• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Туризм 21 Қыркүйек, 2024

Туризмді дамытамыз десек...

195 рет
көрсетілді

Бұрын туризм дегенде бірден жағажай, теңіз маңындағы курортты аймақтар еске түссе, кейінгі жылдары, әсіресе пандемиядан соң әлем халықтарының қызығушы­лығы туризмнің басқа түрлеріне ауа бастады. Бұрын естімеген, естісе де бармаған сыры бүгулі жатқан жұмбақ өлкелер тартымды бола бастады. Басқаны айт­пағанда, ел азаматтар да қаладан жерінгенде қыз-қыз қайнаған тір­шілік­тен жырақ, жазыққа, адам қарасы аз табиғат аясына шығуды дұрыс көреді.

Саланы бірнеше бағытта дамытуға болады

Туризм саласындағы мамандар қонақ келтірудің тың әдістерін қолданғанда әр өлкенің өзіндік артықшылығын тиімді пайдалануға кеңес береді. Ол үшін туризмнен ең көп табыс тапқан қайбір елдің тәжірибесіне иек артып шектелсек, тағы болмайды. Өйткені туризмде инфрақұрылым, жарнама өз алдына, елдің климаты, табиғаты, орналасқан аумағы, қауіпсіздігі, мәдениеті, тарихи мұрасынан бастап, қызмет көрсету сапасына дейін бәрі-бәрі маңызды саналады. Бір елде тең­дессіз іске асқан жоба-жоспар екінші бір мемлекетті құр шығынға батыруы мүмкін. Сол үшін де ертеңді ойласақ, туризмде халықаралық байланыстарды нығай­тып, салаға бөлінген қаражатты тиім­ді пайда­лануға көңіл бөлгеніміз абзал. Бұл ретте БҰҰ жанындағы Дүниежүзілік турис­тік ұйымның бас хатшысы Зураб Пололи­каш­вили ресми сапармен келгенде еліміздің турис­тік әлеуеті зор екенін, туризмнің бір емес, бірнеше бағытын қатар дамытуға әбден болатынын айтқан еді. 

«Біз Туризм және спорт министр­лігімен, елшілікпен кейінгі екі жыл шамасында тығыз байланыс орнаттық. Туризмді дамытуға келгенде Үкіметке немесе кәсіпкерге ғана сенім артып, қол қусырып отыруға болмайды. Туризмді да­мыту ісін ілгерілететін барлық тарап бірге жұмыс істеуі қажет. Біз Өзбек­станның қолдауын қалай сезінсек, сіздердің де қолдауларыңызды дәл солай сезініп отырмыз. Мен Астанаға, жалпы осы елге сапарлағанда іскерлік және спорттық туризмді ғана емес, туризмнің басқа да бағыттарын дамытуға әлеуетті екенін білдім. Туризмді бірді-екілі артықшылығы жағынан емес, барлық бағытта зерттеп-зерделеп дамыту қажет. Соның ішінде мамандар даярлау жағы да ақсамауға тиіс. Біз бірер айда «Бәсекеге қабілетті туризмді дамыту» бойынша алғаш рет академиялық курс ашқалы отырмыз. Оған Қазақстаннан 10 студент қабылдайтын болып келістік. Иә, көпшілік маркетингпен қалай айналысу керегін, қайда, қашан және қандай нарыққа басымдық беру керегін біле бермейді. Біз осы жұмыстың барлығын дұрыс жолға қойып, жәрдемдесуге дайынбыз. Өзге елдер жүріп өткен кедір-бұдыры көп жолға салмауға тырысамыз. Қазақстан – қауіпсіз ел. Мемлекет туризмге тартылған инвестицияны қолдайды, жәрдемдеседі. Сондықтан нақты жобаларға қолдау көрсетілсе, бұл бағытта дамуға жол ашық деп ойлаймын», деді З.Пололикашвили.

