• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Үкімет 25 Мамыр, 2017

Мәдениетіміз дамымай, мәртебеміз көтерілмейді

324 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысуымен мәдениет және тарихи-мәдени саладағы заңнаманы жетілдіру жөнінде баспасөз мәслихаты өтті.

Баспасөз мәслихатына Пар­ламент Сенатының депутаты Жа­бал Ерғалиев пен Мәжіліс депутаты Майра Айсина қатысты. «Мәдениетті сақтаудың негі­зі мәдениетті сақтау мен оны да­мытуға жағдай жасайтын ұлттық заң шығарушы базасы болып табылады. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Елбасы жаңа типтегі жаңғырудың бірінші шар­ты ретінде ұлттық мәде­ниет пен ұлттық кодын сақтау­ды айтып өтті. Бүгінгі күннің та­лаптары мен болмыс жағдайы­на сәйкес мәдениет және та­рихи-мәдени мұра саласын­да­ғы қолданыстағы заңна­ма­ны жетілдіру – мәдениет саласындағы мемлекеттік сая­сат­ты жемісті жүзеге асырудың ке­пілі», – деді өз сөзінде министр. Жаңа заң жобасына баста­ма­шы болған Парламент Мәжі­лі­сінің депутаттары болатын. Бірлескен жұмыстың нәтиже­сінде үстіміздегі жылдың 5 мамыр күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Респуб­ли­касының кейбір заңна­малық акті­леріне мәдениет мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды. Құжатта театр өнері, музей және баспа ісі, Қа­зақ­стан Республикасы Кітап пала­та­сының қызметі және т.б. сала­лардағы өзекті проблемаларды шешу көзделген.  Аталған заң аясында театр­­лар­­дың көптеген жаһандық және маңызды мәселелері қарас­­тырылған. Мәселен, заңшы­ға­ру­шылық деңгейде алғаш рет  театр алдына қойылған мін­дет­тер айқындалып, театралды қойы­лым, режиссер-қоюшы, қою­шы ба­лет­мейстер, қоюшы сурет­ші секіл­ді түсініктерге анық­тама беріл­ген. Одан басқа, жаңа заңнама мем­лекеттік театр­лардың қызметімен байланысты салық төлеу проблемаларын шешуді көздейді. «Қолданыстағы заңнамаға ауыл­дық жерлерде клуб, кітап­­х­а­налардың жабылу жағ­дай­ларын реттейтін толықты­ру­лардың маңызы да зор. Мысалы, 2013-2015 жылдары 40 мәдениет ошағы жабылған. Заңдағы жаңалықтар мәдениет ошақтарын құру, қайта құру және жою мәселелерін құ­зырлы органмен міндетті келісуді талап етеді. Бұл шара мәдениет ошақтарының себепсіз жабылуына бөгет болып қана қоймай, мәдениет ошақтарына мониторинг жүргізу мүмкіндігін береді», деді А.Мұхамедиұлы.    «Сонымен қатар, заңдағы то­лық­тырулар Елбасының ұлттық мәдениет пен мәдени-тарихи мұраның сақталуы мен дамуы жо­лындағы саясатының сапалы жүзеге асырылуына ықпал етеді деген сенімдемін», – деді ведомство басшысы.   Парламент Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев пен Пар­ламенті Мәжілісінің депутаты Майра Айсина мәдениет және та­рихи-мәдени мұра саласындағы заңнамаға енгізілген өзге де өзгерістер туралы баяндады. «Мәдениет – адамның ақыл ойының жемісі. Сондықтан мә­дениет саласының заңын жаңартып оты­руды қажет деп есептейміз. Әде­биет саласы бойынша жазу­шы­ларға жасалып отырған бір қам­қорлық бұрын мемлекеттік тапсырыс бойынша кітаптың тиражы 2000 дана болса, енді кітаптың тиражы 5000 данаға жететін болды. Осыған орай жазушылардың қаламақысы да артатын болады», деді Ж.Ерғалиев.

Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар