• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Мамыр, 2019

Қазақстан өніміне сұраныс жоғары

1030 рет
көрсетілді

Алматыда өткен Қазақстан мен Қытай арасындағы аймақаралық II форумының «Өндірістік кооперация» тақырыбындағы пленарлық сессияға екі елдің өкілдері аса дайындықпен келгені байқалды.

Қазақстан Премьер-Минис­трінің бірінші орынбасары  – Қаржы министрі Әли­хан Смайылов Қазақстан Қытай­мен тауар айналымын әртарап­тандыруға мүдделі екенін айтты. Екі ел арасындағы тауар ай­­налымы тұрақты түрде өсіп келеді. «Біз Қазақстанның та­уар экспортын ұлғайтуға дайын­быз. Қазақстандық ұн, май және өз­ге де өнімдер Қытайдағы ең өтімді тауарға айналды. Қы­тай халқы Қазақстан туралы көбірек біліп келеді», деді Ә.Смайылов. Қазақстанның шы­ғыс көршісімен көлік-ло­гистикалық саладағы байланысы нығайып келеді. Мәселен, «Достық – Алашаңқай» және «Ал­тынкөл – Қорғас» темір жол өткелдері Қытай – Еуропа ба­ғытындағы тасымалдың 56 пайызын қамтып отыр. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы шекара маңы ынтымақтастығы сияқты ірі жобалар сәтті жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі таңда қос тарап өкілдері «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Қытайдың қаржы институттары арасындағы стра­тегия­лық байланысты артты­руға дайын. Бұған қоса екі ел ара­­сындағы алыс-беріс кезіндегі кедендік кедергілерді оң­тай­ландыру жайы да назарда. 

Ә.Смайылов кеден бас­қар­­ма­сымен экспорттық дек­ларация­лар бойынша онлайн ре­жімде мәлімет алмасу туралы келісімге келгенін тілге тиек етті. Бұл ақпаратты қазақ­стан­дық кәсіпкерлердің импорт­тық декларацияларымен салыс­тыруға мүмкіндік береді. «Қа­зақ­станға инвестиция салған мем­лекеттердің ішінде Қытай төр­тінші орында. Қытай іскер­лері негізінен көлік және логис­тика, тау-кен өнеркәсібіне қар­жы бағыттайды. Екі елдің сауда-эко­номикалық байланысы жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, соң­ғы үш жылда өзара тауар ай­на­лымы 50 пайызға өсті», деді ол. 

 Қытайлық делегацияны бас­тап келген ҚХР Мемлекеттік кеңесі вице-премьері Хань Чжэнь екі елдің басымдық берер бағыттары айқындалып келе жатқанын жеткізді. Мәр­те­белі қонақтың айтуынша, Қазақстанның ауыл шаруа­шы­лығы тауарларының алғашқы легі Қытайға жете бастады. Мұнай саласында жаңа жобалар пайда болды. Ең басты жаңалық – екі елдің қаласы бір-бірімен тығыз байланыс орнатты. 

Хань Чжэнь сондай-ақ өткен айда ҚХР астанасы Бейжіңде өткен экономикалық форумды еске түсірді. Бұл жиынға әлемнің түкпір-түкпірінен 

5 мың делегат келіпті. «Бізге ал­дағы уақытта бірігіп жұмыс істейтін келісімшарттардың жобасын нақтылау керек. Қа­зақтың тәтті нанының, қазақ даласында шүйгін шөпке ер­кін жайылған ірі қара мен ұсақ малдың тәтті етінің дәмі қы­тайлық нарықты бірден өзіне қаратыпты. Осы бағытта бі­рік­кен жобалардың көбейе бе­руіне мүдделіміз. Жақсы жобаларды қаржыландыруға да­йын екенімізді тағы да айтқым келеді» деді ол. 

Қытай вице-премьерінің екінші ұсынысы қазақ-қытай арасын жалғап жатқан темір жол, автожол мүмкіндіктерінің екінші кезеңіне назар аудару. «Бұл екі ел арасындағы сауда дә­лізінің мүмкіндігін арттырады. Сондай-ақ қазақ-қытай кәсіпкерлерін тек іскерлік байланыс емес, терең достыққа не­гізделген достықтың да жалғап тұрғанын қалаймын», деп сөзін түйінеді. 

ҚХР Коммунистік партия­сының орталық комитеті мен мемлекеттік кеңесі №1 құжатты халық назарына ұсынған болатын. Құжатта «Бір белдеу, бір жол» стратегиясының аясында Қытай басқа мемлекеттермен ауыл шаруашылығы саласындағы әріптестігін арттыра түседі делінген. Яғни, Бейжің шетелдік өнімдердің импортын ұлғайтпақшы. Бұл – Қазақстан үшін өз ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайтын жақсы мүмкіндік.  АЛМАТЫ