• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.29
  • EUR:
    613.28
Басты сайтқа өту
Театр 13 Қыркүйек, 2024

Театрлар тартуы

123 рет
көрсетілді

Күз келіп, күн суытқанымен, көңілді сәулелендіретін театр­лар­дағы жып-жылы оқиғалар – көрермен үшін тамаша тар­ту. Бірінен кейін бірі жаңа ма­у­сымының шымылдығын түр­ген өнер ордалары өз жаңалығымен жанды жадыратты. Әдет­те­гіше ізденіс-ыждаһатымен көркемдік биіктен үн қатқан ұжым­дар­дың алдағы маусымда ұсынар жаңалығы да мол.

Қаллекидің «Абайы»

Қалибек Қуанышбав атындағы Қазақ ұлт­­тық музыкалық драма театры Президент пәрменімен ұлт­тық мәртебе алғаннан бергі алғашқы, ал жалпы реттілік бо­йынша ­34-театр маусымын аш­ты. Жаңа маусым шы­­мыл­дығы дәс­түр бойынша М.Әуе­зовтің «Абай» қо­йы­лымымен түрілді. Сурет­ші Қанат Мақ­­сұтов сахналық сұл­ба­сын сыз­ған спек­такль­дің қою­шы ре­жиссері – Қазақ­стан­­ның еңбек сіңір­ген қайраткері Әлімбек Ораз­­беков, хормейстері – Амантай Жұма­шев.

Ғасырлар бойы қалыптасқан кертартпа әдет-ғұрып пен мылқау күш, дүлей заманды айыптап өткен Абай ойы, Абай философия­сы жазылғаннан бері арада қанша жыл өтсе де, бүгінгі көрермен үшін де көкейкестілігін жоғалтқан жоқ. Керісінше уақытпен бірге өзектілігін арттырып, заманмен бірге жанданып келеді. Оның сыры – Мұхтар Әуезов Абай тақырыбы арқылы күллі адамзаттық мәселелерге қалам тартты. Пьеса өмірге келгеннен бері талай мәрте сахна көріп, сонша рет жүректерге жол салды. Мәселен, режиссер Әлімбек Оразбековке дейін де Абай тақырыбына соқпаған сахна суреткері сирек. Әйгілі Асқар Тоқпанов қолтаңбасынан бастап, Ш.Айманов, Ә.Мәмбетов, Ғ.Хайруллина, Ж.Омаров, Е.Обаев, Н.Жақыпбай, Ә.Оразбековтен бері қарай да тізбектеліп кете береді. Біз тамашалаған спектакльде Аға Абай рөлін Қазақстанның Халық әртісі Тілектес Мейрамов, Абай рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл сомдады.

Иә, әр дәуірдің Абайы сахнаны өзінше түрлендіріп, талғампаз көрермен көңіліне өзгеше өрнек салса, ақын бейнесінің әйгілі Қаллеки дәстүрін жалғаған жаңа заман бедеріндегі кемеліне келген үздік келбетін актер Нұркен Өтеуілов ізденісінен тануға болады. Ол сахнада ақын болып, адам болып ғұмыр кешеді. Бұл қойылымда сіз қазақ театрларынан тым жиі көретін сақалын салалап, алысқа көз тігіп, шексіз-шетсіз ой тұңғиығына беріліп, жансыз һәм жаттанды пәлсапа соққан «мүсін Абайды» емес, өмір ұсынған тағдырдың түрлі тәлкегіне жер басып жүрген жұмыр басты пенде, ет пен сүйектен жаралған жүректі жан иесі ретінде үн қатқан ақынның көңіл күй құбылуына, қуанышы мен қиналысына, даналығы мен күрескерлігіне, қысқасы, бір адамның бо­йына тоғысқан сан түрлі мінездің жан-жақты кескінделуіне куә боласыз. Нұркен­нің Абайы сахнада қарапайымдылық пен шына­йылыққа барынша екпін түсіреді. Сондықтан да актердің қаһарманы тұлға­лар жайлы сахнаға жиі шығатын атауы өзге болғанымен, кейіптелуі бірдей, бірін екіншісінен даралайтын ерекшелігі кемшін біртипті мінез иесі емес, өмірдің бар сынағына сергек қарап, жан жүрегімен қуанып күле де білген, егіліп жылай да алған пенде Абай. Қойылым сонысымен жүрегіңді қозғайды, ойыңды оятады.

Жалпы, Қаллеки театрының елордамыз – Астананың рухани-мәдени өмірінде алатын орны айрықша. Осыдан тура 33 жыл бұрын режиссер, қайраткер тұлға Жақып Омаровтың бастамасымен бас шаһар төрінде ту тіккен мәдени ошақ бүгінде шығармашылық қанатын кеңге жайып, өнердің үлкен ордасына айналды. Мұнда қазақ театр өнері режиссурасының реформаторы, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтің, Қазақстанның халық әртісі Қадыр Жетпісбаевтің ізі сайрап жатыр. Ұлт театрының абыз ақсақалы Қалибек Қуанышбаевтай аңыз актердің аяулы есімі һәм тағылымды жолы менмұндалап шақырады әр көрерменін.

Ұлы Мұхтар Әузовтің классикасымен шымылдық ашқан театр алдағы уақытта көрерменін үздіксіз қуантуға, жаңалығымен таңғалдыруға сақадай сай. Театрдың қыркүйек айындағы репертуарына М.Әуезовтің «Қарагөз», «Айман-Шолпан», Г.Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн», Д.Рамазанның «Жошы хан», С.Тұрғын­бекұлының «Шәмші», Ж.Шайхисламұлы, Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», Г.Бюхнердің «Войцек», О.Бөкейдің «Ұйқым келмейді», Ш.Айт­ма­товтың «Қызыл орамалды шынарым», Қ.Жиенбайдың «Патша көңілім, не дейсің?!.», Э.Филиппоның «Әйел құ­пиясы», А.Дударевтің «Кеш» спектакльдері мен халық аспаптар ансамблі мен сим­фо­ния­лық оркестрдің концерттері еніп отыр.

Сонымен қатар қыркүйек айында М.Әуезов­­тің «Қарагөз» трагедиясы (режис­сері – Гүлсина Мирғалиева) Ақтау қала­сын­да өтетін ІІI Халықаралық «Әбіш әлемі» театр фестиваліне, ал «Qalleki» театр­ лабораториясының «Войцек» драмасы (режиссері – Ұлан Қабыл) Павлодар қаласында өтетін Ж.Аймауытовтың 135 жыл­дығына арналған «Ертіс-Баян» ­I рес­пуб­ликалық театрлар фес­ти­ва­ліне қатысады деп жоспарланып отыр.

Жаңа маусымның тағы бір жаңалығы – қазан айында көрермен назарына режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н.Жұма­ниязовтың сахналауын­да П.Бомарше «Фигароның үйленуі» және желтоқсан айында Т.Әбдіктің «Парасат майданы» (режиссері – Фархат Молдағали) спектакльдерінің премьерасы ұсынылады.

 

Жаңаша жарқыраған «Қыз Жібек»

Аға театрдың ізінен ере жүріп, өнердегі өз сүрлеуін қалыптастырған Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры ұжымы да жаңа маусымын ресми түрде ашық деп жариялады. ХVІII театр маусымын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері әрі дәл осы қойылымы үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған Нұрқанат Жақыпбай режиссурасында қойылған Е.Бруси­ловский мен Ғ.Мүсіреповтің «Жібек» мюзиклімен ашқан өнерлі ұжым театр ішін шын мәнінде өнердің үлкен думанына ұластырды. Есіктен төрге дейін жайылған қызыл кілем, спектакль костюм­дерінің алғашқы нұсқалары мен театр жетістіктерін тізбелей мазмұнды көрме жасаған ұйымдастырушылар жұмысы да айрықша атап өтуге лайық. Қойылым басталғанша театр тарихымен танысып, спектакль туралы жан-жақты ақпарат алған көрерменнің мұндайда әлбетте «Қыз Жібекті» қабылдауы да айрықша болары сөзсіз. Біздің де әсер дәл сондай.

Ал аталған мюзикл туралы режиссердің өзі былай деп сыр ашты: «Қазақ өнеріндегі шоқтығы биік шығарманың бірі – «Қыз Жібек». «Қыз Жібек» десе, қазақтың иісі аңқиды. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Бұл туынды тек операның төңірегінде қалып қоймаса екен, заманауи тілде сөйлетсек», деген ой туды. Кейін Т.Жүргенов атын­дағы ұлттық өнер академиясындағы шебер­ханам­да «Қыз Жібекті» дипломдық жұмыс ретінде алып, сәтті қорғағаннан кейін оны әрі қарай байытып, дамытқым келді. Содан әнші, композитор Ерболат Құдайбергеновке материалды рок-опера не мюзикл жанрында дамытуға қолқа сал­дым. Сөйтіп Ерболат бір жыл бойы ізденіп, жастарға арналған нұсқасын жасап шығарды. Алайда ол театр сахнасына толыққанды мюзикл шығаруға аздау болғандықтан, театрымыздың музы­калық әрлеушісі, актер Жандәулет Батай аталған мюзиклге қазақтың домбыра, шертер сын­ды аспаптарын қосып, фольк-рок жанрына бейімдеп шығарды. Ұнады, құлақ­қа жағымды естілді. Осылайша «Қыз Жібе­гіміз» өмірге келді, – деді Нұрқанат Жақып­бай.

Рас, бүгінде ұлттық классикамызды сан алуан сипатқа сыйғызып, түрліше құбылтатын, тілін жұтаңдандырып, түсініксіз тәжірибелер негізінде сараптап жүрген режиссерлердің жұмысын көріп, театрдан тым-тым жиі күмілжіп шығатынымызды ойласақ, әлбетте, бұл «Жібекпен» қимай қоштасарыңыз анық. Себебі ғасырды ғасырға жалғаған жауһар жырдың Жастар театры сахнасында жандану мен тіл қату әдісі де, «сөйлеу» қалыбы да өзгеше. Евгений Брусиловскийдің заманауи үнде жаңаша өңделген классикалық музыкасы көрерменін формалық, идеялық һәм көркемдік ерекшелігімен баурайды. Қазақтың байырғы салты – бастаңғы стилінде өрбитін мюзиклде негізінен жастардың сыры мен мұңы, арманы мен мұраты, ең бастысы, кіршіксіз махаббаты алға шығады. Ғажайып музыка тілі арқылы сезім күйін шертер қойылым көрерменін сезімнің сан алуан сәттеріне саяхат шеккізеді. Біздің де көңіл алай-дүлей, аласапыран күйді бастан кешкені жалған емес. Өйткені бұл қойылымда көңіл жиі жоқтайтын қазақтың өз қалыбы, салт-сана, дәстүр-дағдысымен қатар актер­лердің шынайы ойынына құрылған кәсіби шеберлік пен сыршыл сұлулық та табыс­ты үндескен. Болмысынан эстет режиссер бұл жолы да көркем көзқарасынан танбапты. Әсемдікпен әдіптеп, бейнелі тілде баяндаған қойылымында мазмұнды мәтін, сыршыл сюжет, әузді ән, ұлттық бояу – бәрі-бәрін ұтымды үйлестіре білген. Ал режиссердің қырағы көзіне түсіп таңдауына іліккен әртістер өзіне жүктелген міндетті жоғары деңгейде алып шықты. Жібек рөлінде Назерке Серікболова, Төлеген – Мейірғат Амангелдин, Бекежан – Бекжан Керімбаев, Шеге – Жандәулет Батай, Дүрия – Шехназа Қызыханова сынды әртістер ансамблі ән сала жүріп билеп, билей жүріп ойлы образ тудырды. Спек­такльді тамашалап отырып, жас актер­лердің жалындаған жастық қуаты мен жасампаздығына жан суарып, көңіл мар­қайттық. Қойылым арқылы қазақтың қалы­бын қалтқысыз бейнелеп, ұлт тамы­рына тереңнен бойлаған режиссер жұ­мы­сы жанға азық, көңілге қуаныш сыйлады.

