• RUB:
    6.65
  • USD:
    521.57
  • EUR:
    601.01
Басты сайтқа өту
18 Қазан, 2013

Ой жеткен жерге қол да жетеді

523 рет
көрсетілді

Ұлтының азаттығын аңсаумен өткен Ахмет Байтұрсынұлы «Мұғалім – мектептің жүрегі» дегенді бекер айтпаса керек. Жақсы ұстаздың тәрбиесін көрген шәкірттің мықты маман ғана емес, үлкен адам болары ақиқат. Оңтүстікте осындай қасиетті кәсіпті құрмет тұтып, мұғалімдік мамандықты таңдаған жастардың бойына білім нәрін сеуіп, ұлттық тәрбиемен сусындатып жүрген Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық инс­титуты – ұстаздардың киелі ордасы, тарихы терең қара шаңырағы. Белгілі ғалым, әдіскер-педагог Оңалбай Аяшев басқаратын инс­титут жұртшылықтың жылы ықыласына бөленіп, жақсы бағасын алып келеді.

Ұлтының азаттығын аңсаумен өткен Ахмет Байтұрсынұлы «Мұғалім – мектептің жүрегі» дегенді бекер айтпаса керек. Жақсы ұстаздың тәрбиесін көрген шәкірттің мықты маман ғана емес, үлкен адам болары ақиқат. Оңтүстікте осындай қасиетті кәсіпті құрмет тұтып, мұғалімдік мамандықты таңдаған жастардың бойына білім нәрін сеуіп, ұлттық тәрбиемен сусындатып жүрген Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық инс­титуты – ұстаздардың киелі ордасы, тарихы терең қара шаңырағы. Белгілі ғалым, әдіскер-педагог Оңалбай Аяшев басқаратын инс­титут жұртшылықтың жылы ықыласына бөленіп, жақсы бағасын алып келеді.

Жақында бұл білім ошағында Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атындағы ғылыми-инновациялық кабинеттің ашылуы мен Елбасының «Когда мысль – материальна» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Елбасы атындағы ғылыми-инновациялық кабинет жоғары технологияның ең соңғы үлгісі бойынша жабдықталған. Атап айтқанда, Поликом видеоконференц-байланыс аппаратурасы, 16 делегатқа арналған дискуссиялық жүйе, соңғы үлгідегі 4 СМАРТ теледидарларымен қамтамасыз етілген. Бұл кабинетке жоғары жылдамдықпен локалды және WI-FI қосылған, әлемдік интернет ресурстарына кіру мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз ету үшін Томсон Рейтерс дүниежүзілік деректер қорына кіру мүмкіндігіне ие. Бұл жерде ғылыми жобамен айналысатын үздік студенттер мен оқытушы-профессор құрамының тәулік бойына жұмыс істеуіне толық жағдай жасалған. Сондай-ақ, Елбасының 200-ден аса кітабы, Нұрсұлтан Әбішұлы туралы жазылған зерттеу еңбектер жеке кітапхана ретінде профессор-оқытушылар мен студенттер қауымына қызмет көрсететін болады.

Осы іс-шараға арнайы ша­қырылған филология ғылым­дары­ның докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков, ҚР ҰҒА академигі, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Әбсаттар Дербісәлі, сондай-ақ, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы Мархабат Байғұт, институт профессоры, тарихшы ғалым Сәбит Жолдасов мазмұнды баяндамалар жасады.

«Біз тарихымызда басымыздан небір қиындықтарды кешкен, сұрапыл соғыстарды, жойқын жортуылдарды өткерген, сан рет қирап, сан рет бой түзеген, тарихтың тағдырлы көші дейтін ұзақ жолда жақсыны да, жаманды да көрген, салтанатты өмір сүрген, хандары алтын сарайларда да тұрған, алтын тақта да отырған, іргелес елдермен бейбіт өмір сүре білген елміз». Осылай деп сөзін бастаған Мырзатай Жолдасбековтің баяндамасы тарихи толғаныс пен береке-бірлікке үндеген өрлік рухта жалғасты. Алауыздық пен итараздық көсегесін көгертпеген Қазақтың басынан бағы ұшқан қилы замандарға тоқталған баяндамашы бүгінгі мамыра-жай бейбіт өмірге шүкіршілік жасауға шақырды. Тыңдармандарға төбе биіміз Төле би мен хан Абылайды аһ күрсіндіріп, арманда кеткізген тәуелсіздікке Елбасымен бірге жеткен әр қазақ бақытты дегенді жеткізді.

Өмірзақ Айтбайұлы кітапта жинақталып берілген дәрістердің өзегін білім, ғылым, инновация, жаһандану, интеграция секілді өзектілігін жоймайтын дүниелер құрайтындығына тоқталып, әрбіріне жеке-жеке талдау жасады. «Бүгінгі Қазақстан – әлемнің төрт тарабына бірдей ашық, жасампаздыққа жаны құштар, алдына өршіл мақсаттар қойған, мүмкіндігі мол ел. Жаңа Қазақстанның қандай болмағы, қандай мән мен мазмұнға ие болмағы бүгінгі жастардың қолында. Ой жеткен жерге қол да жететінін Елбасының көтерген бастамалары мен қол жеткізген жетістіктері көрсетіп отыр», – деп ойын қорытындылаған тіл жанашыры, академик залға жиналған студент жастарды отанды сүюге, қадірлеуге үндеді.

Әбсаттар Дербісәлі Елбасы­ның қазақ ғылымы үшін жаса­ған қамқорлықтарына тоқтал­ды. «Мәдени мұра» және «Тарих толқынындағы халық» бағдар­ла­маларына сәйкес шетелдерден жинап әкелген жауһар дүние­ле­рімен жиналғандарды таныс­тырды. Әл-Фарабидің әйгілі музыка туралы еңбегінің жалғыз дана­сын ала келген баяндамашы қазіргі таңда тағы да 29 Әл-Фа­ра­би табылып отырғанын және бұның баға жетпес мол қазына еке­нін жеткізді. Түркияға барған са­парынан ала қайтқан рухани олжасын зерттеп, зерделеу мақса­тын­да педагогикалық институт студенттерін бірлесе жұмыс жасау­ға шақырды. Оқу орнының басшысы Оңалбай Аяшевтің бітірушілер арасынан он студентті білім гранты негізінде Әбсаттар Дербісәлі басқаратын Шығыстану институтына магистратураға жіберуге ше­шім қабылдаған хабарын студент жастар зор қуанышпен қабылдады.

Елбасы туралы «Сәби күлкісі сақталған кісі» атты бейнелі баян­дама жасаған Мархабат Байғұт Мемлекет басшысының кісілік келбетін көркем кестеледі.

«Бүгінгі жасалған баяндама­лар­дың тақырыбы түрліше болғаны­мен, өзек болған идея жалғыз, ол – Елбасы еңбегі мен қайраткерлігі. Елбасының өмір мектебі бізді алға жетелейді, еңбекқорлыққа, ізденімпаздыққа баулиды. Біз Мемлекет басшысынан Отанға деген теңдесі жоқ отансүйгіштікті, жауапкершілікті, білімге құштар­лықты, жеткіншектерге деген махаббатты өзімізге үлгі етеміз және аталған қасиеттерін жоғары қадірлейміз», деп институт ректоры Оңалбай Аяшев жиынды қорытты.

Оралхан ДӘУІТ,

«Егемен Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысы.

Суреттерді түсірген Арман ӘБДІРАШҰЛЫ.