде бұрынғы Ішкі әскер, қазіргі Ұлттық ұланды алғаш рет 1992 жылы құрған еді. Содан бері ол қанатын кеңге жайып келеді. Ұлттық ұланның жеке құрамы алға қойылған тапсырмаларды сенімді орындап, жеке адам мен азаматтардың конституциялық құқығын, тыныштығы мен қауіпсіздігін, қоғам құндылықтарын, мемлекет тұрақтылығы мен тыныштығын қауіп-қатерден жан-жақты қорғау жолындағы қызметін құқықтық шеңберде іске асырып келе жатыр.
2013 жылы әскерді басқару тетігі жаңа заманауи жүйеге ауыстырылып, бұрынғы бригадалық қалыптан еліміздің төрт өңірінде басқарылатын өңірлік қолбасшылық жүйесіне өтті. «Орталық», «Батыс» және «Шығыс» сияқты өңірлік қолбасшылықтармен қатар, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына да жүктелген міндет өте жауапты. Біз қызмет ететін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының құрамына 11 әскери бөлім кіреді. Өңірлік қолбасшылық әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері Алматы, Талдықорған, Қызылорда, Шымкент, Тараз сияқты еліміздің үлкен маңызды қалаларындағы қоғамдық қауіпсіздік пен қала көшелеріндегі тыныштық мәселесін, сонымен қатар, стратегиялық маңызды мемлекеттік нысандарды күзету, құпия жүктерді сүйемелдеп алып жүру, сотталғандарды айдауылдау, төтенше жағдайлардың салдарын жою сияқты маңызды міндеттерді атқарады.
– Қоғамдағы заңсыз әрекеттердің жолына тосқауыл қою мәселесінде ұландықтардың алатын орны қандай?
– Біздің Ұлттық ұлан әскерінің құрамы ел тыныштығын қадағалап, қоғамдық орындардағы тәртіптің сақталуын бақылауда көптеген міндет атқарады. Сондай-ақ, елімізде өтетін айтулы шаралар мен мерекелер кезіндегі қауіпсіздік мәселесін бақылауды әрдайым назарға аламыз. Мәселен, биыл Алматы қаласында жалауын көтерген XXVIII қысқы Универсиада кезінде мыңдаған сарбазымыз тікесінен тік тұрып спорттық шараның ойдағыдай өтуіне атсалысты. Өткен жылы Алматы қаласының Наурызбай ауданында орын алған сел кезінде 68 303, 28 237 әскери бөлімдер құтқару жұмыстары мен халыққа қызмет көрсету істерінде табандылық танытты. Қаладағы «Барахолка» базары өртке оранған тұста 5 571 әскери бөлімінің сарбаздары жұмылдырылып, халықтың қауіпсіздігі мен абыр-сабыр кезіндегі құқық бұзушылық әрекеттердің алдын алды.
– Жауынгерлік даярлықтың негізі саналатын тәртіп мәселесінің жай-күйіне көңіліңіз тола ма? «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің материалдық тұрғыда жабдықталуы мен әскери қызметкерлердің әлеуметтік тұрғыда қорғалуы жайлы айтып өтсеңіз.
– Елімізге нұқсан келтіретін кез келген қауіп-қатер түріне дайын болу, оған қарымды тойтарыс беру үшін Ұлттық ұланның басқару аппаратының ықпалын көтеру, жеке құрамның техникалар мен қару-жарақтарды жетік меңгеруіне күш салу, сарбаздарды оқытып-тәрбиелеу, жауынгерлік дайындықты әрдайым биік деңгейде ұстау айрықша назарда екенін атап өткім келеді.
Соған орай, мемлекет тарапынан әскерімізді материалдық-техникалық қамтамасыз ету жайына баса назар аударылып келеді. Ұлттық ұланды дамыту мен жетілдіруге арналған арнайы бағдарлама аясында еліміздің түкпір-түкпіріндегі барлық әскери бөлімдер мен құрылымдар жаңа техникамен, соңғы үлгідегі қару-жарақ, қорғаныс құралдарымен жарақтандырылуда. Бар жігерін, қажыр-қайратын Отанға қызмет етуге арнайтын біздің сарбаздарымызға әлеуметтік қолдау көрсетіп, олардың жеке өмірі мен тыныс-тіршілігіне демеу болу әрдайым бақылауда.
– Ерлік қайдан бастау алады? Естуімізше, Ұлттық ұланда бейбіт күнде ерлік жасаған әскери қызметшілер көп. Көзсіз ерлікке барар ерлерімізді тәрбиелеу мәселесіне тоқталсаңыз.
– Иә, оныңыз рас. Түрлі қиындықтар кезінде жанкештілікке барып, өз басының амандығын емес, еліміздің болашағын ойлап, басын қатерге тіккен қызметкерлеріміз де баршылық. Мемлекет тарапынан бейбіт заманның ондай батырларына барынша қолдау көрсетілуде. Ол азаматтарға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Мемлекет мүддесі мен ел болашағы жолында аға буынның жауынгерлік дәстүрлері бүгінде Ұлттық ұланның сапында қызмет етіп жүрген жауынгерлер тарапынан лайықты жалғасын табуда.
Осы ретте, Ұлттық ұланның Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6 698 әскери бөлімінде қызмет атқаратын тәуелсіздіктің төл құрдасы Ербол Отарбаевтың ерен ерлігіне ерекше тоқталуға болады. 2010 жылы 22 маусымда Ақтау колониясынан қашпақ болған 21 сотталушының жолын кескен қатардағы жауынгердің ерлігі ел жадында. Жауынгерлік борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі үшін Елбасы Жарлығымен III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Ол кезде Ақтауда №6656 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген небәрі 19 жастағы сарбаз жігіттің ерлігі әп-сәтте-ақ ел ішіне тарады.
Сондай-ақ, Ұлттық ұланның сапында жауынгерлік борыштарын атқаруда азаматтық танытып, қауіпті қылмыскермен күресте өз өмірлерін ажалға тігіп, батырлығымен танылған лейтенанттар Жандос Баянбаев, Ақылбек Қоңыров Елбасымыздың қолынан жоғары мемлекеттік «Айбын» орденін алған болатын. Ал өткен жылы жас жауынгерді граната жарылысынан денесімен қорғап қалған ұландық полковник Қайрат Үмбетовке Халық қаһарманы атағы берілгенін білесіздер. Ал Ақтөбедегі діни экстремистермен ерлікпен шайқасып, міндеттерін мінсіз атқарған жауынгерлеріміз Бақтияр Қайырбеков, Сырым Сүндетов, Денис Чернышов және Ақжол Шайсұлтанды айрықша атап өткім келеді. Мұның барлығы – отанды шексіз сүюдің жарқын үлгісі.
– Жастардың Ұлттық ұланға деген құлшынысы мен қызығушылығы қай деңгейде деп ойлайсыз? Болашақта Ұлттық ұлан сапында қызмет атқарсам деген азаматтарға қойылатын басты талап қандай?
– Қандай салада болса да ел игілігі жолында қызмет етемін деген кез келген азамат өз қызметіне адалдық танытуы қажет. Әсіресе, әскери салаға келсем деп ниеттенген өскіндер өз елінің патриоты болғаны абзал. Терең білім, парасаттылық пен ұстамдылық, қайраттылық пен жігерлілік, рухани қуаттылық сияқты негізгі факторлар бойында болған азамат нағыз әскери өмірдің айнасына айналады. Ұлан шебінде қызмет ету – кез келген сарбаздың арманы. Болашақта Ұлан сапында қызмет етсем дейтін кез келген азамат білімі мен білігін жетілдіріп, ішкі рухы мен сыртқы қуатын қатар дамыта отырып шыңдалуы керек деп есептеймін. Себебі, Мәңгілік Елдің ұлы керуенін түрлі қауіптерден кірпік қақпай күзететін – осы қазақстандық сарбаздар.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