        

Бесінші маусым белесі

Тарихы төр қаламызбен тел жасасып келе жатқан елорданың ең жас театрларын Ана–Астананың бейне бір ерке балалары десе де болғандай. Адымдарын апыл-тапыл басып, өнердің биік өресіне қол созған олардың әрқайсысы өз алдында жеке-дара шежіре, том-том тарих. Күні кеше ғана V мерейтойлық маусымының шымыл­дығын түрген Музыкалық жас көрермен театрының да құрылғаннан бергі осынау қысқа ғана уақытта еңсерген жетістіктері мен жеткен жеңістері көңіл марқайтады.

Төрт жыл ішінде талай белесті бағындырған өнерлі ұжымның репертурары да сан алуан. Маңайына отты да өнерлі жастарды топтастырған олар М.Әуезовтің «Абай-Тоғжан», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», Д.Исабековтің «Гауһартас» Н.Мо­ши­наның «Дүние-Ғапыл», М.Ома­рованың «Шәмші», «Chanel №5», Э.Олбидың «Зоопарк», А.Володиннің «Қоштасқым келмейді» сынды ел аузына ілігіп, үнемі аншлаг жасайтын үздік қойылымдарын өмірге әкелді.

Ал мерейтойлық маусым шымылдығын ашуға лайық қойылым деп ұжым таңдауы бірауыздан Мұхтар Әуезовтің «Абай – Тоғжан» музыкалық драмасына түсіпті. Спектакльдің режиссері – театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров болса, инсценировка авторы – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Мирас Әбіл. Музыкалық кеңесшісі – Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген.

«Абай-Тоғжан» музыкалық драма­сы бүгінге дейін ұлы ақын туралы қо­йылған шығармалардан болмысы бөлек, бейнесі ерек жаңа туынды болуымен айрықша. Балалар мен жасөспірімдердің дүниетанымына, талғамына, рухани болмысының қалыптасуына әсер ететін бұл қойылым Хакім ғұмырының бозбала кезеңінен сыр шертеді.

 Жас Абайдың жүрегінде оянған алғашқы махаббаты, көкірегінде туған тұңғыш жыры әуезді әнге айналып, ішкі сезім тебіреністерін аласапыран күйге салады. Тоғжанға деген іңкәр сезім – өмірге деген құштарлыққа ұласып, Абайдың адамзатқа деген асқақ махаббатының темірқазығына айналды. Құнанбайдай әкенің өнегесі, Ұлжандай ананың тәрбиесі, қоршаған ортаның тылсым сыры, ғашықтықтың ғаламаты, дос пен бауырдың қадірі жас көрерменнің жанына рухани ләззат сыйлап, санасына көркем көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді. Абай поэзиясындағы ойлы жырлар мен есті әндер орындалатын қойылымда ұлттымыздың құндылықтары сахна биігіне көтеріледі. Халықтық сана, ұлттық тәрбие, бабалар дәстүрі, ұлы дала ұлағаты – ғашық Абайдың жан сүзгісінен өтіп, жас суреткерді «Сүйесің, жүрек, күйесің» деген ұғымдарына қарай жетелей береді. Жас Абайдың әлемі – көрерменге «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» екендігін ұқтырады.«Абай-Тоғжан» музыкалық драмасында суреттелетін қазақ елінің ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының бозаң қырда өткен балалық шағы мен кіршіксіз махаббаты, сезімге толы өлең жырлары көрермен санасына сыршыл әлемнен сәуле шашып, бір серпілтіп тастағаны анық. «Абай – Тоғжан» музыкалық драмасымен ашылған театрдың жаңа маусымда да көрерменіне ұсынар жаңалығы мол.