 

Табиғатқа зиян келтірмеуді пысықтаған дұрыс

Дүниежүзілік туристік ұйымның бас хатшысы шетелдік тәжірибелердің сараптамаларын негізге алып, туризмді да­мытуға ден қойып отырған тараптармен бірге жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Ол үшін туристік аймақтарды мейлінше жиі-жиі жарнамалап, инвестиция тарту жеткіліксіз. Мұнда туризмге оқытудан бастап, инфрақұрылым, озық жобалар, қызмет көрсету сапасы, тағысын-тағы көптеген бағытты қатар алып жүру қажет болады. Зураб Пололикашвили мұның барлығы «біртұтас экожүйе» деп түсіндірді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауда әуе хабтарын дамыту – өте маңызды міндет екенін, ішкі әуе бағдарларын дамытуға айрықша назар аударудың маңызын айтты. Бұл негізгі туризм нысандарының инфрақұрылымын жақсарту үшін қажет.

«Балқаш және Алакөл демалыс ай­мақ­­тарындағы ұшу-қону жолақтары толық жаңғыртылды. Катонқарағай, Зай­сан және Кендірлі өңірлерінің де туристік әлеуе­тін дұрыс пайдалану қажет. Осындай демалыс аймақтарында сапасы жоғары жол инфрақұрылымы бар әуе бекеттері мен әуежайлар салу керек. Өнеркәсіпті да­мыту қорының есебінен кіші авиация ұшақ­тарын алған жөн. Туризм жобаларын жүзеге асырғанда табиғатқа зиян келтірмей, экологияны сақтау барынша маңызды екенін ерекше атап өткім келеді», деді Президент.

Шындығында, ұлттық парктердегі, қо­рықтардағы адам аяғы баспаған алқаптар – біздің басты артықшылығымыздың бірі. Сол артықшылығымызды қызғыштай қорып, тиімді пайдаланып, келер тол­қынға сол бұзылмаған қалпында аманаттау керек. Биыл туризмге басымдық берген аумақтардың саны көбейгенін ескерсек, жоғарыда айтқандай, ертеңге алаңдасақ, өлкелердің табиғатын аяққа баспауды бір мысқал естен шығармаған жөн.

Еске салар болсақ, Туризм және спорт министрлігі жыл басында Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша басым аумақтардың тізімі 10-нан 20-ға кө­бейгенін хабарлаған еді. Тізімде Батыс Қазақстан облысындағы Хан Ордасы, Ақтөбе облысындағы «Қарғалы» су қой­масы, Қостанайдағы туристік кешен, Щучье-Бурабайдағы «Ақбура» курорт аймағы, Имантау-Шалқар курорт аймағы, Баянауыл, Катонқарағай курорт аймағы, Алакөл курорт аймағы, Түрген-Қаскелең тау кластері, Жамбылдағы «Көксай resort», Балқаш, Түркістан, Байқоңыр ғарыш айлағы, Ұлытау ауылы, Маңғыстаудағы Жылы жағажай, Атыраудағы Сарайшық қалашығы, Шымкент гастрономиялық туризм орталығымен қатар, Астанадағы туристік аудан бар. Бұл дегеніңіз, осы аудандардағы мәселелерді шешуге, аумақ­ты туристерге тартымды етудің жолын қарастыруға басымдық беріледі деген сөз. Туризм және спорт министрлігі ішкі туризм ағынының өскенін ескере оты­рып, жергілікті атқарушы органдармен бірге аталған туристік бағыттарда инфрақұрылымды дамыту бойынша жол картасын әзірлеп те қойған. Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев та саланы дамытуға келгенде негізгі туристік бағыттарға басымдық берілетінін айтты.

