Тергеу нұсқасына сәйкес, Қазақстан азаматтары Е. мен Ж. 2023 жылдың желтоқсан айында Бішкек қаласында төрт жергілікті тұрғынды қылмыстық схемаға тартып, оларға 100 долларлық купюралармен 70 мың жалған АҚШ долларын өткізген, деп жазады Egemen.kz.
Кейін олар бұл қаражатты банктер мен айырбастау пункттерінде аз мөлшермен бөліп-бөліп, түпнұсқа ақшаға айырбастап отырған. Нәтижесінде жалған ақшаның бір бөлігі айналымға енгізілген.
Аталған алаяқтық әрекет құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалмаған. Қылмыстық топтың барлық мүшесі ұсталып, іс сотқа жолданды.
Бішкек қаласының Первомай аудандық сотының үкімімен Қазақстан азаматы Е. Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің «Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, ірі көлемдегі ақша мен бағалы қағаздарды қолдан жасау» бабы бойынша кінәлі деп танылды. Сот оған жалпы режимдегі түзеу колониясында бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Амнистияға сәйкес, өтелмеген жаза мерзімі үштен бірге қысқартылды.
Оның сыбайласы Ж. да дәл осы бап бойынша кінәлі деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айырылды. Оған да амнистия негізінде жаза мерзімі үштен бірге қысқартылды.
Қылмыстық схемаға қатысқан Қырғызстан азаматтары қылмысты жасыру фактісі бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысына 50 мың сом (шамамен 264 мың теңге) көлемінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар, Бішкек қалалық сотының қылмыстық істер және құқықбұзушылықтар жөніндегі сот алқасы сотталған қазақстандықтарды жазасын өтегеннен кейін Қырғызстан аумағынан шығару туралы шешім қабылдады.
Айыпталушылар апелляциялық шағым түсіргенімен, бірінші сатыдағы сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды.