Биылғы жылдың алғашқы жартысында тұтыну нарығындағы ахуал нашарлағанымен, 10 айдың қорытындысы бойынша ахуал тұрақталып келе жатқаны байқалды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов айтты.
Азық-түлік құны көтерілді
– Қазан айын қоса алғандағы қорытынды бойынша жылдық инфляция 7,1 пайыз деңгейінде қалыптасты, бұл көрсеткіш біздің осы кезеңдегі бағалауымыздан біршама төмен. Азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын инфляция бағалаудан аз болды, – деді ол. Азық-түлікке қатысты қымбатшылық 11,5 пайыз болады деп болжанған-ды, ол 10,7 пайызға жетті. Азық-түлік емес тауарлар нарығындағы инфляция да күткен 10,7 пайыздық межеден сәл төмендеу болып, 5,6 пайыздық көрсеткішке тұрақтады.
Азық-түлік инфляциясының құрылымында нарықта ет және нан-тоқаш өнімдері бағасының жылдық өсу қарқыны үшінші тоқсанда баяулады. Теңгенің номиналды бағамының әлсіреуіне байланысты маңызды импорттық құрамдас бөлігі бар тауарлар тобындағы май мен тоң май, шай мен кофе, алкогольді ішімдіктер құны көтерілді. Құстың тұмауы, Ресейде қанттың қымбаттауы сияқты тосын жағдайларға байланысты жұмыртқа мен қант қымбаттады.
– Шын мәнінде, шілде-тамыздағы бағаның өсу үдерісі қыркүйекте саябырлап, тіпті 6,5 пайызға дейін төмендегенін байқадық. Бұған карантин шараларын жеңілдету, кірістерді қалпына келтіру, дәрі-дәрмек өндірісінің күшейгені, көкөністер мен жемістердің пісуі және басқа да жекелеген тауар нарықтарындағы өзгерістер біртіндеп әсер етті. Респонденттердің аз бөлігі – тамақ өнімдері қымбаттағанын, басым бөлігі – азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің құны көтерілгенін айтты. Бірақ инфляциялық болжамдар әлі де болса тұрақтана қойған жоқ, – дейді Ақылжан Баймағамбетов. Яғни коронавирустың екінші толқынына қатысты белгісіздік күшейген сайын бағаға қатысты өзгерістер де күшеюі мүмкін. Ұлттық банктің болжамы бойынша жылдық инфляцияның дәлізі жылдың соңында 4-6 пайызға жақындайды.
Сыртқы сұраныс жақсарып келеді
Ұлттық банк төрағасының орынбасары айтқандай, локдаунның тоқтағаны, шектеу шараларының жеңілдегені үшінші тоқсанда әлем елдерінің өндіріс көлемін қалпына келтіруіне ықпал етті. Пандемияның келесі толқыны сезіліп, дамыған елдерде локдаундар енгізіліп жатқанына қарамастан, сыртқы сұранысты қалпына келтіру туралы оптимистік болжамдар жасалуда. Халықаралық валюта қоры 2020 жылға арналған әлемдік экономика минус 4,9 пайызға төмендейді деген болжамды минус -4,4 пайыз деп сәл жақсартты. Бірақ 2021 жылдағы өсімді 5,4 пайыздан 5,2 пайызға төмендеткенін айта кету керек.
– Мұнай бағасындағы базалық сценарий жылдың соңына дейін орта есеппен барреліне 40 доллар шеңберінде қалыптасты. Жекелеген кезеңдерде баға төмен түскенімен, біртіндеп 40 доллар және одан жоғары белгіге қайта келді, – деді Ақылжан Баймағамбетов.
Оның айтуынша, елімізде ағымдағы жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша ІЖӨ-нің төмендеуі болжамды 2,9 пайыз емес, 2,8 пайыз болды. Қыркүйекте карантин шараларының жеңілдетілуіне байланысты экономиканың жекелеген секторларында инвестициялық қызмет пен іскерлік белсенділік жақсарды. Экономикалық белсенділіктің оң серпіні өңдеу өнеркәсібі, сауда, ауыл шаруашылығы, құрылыс, ақпарат және байланыс салаларында байқалады.
– Ішкі қаржы секторындағы ахуалды әрдайым әлемдік қаржы нарықтарындағы ахуалдың дамуы және сыртқы іргелі факторлардың әсері тұрғысынан қарастырған жөн. Қыркүйек-қазан айларында АҚШ-тағы сайлауға және әлемнің әртүрлі елдерінде жаңа карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты әлемдік қаржы нарықтарындағы құбылмалылық күшейді. Мәселен, қазан айының соңында Brent маркалы мұнай баррелінің бағасы 37,5 АҚШ доллары деңгейіне дейін төмендеді. Сыртқы факторлардың әсерінен теңгенің айырбастау бағамы қазанда 1 АҚШ долларына шаққанда үшін 431,81 теңгеден 432,66 теңгеге дейін 0,2 пайызға әлсіреді, – деген Ұлттық банк төрағасының орынбасары ел экономикасына әсер ететін сыртқы қатерлерге де тоқталды.
Пандемияның теріс әсері мен қатаң шектеулерге байланысты әлемдегі экономикалық белсенділіктің нашарлауы Қазақстан экономикасы үшін де негізгі сын болып тұр. Короновирустың таралуы тағы күшейген жағдайда шикізат тауарларына әлемдік сұраныс төмендеп, бағасы құлдырайды. Бұл мұнай экспорттаушы елдердің, оның ішінде Қазақстанның экспорттық валюталық түсімін құлдыратады. Экспорттан түсетін қаржының азайғаны ұлттық валютаға салмақ болады, инфляциялық процестерді де жеделдетіп жібереді. Дегенмен COVID-ке қарсы вакцинаның сынақтан сәтті өтуіне байланысты позитив жаңалықтан кейін іле-шала мұнайдың 1 баррелі 44 доллардан асып кетті. Яғни дәл қазіргі жағдай тиімді деуге болады. Бұл орайда, бағаның өскені қысқа мерзімді құбылыс емес пе деген сауал өзекті болып тұр.