«Туризмді дамытуға бағытталған жоба-жоспарлар көбейіп келеді. Салаға Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл аударып отыр. Бірнеше ай бұрын Президент туризмді дамыту ісіне жауапты тараптармен кездесу ұйымдастырды. Онда туризмді ілгерілетуге қатысты маңызды міндеттер айтылды. Басқосуда туристік инфрақұрылым, логистика, жайлы орта қалыптастыру, қызмет көр­сету сапасын арттыру және цифрлық даму сынды мәселелер қаралды. Негізгі бағыттарды тағы бір пысықтадық. Біз қазір ішкі туризмнің жылдан-жылға дамып жатқанын байқап отырмыз. Шет­елдік туристер де көп келе бастады. Дү­ниежүзілік туристік ұйымға мүше ел ретінде біз туризмнің тұрақты дамуына көңіл аударамыз», дейді Е. Еркінбаев.

 

Дүниежүзілік ұйым әріптестік байланыс орнатуға дайын

Дүниежүзілік туристік ұйымның Еуропа бойынша жетекшісі Кордула Воль­мутер болса, туризмді дамытудың жаһан­дық трендінен қалыс қалуға болмайтынын айтады.

«Әр ай сайын әлемнің түрлі дестинациясы туралы ақпарат жинаймыз. Бұл бізге туризмді дамытудың әлемдік трендін бақылауға септеседі. Пандемиядан кейін Еуропа елдері бірден туристік бағыт­тарын қалпына келтіре бастаса, Орталық Азияда бұл үдеріс кешеуілдегенін бай­қаймыз. Бұл елде біртіндеп туристер ағыны көбейе бастады. Туризмді дамытуда біз ең бірінші тұрақтылық, климаттың өзгеруі, биоалуандыққа мән береміз. Туризм экономиканың өрістеуіне септеседі. Бұл да дамудың бір бағыты. Дүниежүзілік туристік ұйымның басшысы айтқандай, біз сіздермен ауқымды жобалар бойынша бірге жұмыс істеуге дайынбыз. Тәжірибе алмасуға әр кез ашықпыз», дейді Кордула Вольмутер.

Қазір шет елдермен тікелей әуе рейс­тері көбейді. Жыл басынан әлемнің 82 елімен визасыз режім орнатылды. Соның ішінде Қытай, Үндістан секілді халқы көп елдермен бағыттардың жаңғырғаны қуантады. Есесіне, Қытайдан келетін қонақтар саны 12 есе, Үндістаннан келген туристер 3 есе көбейген. Мұны ел Үкіметінің туризмді дамытуға бағытталған нақты қадамдарының бірі деп бағалауға болады. «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасовтың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туристік саладағы тараптармен кездескенде негізгі 3 дестинацияға ерекше тоқталды.

«Оның біріншісі – Алматы тау кластері. Алматы маңында демалысты жайлы ұйым­дастыруға көңіл бөлінеді. Мұнда тау шаңғы туризміне инвесторлар тарту қажет. Жаһандық жылынуға және басқа да түрлі кедергілерді қаперге алған күннің өзінде Алматының ұзақ уақыт қар жататын шыңдары бұл бағытты дамытуға таптырмайды. Бұдан кейінгі дестинация – Маңғыстау курорттық аймағы. Біз мұны шытырман оқиғалы туризм бағытында дамытуды ойластырып отырмыз. Ақтауға барған қонақтар теңізді тамашалап, бір сәт қала маңындағы әсем, таңғажайып жерлерге саяхаттай алады. Президент айтқан басымдық беретін аймақтардың екіншісі осы. Үшіншісі – «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Бурабайдың да өзін­дік айшықтары, артықшылықтары көп. Қазір елімізде жаңартылған энергия көздеріне, қайта өңдеуге басымдық беріліп жатқанымен, бұл қатардан туризмді сызып тастамай, барынша дамытуға болады», деді Қ.Сәдуақасов.

