Үшінші мегаполистегі Ж.Шанин атындағы қазақ академиялық драма театрының және қалалық орыс драма театрының негізі қаланғанына биыл 95 жыл толды. Соңғысы бұл датаны, яғни 95 жылдықты атап өтуге әзірлік үстінде. Ал қазақ академиялық драма театры әрі-сәрі күйде. Неге?
Оңтүстікте қазақ театры қай жылы құрылды?
Кеңестік дәуірден қалған деректер бойынша қазақ театр өнері қарашаңырақтарының бірі – Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры 1934 жылы құрылған. Яғни театрдың биыл 90 жылдығы атап өтілуі тиіс. Алайда театр тарихына тереңірек үңіліп, мұрағат құжаттарын парақтаған қызметкерлердің өз айтары бар. Олар арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілсе, театрдың құрылғанына 95 жыл толғанын дәлелдеуге болатынын мәлімдеп отыр. Деректерде еліміздің оңтүстігінде халықты театр өнерімен таныстыру арқылы олардың қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында 1929 жылы 1 қарашада алғашқы театр маусымы ашылғаны айтылады. «Сол заманда театр репертуары революциялық қозғалыс тарихы, қызыл әскер, флот өмірі мен тұрмысы, батыс пен шығыстағы таптық күрес сияқты тақырыптарды қамтыған. Театрдың бастапқы көркемдік жетекшісі мен бас режиссері М.В.Раздолин болды», дейді қалалық орыс драма театрының директоры И.Вербицкий баспасөзге берген сұхбатында. Осылайша, орыс драма театры бірінші маусым ашылған датаны негіздеп тұр.
Қазағы қалың өңірде бір ғана театр жұмыс істеп, жергілікті жұрт 1929 жылдан бергі бес жыл бойы тек орыс драма театрының қойылымдарын тамашалады деу де мүлдем қисынға келмейді. Жергілікті өнерсүйер қауым өңір халқына қатар қызмет көрсетіп келе жатқан мәдениет ордаларының бірі қазақ драма театрының құрылғанына – 90, екіншісіне, яғни орыс театрына 95 жыл толған сәйкессіздікке түсінбей, қазағы қалың өңірде ұлт өнерінің кенжелеп қалуы мүмкін еместігін айтады. Демек, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ театрының қай жылы құрылғанын анықтап, жылнаманы жаңғырту өңір тұрғындары үшін де маңызды мәселе.
Өнер ордасының тарихын терең зерделеп, зерттеп, мұрағат деректеріне сүйенген мамандар Шымкентте театр өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары құрылғанын айтады. Архивті ақтарған мамандардың мәлімдеуінше, еліміздің мәдениет тарихында ерекше орын алатын театр өнерінің қалыптасуына Омбыда 1865 жылы қалалық театрдың ашылуы ықпал еткен. XIX ғасырдың екінші жартысында бұл театрдың даңқы жайылып, оның сахнасына Батыс пен орыс классиктерінің шығармалары қойылады. Ал қаланың өзі болса, өнер мен білімге ұмтылған қазақ жастарының төңкеріске дейін топтасқан белгілі орталығы болды. Ғалым, демократ-ағартушы Шоқан Уәлихановтан басталып, онан кейінгі кезеңдерге дейін қазақ жастарының білім алып, мәдениетке араласуы осы қаламен тығыз байланысты. Солардың ішінде Сәкен Сейфуллин, Нығмет Нұрмақовпен бірге, білім мен мәдениетке ұмтылған Жұмат Шанин де осы қалада болып, әрі оқып, әрі қызмет істеген. Қазақ жастарының басын қосып, өнер мен мәдениетке баулыған «Бірлік» ұйымы да осы Омбыда ашылған. Сол уақытта қызметте немесе оқуда болған халқымыздың ардақты ұлдарының театр өмірімен таныс болуы шығармашылық тұрғыда тез жетіліп, қалыптасуына себеп болғаны даусыз.
«Қазақтың ұлттық театрын ұйымдастыру мәселесі ел ішінде дала театры деп атауға әбден лайық халық өнерінің сан қилы түрлері дамып, жетілген тұста көтерілуі табиғи құбылыс. Қазақтың кең даласының әр түкпірінде тұңғыш әуесқойлық қойылымдар мен драматургиялық шығармалардың тууы осы халық шығармашылығының көркемдік құдіреті. Оңтүстік Қазақстанда да ойын-сауық, көркемөнерпаз үйірмелері жедел дамыды. Олардың репертуарлары шағын пьесалар мен ән-күй, көркемсөз, еңбекшілер ұранына құрастырылған. Зерттеушілер деректерінде төңкерістен бұрынғы қазақтың көшпелі өміріне, саяси теңсіздігіне қарамай, халқымыздың азды-көпті оқыған жастары өнердің жаңа түрі – театр өнерін жасаудағы алғашқы қадамдарын бастағаны айтылады. Бұрын бірлі жарым әдеби кештерде домбыра тартып, ән салумен шектеліп келген қазақ жастары ұлттық ойын, ақындар айтысын, дастандарды сахнаға бейімдеп көрсетуге кіріседі. Көркем үйірмелер әдебиетіміздегі драматургия жанрының дамуына ұйытқы болды. Бұған кәсіби театрымыз құрылмай тұрған кездегі С.Сейфуллин, М.Әуезов, Ж.Шанин және басқалардың драмалық шығармалары дәлел. Көркем үйірме мен мәдени жұмыстарды жүргізетін «Қазақ жастары» атты ұйым Шымкентте сол заматта шыққан. Жиырмасыншы жылдары Шымкент жастары мәдени-бұқаралық жұмыстардың алуан түрін өрістетті, «Қызыл шайхана», Қызыл отау», «Қызыл арба», «Сауатсыздықты жою» сынды мәдени-көпшілік ағарту және үгіт-насихат жұмыстарының барлығы да драма труппаларының қатысуынсыз өткен емес. Мұрағаттық құжаттарды зерделеу барысында Черняев уезінің халық білім бөлімінің меңгерушісіне жазған рапортта Черняев театры әртістерінің жағдайы баяндалып, соңына театр режиссері қол қойған құжатты кездестірдік. Ол құжатта қандай қиын жағдай болса да, әртістердің халық алдына шығып, өз міндеттерін атқарғаны, суық күндерде, тар жерде грим жасап, халық алдында өнер көрсетіп, ауырып тұрса да спектакльдерді ойнап жүргені сынды басқа да проблемалары жазылған. Бұл 1920 жылғы жағдай. 1924-1925 жылдары Сырдария губерниясы Халықтық білім бөлімі қаулы жобасы берілген 86-87 беттерде Шымкент уезі мен қаладағы мекемелерді бөліп көрсетеді. Яғни Шымкент қаласында 1924-1925 жылдарғы ақпарат бойынша 2 театр жұмыс істеп тұр деп көрсетілген. 1924 жылы Автономиялық республикаларға жіберілген театр туралы ережелер Шымкент театрына да жолданған. Жалпы, архивтік деректерде театрдың сол 1924 жылдан бастап өңірдің мәдени-ағарту жұмыстарына белсене араласқаны жөнінде көп айтылады. 1928 жылы берілген жылдық есептің қалалық кино жұмысы бөлімінде: «Қысқы сезон үшінші қазанда басталды, қалалық кино ғимаратында апта сайын қойылымдарды қазақ мемлекеттік театры қойып отырды», делінген. Сырдария округінің Халықтық білім бөлімінің 1929 жылы 10 қыркүйекте өткізген жиналысы шешімінде «Мәдениет бөлімі облыстық Халықтық білім бөлімімен бірге тез арада қарап, мақсатты спектакльдерді сатып алуды ұйымдастырсын, қалалық театр тез арада қысқы сезон ашқанға дейін 1 ноябрьге дейін құрылысын істеп тапсырсын» деген деректі кездестірдік. Демек, театр маусымы 1929 жылы қарашада ашылған. Ал 1932 жылдың 21 маусымында Оңтүстік Қазақстан облыстық білім бөлімі жиналысының шешімі бойынша мақұлданған құжатта, жұмыс істеп тұрған Шымкенттегі қазақ мемлекеттік театрын нығайту үшін көмек ретінде облыстық бюджеттен 1000 рубль беру көрсетілген. Тізе берсек, театрдың жұмысы, әртістердің жағдайы, театрды нығайтуға берілген көмектер жөнінде дерек көп. Яғни бұл деректер Шымкентте театр 1924 жылы немесе 1929 жылы ашылғанын білдіреді. Мұны, әрине тарихшылар, өнер зерттеушілері түбегейлі анықтап, нақтылай түседі деген үміттеміз», дейді алдымызға Түркістан облысы мемлекеттік архивінен алынған құжаттар көшірмесін жайып салған Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры мұражайының бөлім меңгерушісі Қымбат Молдиева.
Театрдың тарихын айқындай түсуге зиялы қауым, жергілікті билік өкілдері де мүдделі екендерін танытты. Осы орайда, қазақ драма театрының өткенін зерделеген қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек сәйкессіздікке мән беріп, даталарды нақтылай түсу, яғни 95 жылдығын атап өту жөнінде көпшілікке алғаш болып ой салғанын айта кетелік. Ұлтжанды азаматтың бұл бастамасын өнерсүйер қауым қолдап отыр.