Елде 14 ұлттық парк бар. Бұл парк­тер ел аумағының 10 пайызын алып жатыр. Олардың ауданы жағынан Алматы облысының үлесі басым. Бірер жылда ірі ұлттық парктерде визит-орталықтар ашыла бастайды. Мұндай орталықтағы мамандар туристерге парктің аумағындағы қауіпсіздік ережесін, талап, қағидаларын түсіндіріп, жол сілтейді. Нәтижесінде, туристер бұрынғыдай оқыс оқиғаларға ұрынбайды. Сондықтан «Kazakh Tourism» компаниясының басшылығы елде оң нәтиже бере бастаған тәжірибені жал­ғастыруға ниетті. Оның үстіне жо­ғарыда ұлттық паркке саяхаттайтын туристер көбейгенін айттық. Мысалы, 2019 жылы ұлттық парктерге 700 мыңға жуық турист барса, пандемия кезінде туристер ағыны 2,4 миллионнан асқан.

 

Инвесторға қолдау көп, қызықтыра алсақ...

«Саланы ілгерілететін тағы бір бағыт – инвестиция. Инвесторларға мемлекеттен де қолдау бар. Жаһандық туризмде курортты елдермен тереземіз тең деп айта алмаспыз. Инвесторлар да туризмі дамыған елдерге қаржы салуды құп көреді. Алайда пандемиядан кейін туристер адам аяғы баспаған жұмбақ, сыры бүгулі жатқан өлкелерге қызыға бастағанын біз де байқадық. Біздегі ұлттық парктерде жүздеген ша­қырымды жаяу еңсеріп, жолай бірде-бір адамды кезіктірмеуіңіз мүмкін. Елсіз жатқан табиғаты таңғажайып аумақтар жетерлік. Бұл – бір басымдығымыз. Әлем бойын­ша Канада, Аустралия секілді халықтың тығыздығы бойынша алшақ қоныстанған елдердің кемі бестігіндеміз. Табиғаты бай өлкелерді танытып, қалай инвес­тиция тартамыз деген сауал бәрімізді толғандырады. Біз жарнамаға қыруар қаржы жұмсамаймыз. Салыстырмалы түрде жарнамаға көршілес Өзбекстан, Әзербайжаннан аз шығындаламыз. Қолда барды дұрыс ұқсата білсек, оң нәтижеге жетеміз. Оның үстіне қазір цифрландыру бағытында да іске асып жатқан жұмыс сан алуан. Цифрлық технологиялардың, жасанды интеллектінің мүмкіндігін туризмде де пайдаланамыз», дейді Қ.Сәдуақасов.

Қорыта келе, елдің инвестициялық әлеуетіне тоқтала кеткеніміз жөн. Еліміздің негізгі инвесторлары – Нидерланд, АҚШ, Швейцария. Көптеген халықаралық кор­порация экономиканың түрлі сек­то­рында табысты жұмыс істейді. Бүгінде 45 мыңнан астам шетелдік компания мем­лекеттің кәсіпкерлікті қолдауға бағыт­талған мүмкіндігін пайдаланады. Егемен­дiк жылдарынан көпвекторлы саясат ұстандық. Әлем елдерімен достық қарым-қатынас орнаттық. Экономикамыз тұрақты. Демек инвестиция үшін тартымды.

Ел аумағынан 13 транзиттік дәліз өте­ді. Кейінгі 15 жылда мемлекет 35 млрд дол­ларды көлік және транзиттік ин­фра­құрылымды дамытуға салған. Та­би­ғат бай­лығы жетерлік, жаңармалы энергетикада әлеует жоғары. Әлемде ауыл шаруа­шылығы жерлерінің кө­лемі бойынша алтыншы орындамыз. Ин­весторларға мемлекеттен жеңілдіктер қарастырылған. Ол аздай, еліміз инвес­торларды қолдаудың тағы бір тың тәсілін енгізді. Енді инвестициялық келісімдерді тікелей Үкіметпен жасасуға болады. Қысқасы, инвестиция тарту ісінде өндіріс, өнеркәсіппен қатар, туризм саласы да қалыс қалмайды. Туризмге қатысты жоба-жоспары тартымды инвесторларды мемлекет қолдауға дайын. Тек оларды тартудың, қызықтырудың қам-қаретін жасау қажет. Өйткені туризмге қаралған қаражат, инвестиция нақ бүгін болмаса да ертең жемісін беретіні анық.