Театрға тұңғыш режиссер, драматург, қоғам қайраткері Жұмат Шаниннің есімі 1972 жылы берілді. Рухани азық көзі, әрбір жан өзіне керек дүниені таба алатын қазақ театрының құрылу, қалыптасу жолы жеңіл болмағаны мәлім. «Қазақ театрының қолға алған жұмысы үлкен, жүгі ауыр, жолы алыс. Алыс жолға талықпай-жалықпай жету үшін қажымайтын текежаумыт ат керек. Жел өтіп, күнге күймейтін тон керек. Еңбекті егізім деп таныған, ақылын жігерімен жаныған азамат керек! Қазақ театры – ұядан қанат қағып, қалықтап ұшқан балапан. Қанаты талмай қонатұғын күй керек», депті Жұмат Шанин шымылдығын түргеніне 1 жыл ғана болған театр жайында. Бүгінде «еңбекті егізім деп таныған, ақылын жігерімен жаныған азаматтардың» арқасында қазақ театры өсіп-өркендеп, дамып келеді. Ауыз толтыра айтар жетістігі, жаңашылдығы жетерлік. Көрермен қауым жуырда театрдың көркемдік жетекшісі қызметіне тағайындалған Сұлтан Сраиловтың өнер ордасы жетістіктерін еселей түсетінінен үмітті. Астана қаласы әкімдігінің Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры-көркемдік жетекшісі, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры, «Оңтүстік Цирк» МКҚК бас директоры қызметтерін атқарған, яғни бұл саланың тәжірибелі маманы Сұлтан Оңғарұлы театрда алдыңғы буыннан тәлім алған жастардың шығармашылық дәстүрді сабақтастырумен қатар жаңа қырларын аша түсуіне ықпал етері анық. Театрдың нақты қай жылы құрылғанын анықтау сол жас буын үшін де маңызды. Өңір жұрты театр тарихы мәдениет зерттеушілерінің, тарихшылардың көмегімен нақтыланып, жуық арада шешімін табады деген үмітте.
«Әртістер ойнап жатқанда уайымдап отырамыз»
Бүгінде Ж.Шанин театрында шешімін күткен тағы бір мәселе бар. Үшінші мегаполистегі руханият ордасы – Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрының сахнасы қойылымдарға лайықталмаған. Дыбысталу мен жарықтандырылу кешенінде де кемшілік көп. Нысан тозып, едені тесілген. Сахна бетіндегі дөңгелек айналма да дұрыс орнатылмауынан бірде-бір рет жұмыс істемеген. Сахнадағы техникалық қауіпсіздік бұзылған, еденге талапқа сай тақтай төселмеген, 33 штанкеттің тек алтауы істейді.
Иә, ғасырға жуық тарихы бар Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрына жаңа ғимарат 2014 жылы берілген. Құжатта сахнаны әрлеуге арналған 30 көтеру құрылғысы жазылса, мұнда бар-жоғы төртеу ғана. Театр қызметкерлерінің айтуынша, оның өзінің жұмысы қауіпті. Мәселе шешілуі үшін сахна күрделі жөндеуден өтіп, жаңа құрылғылар алынуы қажет. Бұл орайда қала әкімдігі тарапынан қажетті қаржы қарастырылған да екен. Алайда пайдалануға берілгеніне он жыл болған ғимаратқа жаңғырту жұмыстарын жүргізу ережеге сай келмейді. «Сахнамыз күрделі модернизацияны қажет етіп тұр. Жоғарғы және төменгі механизациямыз стандарттарға мүлдем сай емес. Жарық беру, дыбыс беру кешендері де заманауи техникалармен жабдықталмаған. Театрдағы өзекті мәселелерді Сенат депутаттарына жеткіздік. Өздері сахнаға шығып, жағдайды көрді», дейді Ж.Шанин атындағы қалалық академиялық қазақ драма театрының директоры Арайлым Құрбанбекқызы. Ал драматург Сая Қасымбек театр сахнасының жүрегі іспеттес құрылғы – дөңгелек мүлде айналмайтынын айтты. «Әртістер ойнап жатқанда біз штангеттер түсіп кетпесе екен деп уайымдап отырамыз. Өте қауіпті. Біз «құдай сақтасын» деп жүре береміз. Бірақ сақтау үшін де әрекет ету керек қой. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің мұрындық болуымен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков реконструкцияға қажетті қаржы бөлді. Ендігі кедергі – жаңа берілген ғимаратқа 25 жылға дейін реконструкция жасауға болмайды екен. Бөлінген қаржыны жұмсай алмай, пұшайман күйге түскен жайымыз бар», дейді С.Қасымбек. Сенат депутаттары Айгүл Қаппарова, Алишер Сатвалдиевпен кездесуде осы келеңсіздікті және өзге де ұсыныс-пікірлерін жеткізген театр қызметкерлері мәселелердің шешілуі үшін заң жобаларын жетілдіруді сұрады. Кездесуде халық қалаулылары ұжым өтініштері бойынша тиісті орындармен жұмыс жүргізілетінін мәлімдеді. Осы арада айта кетелік, еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент қаласында күрделі жөндеу мен жаңа ғимаратты қажет ететін басқа да театрлар бар.
ШЫМКЕНТ